Қостанайда 114-ке толған әжей 5 тілде еркін сөйлейді

Қостанай қаласының тұрғыны Марфуға Селтеткенова биыл 114 жасқа толды. Қария, әлі күнге дейін кітап оқып, ән салады. Тылда еңбек еткен ана қазақ елінің бірнеше мерейтойлық төсбелгілерін кеудесіне таққан деп жазады 24kz.

Марфуға әже өмір бойы қолынан қасиетті кітаптарын тастаған емес. Жасында медреседе діни сауат ашқан ол ана тілімен қатар орыс, араб, башқұрт, татар тілдерін жетік біледі. Ол 1902 жылы Ресейде туып, кейін замана желімен Меңдіқара ауданына келген. Кәмпеске, аштық, соғыстың да куәсі болды, тылда еңбек етті. Алғашқы қосағынан ерте айрылып, шиеттей төрт баласымен екінші рет тұрмыс құрған. Одан алты бала сүйді, сонымен қатар, тағы екі баланы бауырына басты. Ауыр жылдары ауылда колхоз жұмысына жегілді. Киім тігіп, алаша тоқыды.

Марфуға әжейдің шаңырағы осы аймақтағы ең сыйлы отбасы. Ауылға келген қонақтар, тіпті, аңшылар мен балықшылар да қарияға арнайы келіп, амандасып кетеді екен. Қазір ғасырдан астам өмір сүрген Марфуға Селтекенованың 5 баласының көзі тірі. Немере, шөбере, шөпшегі алпыстан асады. Қызы Жібек Құрманованың айтуынша, әжейдің ұрпақтары Қазақстанның барлық өңіріне тараған. «Әжеміздің ұрпағы бір шеті сонау Дубайда тұрып жатыр. Ақтауда, Алматыда, Шымкентте, Челябіде, Астанада, Өскемен, бар жерде тұрып жатыр, ағайындар көп» дейді ол.

Марфуға әжей асты талғап ішіп, айрықша күтінген жан емес. «Табиғи, ұлттық тағам және сабыр, еңбек, мейірім мен тазалық ғасырдан артық ғұмыр кешуімінің басты сыры» — дейді кейуана.