ҚЫЗ ҰЯТЫ …

…Қыз ұяты. Қандай керемет еді! Әйел адамды сұлу ететін оның қылығы мен өзін ұстай білуі-ау шамасы. Әйтпесе, қазақта сырты сұлу ару аз ба. Бірақ, ішкі сұлулықпен үндеспеген жерде сыртқы сұлулық бір көрмекке ғана. Сырты сұлу, іші бос… Бір екі ауыз сөйлескен соң немесе оқыс, оғаш қылығын көрген кезде әлгі сырты сұлу қызға қызығушылықтан гөрі оның жан дүниесінің мүгедектігіне деген аяушылық пайда болады. Қыз баланы мінез бен ақыл сұлу етеді. Көркем мінезді қыз айналасындағы адамды үйіріп алады. Ал ақылды әйел — теңіз түбінде жатқан жақұт тәрізді. Олар өте сирек. Бірақ, соншалықты сұлу. Рухы сұлу. Іс-әрекеті парасатты. Ауызына келгенін айтып, ойына келгенін істейтін ақымақтықтан, жеңілтектіктен ада. Өсек-аяң, көрсеқызарлық, көреалмаушылық, кекшілдік сияқты рухани мүгедектіктен жоғары тұрады. Жылтыраған бетінің сұлулығын сатып, ананың-мынаның алдында қылымсымайды. Қымсынады. Әкесінің оң жағында отырған көп қыздай жырқылдап сөйлеп, тарқылдап күліп, әйел баласына тән нәзіктіктен қол үзіп алмайды. Ақылдымсып, көсемсіп, сөзге қонақ бермейтін, бірақ сөзінің дәм-татуы жоқ қыздың сөзінің де өзінің де қадірі қашады. Зәрі бетіне шапшып, ақылын ашуға жеңдіретін көкбет қызда не қадір-қасиет қалады. Қыз бала мына дүниенің көз қуанышы іспетті. Оның сұлулығы ең алдымен ақылында. Ақылды қызға құдай көрік бермесе де сұлу. Сыртқы сұлулық уақытша. Ал ақыл, ол адамның соңғы күніне дейін бірге. Сырты — сұлу, ақылы — таяз әйелдің өмірінің соңы – өкініш. Ал ақылына көркі сай әйел күлімдесе – Күн, жымыңдаса – Жұлдыз, адастырмайтын – Айың. Ол шуағын шашса, өмірің нұрланады. Ол сөйлесе – бейне мың мөлдір бұлақ сыңғырлап жарыса аққандай жаның рахаттанады. Оның әр қимылы табиғаттың қайталанбас құбылысындай. Оның түпсіз терең мөлдір көзінен сабыр мен ақылдың, мейірімнің шуағы шашырап, жаныңды нұрландырады. Абайсызда көзің түйісе қалса, жүрегіңе шоқ түседі, ұялып қалып көзін төмен түсіргенде оның кірпіктері жүрегіңе махаббат садағының оғындай қадалады. Оның қып-қызыл еріндері саған ғашық екенін жасырғысы келіп дір еткенде… одан әрі елітеді. Арлы қыз ауылының, азаматының — бағы, арсыз қыз — ата-ананың соры. Қыздың тән сұлулығын құпия, тылсым етіп, қызықтырып, елтіп тұратын үстіндегі киімі. Қыз әбүйірін қымтай түскен сайын тартымды, құпия. Қызды арсыз көзден арашалап тұратын – киімі, ал арсыздықтан арашалайтын – өзінің ақылы…
Әділбек Қаба
(«Қабір қазған»кітабынан үзінді)

Адилбек Каба суреті.