Қырандай биіктерден көріне бер, Сабыр Адай!

Сабыр Адай! Қазақтың атына заты сай, төл теңізіндей буырқанған осы өр ақынының отты жырлары қаныңды қозғап, намысыңды қамшылап, рухыңды аспандатып, алпыс екі тамырыңды иітетіні сөзсіз. Сонау Маңғыстауда тұрып-ақ айдай әлемге аты шығып жатқан Сабыр ақын Президент сыйлығының және Махамбет сыйлығының иегері. Ақтау қаласының тұрғыны.

«Таңғы нөсер», «Кетемін көкке жұлдыз боп», «Жұмбақ түннің жылуы», «Әр Қазақ – Менің Жалғызым», «Қазақстан  − Жалғыз ұлы Қазақтың», «Серттесу» (таңдамалы), «Алтынзер» атты толымды жыр жинақтарымен қоса, «Қарапайым қағидалар» атты шағын кітапшасы жарық көрді. Оқырман жылы қабылдады. Сабыр Адай – «Адай Ата – Отпан тау» это-мәдени орталығын салу идеясының авторы және ұйымдастырушысы. Елбасы құттықтап, алты алаштың азаматтары жиылып ас беріп, бабалар рухын, ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап, ерлік пен елдіктің құрметіне ұран от жағылды. Отпан таудың басына орда тігіп, жастарға бата беріп, өмірден өткен Аруақтарға дұға бағышталды. Амал мерекесі, қарашаңырақ, қарақазан, көрісу сияқты дәстүрлеріміз, ұлағатты ұғымдар ұлт санасында қайта жандана бастады. Қоғам қайраткерінің оқырманға жол тартқан «Керуен көшеді…» («Адай Ата – Отпан тау» этно-мәдени орталығы және деректер мен қағидалар) атты жаңа жинағы қолымызға тигелі отыр. Бұл жинақ − қағидалар мен деректерден және жекелеген тұлғалардың, бұқара халықтың ұлттық құндылықтарға деген перзенттік махаббатынан, еселі еңбегі мен берекелі бірлігінен, үкілі үміт, уыз тілек, асқақ арманынан құралған. Ақын жаңадан шыққан кітабымен қалың оқырман қауымының назарын өзіне аудартты. Оның «Нәзира» атты кітабына түйін сөздер түріндегі жыр топтамасы енді. «Әр қазақ – менің жалғызым» дейтін атақты лебізі ұлт ұранына айналып кеткен ақын бұл жинағында да қайсар мінезі, өр шабытымен туған халқының мұңы мен мұқтажын найзағайдай жыр қылышын жарқылдатып тамаша жеткізе білген.

Қысқа да нұсқа шымыр жыр шумақтарынан тұратын жинақтағы түйінді ойлар, елім деп еңсе түптеген әр қазақтың жүрегінен орын алары сөзсіз. Сабыр Адай ұлы даласының ұлылығын ғана жырламай, ұлтының әрбір жанайқайына жүрегімен үн қатып, жаны шырқырап ортақтасады, елін қаһарлана қорғап, ештеңеден тайынған емес. Біз де Сабыр бауырымыздың әрдайым осындай теңіздей шамырқанған шабытынан жаңылмай, қырандай биіктен көріне беруіне тілектеспіз.

Жүктеп алу

Сабыр Адайдың ”Нәзира” атты ұлтнамасын жүктеп алу үшін жоғарыдағы “жүктеп алу”  батырмасын басыңыз!