Үлкен жүректі адам ғана ұлтын сүйе біледі

Кеңестік заманның халқы ұлтына емес, партияға қызмет етуге тиіс болды. Әсіресе басшылық лауазымдарда отырғандар тек социалистік идеологияны ғана дәріптеді. Бірақ, соған қарамастан, өзінің туған халқына деген сүйіспеншілігін, адалдығын іспен көрсеткен жандар баршылық. Осындай азаматтың бірі ретінде  табандылығымен өзінен жоғары басшыларды мойындатқан, жерлесіміз Есет Мұсағұловты атар едік. 

«Төрт адамның үшеуі қазақ болсын!» — деді Д.Қонаев

Есет Мұсағұлұлы 1936 жылы Меңдіқара ауданының Тұрымбай ауылында туған. Кәмпескелеу жылдарында әкесі отбасын алып, еріксіз көршілес Қорған облысына көшуге мәжбүр болыпты. Бірақ 1934 жылы өзінің ағайындарымен елге қайта оралған екен. Ол кезде Талапкер колхозының құрылған уақыты да, Мұсағұл шаруашылыққа басшы болады. 1943 жылы Есет бірінші сыныпқа барады. Сол жылы қыста мұғалімі қайтыс болып, оқуы тоқтап қалады. Келесі оқу жылын Меңдіқарадағы орыс мектебінде жалғастыруға тура келеді. Жеті сыныпты бітіріп, аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училищеге түскен екен.

Алғашқы еңбек жолын Қамыстыкөлдегі жеті жылдық қазақ мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болудан бастап, 1957-1960 жылдар аралығында жаңадан құрылған Қаратал кеңшарында хатшы, бөлімше бастығы, директордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1958 жылы — Қазақстан комсомолы ІХ съезінің делегаты. 1960 жылы — Меңдіқара аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1963-1967 жылдар аралығында — аудандық партия комитетінің инспекторы, Қаратал кеңшарының хатшысы. Ол заманда аудандық атқару комитетінің басшылары арасында қазақ ұлтынан санаулы ғана адам екен. Олардың барлығы ешкімнің демеуінсіз, орталық партия комитетіне өздерін жақсы қырынан, еңбекқорлығымен мойындатқандар. Сондай талапшыл, жаңашыл, бастамашыл басшылардың қатарында Есет Мұсағұлов та бар еді. Өзінің шыншылдығымен, қайтпас мінезімен аудан, облыс басшыларын мойындата бастаған шағы, міне, сол қылшылдаған дәурені еді. Облыста отырған басшылардың көзіне түскен жас талапқа үлкен даңғыл жол ашылды. Алғашқы қадамдардың бірі — 1971 жылы Алматыдағы партия мектебіне жіберіледі.

— Партия мектебіне барамын деген ойымда болған жоқ. Ол кезде облысты Андрей Бородин басқаратын. Бірде сол бірінші хатшы шақырып жатыр деген соң, орталыққа келдім. Бородинге кірдім. Байқаймын, алдында менің жеке ісім жатыр. Маған қарады да: «Есет, ауылда отыра бергенің жарамас, партияның жоғарғы мектебіне оқуға барасың», — деді. Ол кезде мен бөлімше басқарамын әрі ауылшаруашылық институтында сырттай оқып жүргенмін. «Андрей Михайлович, диплом алуыма бір жыл қалды. Оның үстіне партия жұмысынан гөрі шаруашылық жұмыстарында істегім келеді», — дедім. «Бұл — Орталық комитеттің тапсырмасы, қалайда барасың!» — деп, дегенінен қайтпады. Артынан естимін, Дінмұхамед Қонаев облыстарға «арнайы партия мектебіне қазақ азаматтарынан алынсын» деген тапсырма беріпті. «Жолдама алатын төрт адамның үшеуі қазақ болсын» деп және шегелеп көрсеткен екен хатта. Міне, ұлтжанды азамат! Ал ол кезде ондай оқуға бару оңай емес, сенің бүкіл өмірбаяныңды аудан, облыста, республикада тексереді, мінездемеңді қарайды. Сол жолы Димекеңнің пәрменімен басталған жаңа өмір жолым жаман болған жоқ.

Мінезі өткір Есет шыншыл болатын

Әрине, саяси оқуды бітіріп келген Есет Мұсағұлов облыстық партия комитетіне инспектор қызметіне жіберілді. Ол кезде ұлттық кадр саясаты тікелей орталық комитеттің назарында. Дегенмен Есет те алдыңғы буын ағалары, ел азаматтары Әубәкір Қасымқанов, Оразалы Қозыбаев, Қасымбек Бұхметов қатарлы ұлтжанды азаматтардан көп жақсылық көргенін айтады. Ол кісілер «Есет, сенің мінезің өткір, тіліп айтатының бар, ондайда сақ бол» дейді екен. Бір жағы Мұсағұлов өзінің мықтылығын тік мінезімен дәлелдеген адам. Оған кейін облысты басқарған В.Демиденко «Есет Мусагулович, у вас резкое суждение. Это в нашей жизни не приветствуется» деп ескерту жасаған екен.

1971-1978 жылдары Орджоникидзе аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1978-1983 жылдары Ұзынкөл аудандық партия комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған жылдар Есет Мұсағұлұлы үшін нағыз шарық болаттай қайралған кезең. Бірде облыстың бірінші хатшысы А.Бородин шақырып алады да, Орджоникидзе (қазіргі Денисов — Қ.Қ.) ауданына екінші хатшы болып баратынын айтып, сол ауданның басшысына қоңырау соғып, «Мұсағұлов сендерге баруға келісіп отыр» депті. Бір жағы облыс басшысының шешіміне қарсы ештеңе айта алмайсың. Бар деген жеріне үндемей бару керек. Әйтпесе, партбилетіңді тартып алады — бітті, одан кейін саған жұмыс бермейді. Екіншіден, бұл жас маманның облыс басшысының сеніміне кіргендік. Бородиннен кейін басшы болып келген адуынды мінезді В.Демиденко кадрларды карта сапырғандай ауыстырып, екі-үш айдан кейін аудандарды аралауға шығады. Ол кезде Есет Мұсағұлов Ұзынкөл ауданында екінші хатшы екен. Дәл Демиденконың тұсында Ұзынкөлге де бірінші хатшы тұрақтамапты.

— Өңірге келген сапарында біздің ауданның бірінші хатшысы ауырып қалған еді, Демиденконы мен қарсы алдым. Ауылдарды аралаттым. Ананы-мынаны көп сұрады. Бәріне жауап бердім. Ұзынкөлде түнеді де, келесі күні кетті. Артынан аудан басшыларын бір-бірден шақыра бастады. Мен де алдына бардым. Ол кісі маған қызмет ұсынғысы келген екен. Мен керісінше, сырқаттанып жүргенімді айтып, жұмыстан босатып, қаладан баспана беруін сұрадым. Ол маған «бір қыс шыда, ауданның жаңа басшысына өңірді таныстыр, қолғабысыңды тигіз, содан кейін ойланамыз» деді. Артынан естідім, ол мені Сарыкөлге басшы қылып жібергісі келген екен. Бірақ жағдайымды білген соң, қалада жаңадан салынып жатқан үйден төрт бөлмелі пәтер берді.

«Газет Жангисин, Мұсағұлов, Молдахметовтың меншігі емес»

Есет Мұсағұлов Орджоникидзе ауданында екінші хатшы болып жүргенде «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы») газетіне сол ауданның тумасы Бақытжан Жангисин басшылық еткен кез екен. Сол тұста Орджоникидзе және Таран аудандарына меншікті тілші болып соғыс ардагері, журналист Ғалымжан Молдахметов тағайындалады. Бірде Ғалымжан ағамыз газетке жаздыруды сұрап Есет Мұсағұловтың алдына келеді ғой.

— Совхоз, колхоздар газетке қанша жаздырады деп санатсам, аудан көлемінде жүзден аспады. Онда халықтың 12 пайызы ғана қазақ болатын. Өз елімізде ана тілді басылымның осыншама аз таралғанына намыстанып кеттім. Нұсқаушыны шақырып, ауылдардың, бөлімшелердің басшыларына тікелей қоңырау шалып, барлық мекемеге «Коммунизм таңына» жазылуды міндеттеттім. Сөздің шыны керек, біраз басшыларды сілкілеп алдым. Бір қарасақ, ауданда таралым 1000 данаға дейін көтеріліпті. Артынша «Бұл халықтың, партияның басылымы емес, Жангисин, Мұсағұлов, Молдахметовтың жеке газеті болып кетті» деп үстімнен ұлтшылдық деген арыз қарша борады. Обкомнан қоңырау шалынып, «Неге ұлтшылдыққа барасың?» деп айыптағанда, «Газет ұлттық тілде шықса да, партияның идеологиясын қолдайды, жұмысын жазады, көрсетеді, ал неге сол партияның газетіне жазылмасқа?» деп жауап айтып барып, құтылдым, — дейді сол уақытты есіне алған Ес-ағамыз. Кинодан шыққан дау Жетпісінші жылдары қазақ өнерінде шоқтығы биік «Қыз Жібек» фильмі жарыққа шыққанмен, ол халыққа, әсіресе байырғы ұлтының үлесі аз Қостанай өңірінде кең көлемде көрсетілген жоқ. Ал Орджоникидзе ауданына жылына қазақтілді бір-екі кино ғана келеді екен. «Қыз Жібекті» көргіміз келеді деп ауданның ақсақалдары екінші хатшыға келеді ғой. Е.Мұсағұлов облыстық кино саласына жауапты басқармаға шығып, әйтеуір жаңа туындыны алдыртады.

— Бірінші хатшыға ескертіп қойдым. Ұлты басқа болғанмен, ол да кино көруге барамын дейді. Ендігі мәселе — ауылдардан көрермен жинау. Автобустарды кезектен тыс ауылдарға жұмсауға тура келді. Оларға «көрермен әкелесіңдер, кино біткесін қайтадан апарып тастайсыңдар» деп тапсырма бердім. «Ұлтқа бөлмеңдер, бірақ кино қазақ тілінде болады деп айтыңдар» дедім. Екі күн бойы фильмді тегін айналдырдық. Бір қызығы, түрлі-түсті киноны қазақтармен қатар басқа ұлттың өкілдері де қызықтап тамашалады. Артынан тағы да «Мұсағұлов ұлттық киноны тегін ұйымдастырды» деп үстімнен арыз түсті. Сонда істің мән-жайын сұрастырып білген Бородин арызды алып, «Киноға тек қазақтар ғана барған жоқ, бауырлас ұлттар да болыпты ғой» деп арызды жыртып-жыртып лақтырып жіберген, — дейді. Сексенінде де салауатты өмір жолында Есет ағамыз кеңестік партияға табандай 30 жыл қызметін арнаған жан. Қазір де аттан түскен жоқ, сақтандыру мекемесіне жетекшілік етіп отыр. Ұзақ жылғы атқарған жемісті еңбегі үшін орден-медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен екі мәрте марапатталды. Жұбайы Зора Сексенбайқызы да көп жылдан бері сақтандыру саласында басшы қызметінде. Балалары ел қатарлы еңбек етіп жүрсе, немерелерінің алды қызметте, кейінгілері республикамыздан асып, шетелдің озық оқу орындарында білім алуда. Ағамыз сексенге келсе де, салауатты өмір салтынан қол үзген жоқ. Футбол, волейбол ойнаудан қалыспайды. Мұсағұл әулетінің жиені, отставкадағы полковник Амангелді Меңдібаев Есет нағашысының бала күнінде шаңғы теуіп, елді қайран қылғанын ұмытпапты.

Ол кезде Талапкер ауылына нағашымның үйіне демалуға барғанда, ол кісілердің маған велосипед алып бергені есімнен кетпеген бір қуаныш. Және Есет нағашымда зат тапшы заманда доп болды, соны күні бойы қуалап ойнағаныма мәз болатынмын. Ал ол кісі Меңдіқарада оқып жүргенде, қыстыгүні елу шақырымға таяу Талапкерге шаңғы теуіп келетін, — деп еске алады Амангелді.

Қыдырбек Қиысханұлы