Үкіметтік Ұлттық Комиссия «ЕлАна» сайтының тұсауын кесті

28 мамыр күні ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі ұлттық кезекті комиссияның отырысы болып өтті. Алқалы жиынға еліміздің бар өңірінен әр саланың жетік мамандары, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрліктердің орынбасарлары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында күн тәртібіне:

  1. Бюджетті гендерлік жоспарлау және оны Қазақстан Республикасында енгізудің перспективасы туралы;
  2. Ерлердің ұрпақты болу денсаулығын жақсарту бойынша іс-шаралар туралы;
  3. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының жұмысы туралы;
  4. «ЕлАна» сайтының қызметі туралы баяндамалар енгізілді.

Отырыста негізгі бағыт отбасы төңірегінде өрбіді. Жиналған зиялы қауым отбасы қоғамның іргетасы, мемлекет қуатының маңызды факторы екеніне ерекше назар аударды. Сондықтан да отбасын нығайту және мәртебесін көтеру, әйел- аналарға, балаларға жан-жақты жағдай жасау тәуелсіз Қазақстанның даму басымдықтарының бірі ретінде қаралды. Баяндама жасаушылар қоғамдағы ана роліне ерекше бағыт берді.

2

Арнайы слайд арқылы әр өңірдегі аналардың тұрмыс-тіршілігі, олардың мұқтаждықтарына мемлекет қаншалықты көңіл бөліп жатқаны баса айтылды. Кей сәттерде зорлық-зомбылыққа душар болған аналарға көрсетіліп жатқан көмек, олардың жұмысқа тартылуы, тәрбие сағаттары жайлы да көлемді баяндамалар тыңдалды. Жиын ортасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова «ЕлАна» сайтына ерекше құрмет көрсетті. Ашылғанына аз уақыт болса да, бүгінгі қоғамдағы әйел тағдырына алаңдап, ұлттық бояуын жоғалтпаған тартымды дүниелерімен көпшіліктің ықыласына бөленгенін баса айтты. Гүлшара Наушақызы «ЕлАна» сайты туралы ойын былайша өрбітіп:

— «ЕлАна» сайты жаңашылдығымен, қоғамдағы келеңсіздіктерден жастарды жирендіруімен, ана мен бала тәрбиесіне ерекше назар аударуымен тартымды. Ұлттық тәлім-тәрбие де осында тұр. «ЕлАна» сайтының бас редакторы Сәуле Мешітбайқызы көп жылдардан бері «Қазақстан ZAMAN» газетінде Бас директордың бірінші орынбасары қызметінде. Көп жылдар ұлағатты ұстаздық жолда шыңдалған Сәуле Мешітбайқызы қазір елімізге аты танымал, қарым-қабілеті мол, белгілі журналист. Жыл сайын «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен арнайы экспедиция жасақтап, еліміздің бар аймағын аралап, түйткілді мәселелерді, қордаланған проблемаларды газет арқылы сараптама мақалаға айналдырып, халық пен биліктің арасына алтын көпір бола білді. Қазірдің өзінде «Қазақстан ZAMAN» газеті — «ЕлАна» сайтының серіктесі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген осы. Сәуле Мешітбайқызы ел мен жердің, халықтың тұрмыс-тіршілігін, ана мен баланың бүгінгі хал-ахуалын жетік білетіні даусыз. Келешекте «ЕлАна» сайты Елбасы саясатын, біз үнемі талқылайтын отбасылық-демографиялық саясатты халыққа насихаттап отырады деген ойдамын. Көп жылдық жинақталған тәжірибенің арқасында «ЕлАна» сайты дүниеге келді. Бүгін, міне, тұсауын кесіп отырмыз», — деп ағынан жарылды.

3

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында «ЕлАна» сайтының көпшілікке таныстырылуының мәнісі бар. Қоғамдағы ана мен бала тағдыры, ұлттық салт-дәстүр жаңашыл сайттың алғашқы күннен басты тақырыбына айналғаны рас. Бұл жайлы «ЕлАна» сайтының Бас редакторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, бүкіл болмысымен, парасатымен, қажыр-қайратымен баршаға үлгілі ЕлАнасы — Сәуле Мешітбайқызы баяндамасында ерекше тоқталды.

— Құрметті Гүлшара Наушақызы, құрметті комиссия отырысына қатысушылар! Бүгін сіздердің отырыстарыңызға қатысып, «ЕлАна» сайтын таныстыру ұжым үшін де, мен үшін де үлкен құрмет, зор ғанибет! Елбасының «Ұлт жоспары — қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласының «Қоғамға есеп беретін ашық мемлекет» тарауында елдің транспаренттілігі мен есептілігінің негізгі талаптарының бірі халықтың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейту болып табылатындығы айқын көрсетілген. Осы ретте мен «Адалдық, отбасының бірлігі, елге қызмет ету, Отанды сүю деген мәселелерде жақсы-жақсы шығармалар болу қажет» деген Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзінен үзінді келтіргім келеді… Сонымен, сайт ашылды. Мен осы жерде үлкен ризашылығымды бірден айтқым келеді. Сайттың оқырманға бірден-бір жол тартуына Мемлекеттік хатшы және Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара ханыммен кездесуіміз, ол кісінің аялы қамқорлығы ерекше екпін берді. Ұлыстың ұлы күні Наурызда оқырмандарымызбен жүздестік. Сәуір айында министрлікке тіркеліп, сертификатын алдық. Міне, бүгін сіздер тұсауын кескелі отырсыздар. Ел аралағанда ұлттық құндылықтар, отбасы, демография туралы көп сұрақтар түседі. Соның ең бастысы — әйел теңдігі, әйел бақыты, әлеуметтік жағдай. Алдағы уақытта сайтымызда тәрбиелік мәні зор тартымды мақалаларға ерекше екпін беріп, әйел-ананың көрнекті де іскер портретін жасауға күш саламыз. Сондай-ақ, Ұлттық комиссияның бүгінгі алқалы жиынында ел назарын аударатын көкейтесті мәселелер жарқырап көрінді. Біз бұл мәселелерге терең көңіл аударып, алдағы уақытта зор көңіл бөлуге тырысамыз. Осындай өзекті мәселелерге мұрындық болып отырған Гүлшара Наушақызы басқарып отырған Ұлттық комиссияға ризашылығымды білдіремін, — деді Сәуле Мешітбайқызы сөзінің соңында.

«ЕлАна» сайтының ресми түрде БАҚ сапында өз қызметіне кіріскенін қуана қолдаған, алдағы уақытта серіктесі ретінде бірлесе жұмыс істеуді шаттана жеткізген «Қазақстан Zаmаn» газетінің ұжымы Сәуле Мешітбайқызын шын жүректен құттықтайды!