Қос ведомствоның басшылары ауысты

Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Сыртқы істер және Ұлттық экономика министрлері ауысты. Алғашқы ведомствоға  52 жастағы осы саланың майталманы, 1999-2001 және 2006-2007 жылдары Сыртқы істер вице-министрі  қызметін атқарған Қайрат Әбдірахманов басшы болып келсе, осыдан алты ай бұрын ғана Ұлттық экономика министрі болған Қуандық Бишімбаевтің орнына Тимур Сүйлеменов тағайындалды. Назарларыңызға су жаңа лауазым иелері туралы толық мәліметті ұсынып отырмыз.

Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов 1964 жылы 21 сәуірде Алматы облысы Панфилов ауданы, Жаркент қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін, аспирантурасын тәмамдаған. Қазақ политехникалық институтының оқытушысы болған.

17f79ed33db7ed66eff04d7bfab4e1b4_resize_w_520_h_1993-1998 жылдары — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің үшінші, екінші хатшысы, бөлім меңгерушісі, Азия елдері басқармасы бастығының, Азия елдері департаменті директорының орынбасары, Азия, Таяу Шығыс және Африка басқармасының бастығы — ІV департаменті директорының орынбасары.

1998-1999 жылдары — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі III департаментінің, Екі жақты қатынастар департаментінің директоры.

1999-2001 жылдары — Қазақстан Республикасының сыртқы істер вице-министрі.

2001-2003 жылдары — Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

2003-2006 жылдары — Қазақстан Республикасының Израильдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі.

2006-2007 жылдары — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары.

2007-2008 жылдары — Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі.

2008-2011 жылдары Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және Вена қаласындағы басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі.

2013 жылы Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

2013 жылдың 26 қарашасында Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі қызметіне тағайындалды. Бірнеше медальдармен марапатталған.

Тимур Сүлейменов 1978 жылы 5 сәуірде туған.

3ec8f9e394ef7f5c5a0576410f4f6231_resize_w_520_h_2000 жылы Павлодар мемлекеттік университетін бітірген. 2002 жылы “Болашақ” бағдарламасы бойынша Мэриленд университетін іскерлік әкімшілендіру магистрі мамандығы бойынша бітірген.

2009 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі.

2010 жылдан бастап 2012 жыл аралығында – Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда вице-министрі.

2012 жылғы 1 ақпаннан бастап – Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (Министрі).