Қырандай қырағы, көкбөрідей қайсар бол, «ЕлАна!»

Ассалаумағалейкум, қадірлі оқырман!

Сүйінші, ағайын! Бүгін, Әз-Наурыздың арайлап атқан таңымен бірге көптен бергі мұратымыз болған – «ЕлАна»  Ақпараттық, қоғамдық-әлеуметтік, танымдық сайты оқырмандарға жол тартты… Осындай қуанышты күн Наурыз мерекесі – төл жаңа жылымызбен сәйкес келіп отыр.

Сіздерді Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын! Әр отбасына бақытты өмір, берекелі тіршілік болсын!

Асқақ рухты еліміз бірлік пен тұтастық жолынан таймай, Елбасының көреген саясатын қолдап жүрсе, тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз баянды болатынына сенімім зор.

Қазақша көптеген сайттар ашылып жатыр. Көтеріп жатқан жүктері де сан алуан. Ал, «ЕлАна» сайтының басты ерекшелігі — елдің мұң мұқтажын, көкейкесті мәселелерді, жұрттың жанайқайын, қарашаның талап-тілектерін мейірім мен шуаққа толы аналық жүрекпен билікке жеткізу. Яғни, Ел мен Билік арасында алтын көпір болып, аталған көкейтесті мәселелердің салиқалы түрде шешілуіне мұрындық болу.

Сонымен басты мақсатымыз:

-Әлеуетті әлеумет, ұлағатты ұрпақ, баянды болашақ;

-Болашақ ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде дәстүр мен қазақы қалыпқа сай тәрбиелеуді жүзеге асыру;

− Қазақ аналарының ғасырлар бойы қалыптастырған тәрбие мектебін жаңа қырынан жаңғырту;

− Ел мен жердің төл тарихын жастардың бойындағы патриоттық пен өткенге құрмет сезімін оята отырып таныту;

− Мәдени мұралар мен ұлттық өнерді заманға бейімдеп дәріптеу;

− Ұлттың рухани тұғырының тұтастығын көздей отырып болашақ ұрпаққа имандылық пен ізгілікті мұрат еткен азаматтық позиция негізінде тәрбие беру;

− Аналар мен балаларды қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың бірегей насихатшысы болу;

— Үкіметтің Отбасы және демография комиссиясымен бірлесе жұмыс істеп,тұрақты байланыста болу;

− Әртүрлі саяси, әлеуметтік және қоғамдық құбылыстарды оқырманға сын сүзгісінен өткізе отырып ұсыну;

− Қоғамда аналарға, балаларға қамқорлықтың артуына игі әсер ету;

− Ұлттық болмысымызға жат құбылыстармен күресу…

Әрине, сайт бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз оқырманын ақпаратпен қамтуға ғана қауқарлы, ол мемлекеттік органның немесе коммерциялық құрылымның міндетін атқара алмайды. Десек те, қазақ анасының өз мәртебесін қоғамда қалпына келтіретіндей ортақ істерді, міндеттерді бірігіп қолға ала отырып, зор мақсат үдесіне шыға алатынымызға сенімдіміз.

Міне, мұның бәрі, құрметті оқырман, өзіңнің қолдауыңмен, ақыл қосуыңмен, белсенділігіңмен, ұшқынды дана ойларыңмен жүзеге асатыны сөзсіз. Біз біріксек ұлы күшпіз, көзі қарақты оқырманым! Бұл сайттың тұтынушысы да, иесі де, басты ақпарат көзі де, құлағы да өзіңсің. Яғни, бұл бір менің немес біздің ұжымның ғана емес, елдің, халықтың сайты.

Ал, енді қалың оқырманым, Наурыз мерекесімен бірге өмірге аста — төк кәусар көңіл-күймен, тұлпар шабытпен, зор мақсат-мұратпен, асқақ арман-тілекпен келіп жатқан «ЕлАна» сайтына табыс пен сәттілік, Ақ жол тілейік…!

Әйдә-ә, шап, қонақжай, жаны жайсаң халқыңды, Ұлы далаңды арала, шаршама, қырандай қырағы, көк бөрідей қайсар бол, «ЕлАнам!»

Орта толсын! Қош келдіңіз!

 Зор құрметпен, ҚР еңбек сіңірген қайраткері,

ҚР журналистер одағының мүшесі,

«ЕлАна» қоғамдық бірлестігінің төрайымы,

 сайт құрылтайшысы

Сәуле Мешітбайқызы