Қош келдің, жайдарлы жаз!

Бүгін – Балаларды қорғау күні. Жаздың алғашқы күнін мерекелік көңіл-күймен бастайтын еліміз бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауды бастап та кетті. Жылдағы дәстүрден жаңылмай Елордасы Астананың көрнекті орындарында концерттік бағдарлама, ойын-сауық, балаларға арналған көрмелер қас қарайғанша өтпек.

Мәселен, бас қаланың үш алаңында мерекелік іс-шаралар басталып кетті. Атап айтсақ, «Астаналық» саябағында «Сәлем, жаз!» мерекелік ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама аясында шығармашылық өнер көрмесі, «Біз үздікті таңдаймыз!» суреттер байқауы, «Star time» флеш-мобы, «Шебер қолдар» шеберханасы, «Күштілер, батырлар, ептілер» зияткерлік және спорттық жарыстар, балаларға арналған «Көңілді анимашкалар»  анимациялық ойындары ұйымдастырылса, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 100 балаға «KZ» қоғамдық қорынан, 50 балаға «Элькаро» тұлғаны дамыту және денсаулық орталығы»  ЖШС-нен  сыйлықтар беріліп, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері балаларға арналған тәттілерді үлестіреді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, ҚР Қаржы министрлігі жанындағы алаңда  «Шуақты Астана!» мерекелік ойын-сауық бағдарламасы өтеді. Шара аясында балаларға арналған ойындар,  «Граффити» тас жолда сурет салу байқауы, би флеш-мобы,  балалар шығармашылығының көрмесі және жас лауреаттардың концерттік бағдарламасы басталса,

 Оқушылар сарайы алаңында балалар мен ата-аналарға арналған «Балалық шақтың бойтұмары»  мерекелік бағдарламасы өтіп жатыр. Оның шеңберінде «Астана – балалық  шақтың қаласы» лагерінің ашылуы,  «Өз астанамды сүйемін» сурет көрмесі, өнер ұжымдарының концерті мен спорттық жарыстар жоспарланған.

         Мереке қарсаңында «Қарақат» мектеп студиясы балаларды Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен сағат 12:00-де өтетін есеп беру концертіне шақырады. Концерт «Бәйтерек» монументі алаңында өтсе, айтулы мерекенің құрметіне барлық балалар үшін қоғамдық көлікте тегін жүру қарастырылғанын еске саламыз.

«ЕлАна»