Қыздар өздерін өздері сүйдіреді…

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде «Ер балаларды сүйіңдер» деп айтқан. Сонда сахабалар: “Уа, Алланың елшісі, неге қыз балаларды бірге қосып айтпадыңыз?” деп сұрағанда «қыздар өздерін өздері сүйдіреді, олардың жаратылысы сүйікті» деп айтқан екен.

          Бала тәрбиесіне байланысты өткен жарияланымда біз Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с) әдемі өнегелерін, жалпы ислам дініндегі тәрбие туралы айтқанбыз. Бұл жолы да Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) ұл бала демей, қыз бала демей, бәріне бірдей мәміле жасап, оларға лайық болған құрметтілікті көрсеткені туралы деректерді назарға ұсындық. «Егер еметін балалар, белі бүкірейген қарттар, шөп жейтін жануарлар болмағанда еді, онда бастарыңа бәле сел сияқты жауатын еді» деп,  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Аллаһтан келетін бәлелерден сақтайтын ең бірінші кезекте балалар екендігін еске салады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қызға көрсеткен құрметтері

        Аллаһтың рақымымен бүтін жер бетіне тәрбиеші және өнеге ретінде жіберілген Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз шын мәнінде бүкіл адамзатқа шынайы тәрбиеші ретінде үлгі болды. Оның өмірі басынан соңына дейін тәрбиеге толы. Құранда Аллаһ тағала «Шын мәнінде Аллаһты ахирет күнін армандайтындар және Аллаһты көп зікір ететіндер үшін сізге Аллаһтың елшісінде өте әдемі өнеге бар» деп айтады.

Аллаһ елшісінің мына өнегесін үмметтері қалайша үлгі тұтпасын. “Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сапарға шығып бара жатқан кезде ең соңынан қызы Фатимамен қоштасып, сапардан қайтқан кезде де ең алғаш онымен амандасады екен” (Әбу Дәуіт). Және бір хұсни хадисте «Кімнің үш қызы (кей бір деректерде екі қыз деп айтылады) болып, оларға жақсы қарым-қатынаста болса, ер балаларын олардан жоғары санамай, оларға жақсы тәрбие берсе, Аллаһ тағала оларды әке-шеше үшін тозаққа перде етіп, жәннатқа апарады делінеді. Бұл тұста қыз балаларға мейірімділік жасаған  әке-шешелердің алатын сыйлықтарын сүйіншілейтін мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Мұсылмандар анасы Айша (р.ғ) былай дейді: «Жаныма екі баласы бар бір әйел келіп, менен бір нәрселерді сұрады. Қолымда бір құрмадан басқа ешнәрсе жоқ еді. Оны әйелге бердім. Ол кісі екі қызына бөліп өзіне ешнәрсе қалдырған жоқ. Кейін шығып кетті. Шамалы уақыттан кейін Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) ішке кірді. Оған  болған оқиғаны түсіндіріп бергенімде былай дейді: «Кімде кім қыздарына жақсы қарым-қатынас жасайтын болса, олар отқа қарсы перде болады» дейді (Бұхари).

Исламға дейінгі көптеген қоғамдарда ер балаларды қыздардан жоғары санады. Бұл жайт жәһилия (исламнан бұрынғы кезең) кезеңіндегі арабтарда   қатты күшейген. Қыз балаларды тірілей көмуге дейін барып, бұл сұмдық қатыгездік іс оларда қарапайым, әр кімнің де істеуіне рұқсат етілген іс-әрекетке айналады. Ислам дінінің қанат жаюы қоғамдағы осындай өрескелдіктерге, әйел-еркек теңсіздігіне тиым салды. Уақыт өте келе жоғарыдағы айтылған қатыгез түсініктер  жойылып,   «Қыз бала болсын, ер бала болсын  Аллаһтың берген бір сыйлығы» хадисіне сәйкес қыз балалар да құрметтеле бастады. Бұл ретте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өз қыз балаларына жасаған ілтипаттары, қарым-қатынасы және оларға берген үгіт-насихаттары тәрбие мәселесінде үлкен өнеге болғаны сөзсіз. Аллаһ елшісінің (с.ғ.с): «Егер мен ол екеуінен біреуін жоғары деп санайтын болсам, қыз балаларды жоғары санаушы едім” деген хадисінің өзінде қыз балаға ата-ана мейірімінің мол болуы қажеттігін айқын аңғартып тұр емес пе.