Қорасы малға толы мекен

Сайын даласы малға толы еліміз КСРО жылдары тек өзін ғана емес, бүкіл одақты ет өнімдерімен мейлінше қамтамасыз еткен. Алайда аласапыран кезде, яғни КСРО-ның солақай саясатының салдарынан Қазақстандағы мал шаруашылығы қатты құлдырап кетті. Нақтырақ айтсақ, 1991-2000 жылдар аралығында елімізде ірі қара 518 мың басқа, қой мен ешкі — 26,2 млн., жылқы — 600 мың, құс — 42,9 млн-ға азайған.

Иә, содан кейін әупірімдеп, біршама жақсарттық көрсеткішті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәліметті алға тартсақ, бүгінде шамамен 2 млн-нан астам жылқы, 7 млн-ға жуық ірі қара және 20 млн-нан астам қой-ешкі мен 38 млн-дай құс бар екен. Ал ауыл шаруашылығын дамытуға басқа — басқа, Алматы облысының қосып отырған үлесі орасан. Мысалы, Алматы облысында ірі қара мал саны бүгінгі күні бір млн. бастан асқан, оның ішінде асылтұқымды малдың үлесі 18,3%-ға жетті және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.

Естеріңізде болса, осыдан бірер күн бұрын облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен облыс әкімдігінің отырысы өткен болатын. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Атап айтқанда, облыстың 2016 жылғы I жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және II жартыжылдығының міндеттері, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының агроөнеркәсіп кешені өңдеу саласын дамыту бойынша атқарған жұмысы талқыланды. Екінші мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров баяндады. Ол өз сөзінде агроөнеркәсіп саласында шикізат базасын және өндірілген өнім көлемін ұлғайту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру бағытында атқарылған шараларға тоқталды. Мәселен, биылғы жылы ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу саласын қолдауға бюджеттен 1 млрд. 36,7 млн. теңге бөлінген.

мал

— Ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту, егістік алқабын ұлғайту, тауарлы-сүт фермаларын құру істерінде жіберілген кемшілік көп. Микрокредит беру ісін ширату керек. Халыққа шағын несиенің берілу жолдарын, тиімділігін түсіндіріп, тұрғындармен жұмыс істеңдер. Бұл тікелей аудан, қала әкімдерінің жұмысы. Әрбір әкім өзінің құзырындағы аймағын жан-жақты қалай дамытып жатыр, жұмыстың нәтижесін сол тұрғыдан қарайтын боламыз, — деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Бүгінгі күні сөз болып отырған Алматы облысының Жамбыл ауданы да мал шаруашылығы саласы бойынша жақсы көрсеткіштерімен дараланып жүрген өңірдің бірі. Өткен жылы аталған ауданның ауыл шаруашылығында 26 млрд. 693 млн. теңгенің өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 102,4 пайызды құрады. Сонымен қатар, аудан бойынша «Агробизнес — 2020» ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламасы аясында барлығы 1 млрд. 136 млн. 678 мың теңге қаржы игерілген екен.

Енді сандарды сөйлетсек, мал шаруашылығында 87 мың бас ірі қара малы (101,3%), 468 мың 51 бас қой мен ешкі (106,2%), 26 мың 306 бас жылқы (104,5%), 1525 түйе (102,3%), 189 шошқа (42%) және 347 мың 489 бас құс (117,5%) есепке алынып, 18 мың 992 тонна ет (100,1%), 38 мың 814 тонна сүт (101,7%), 56 млн. 910 мың дана жұмыртқа (105,6%) өндірілді. Ауданда асылтұқымды мал өсіретін 17 шаруашылық пен шаруа қожалықтары бар екендігін айта кеткен жөн. Сүт өндіретін «Алатау» мен ет өндірумен айналысатын «Санта-Гертруда» шаруа қожалықтарының жұмыстары көңіл көншітерліктей. Айтпақшы, қазақтың «Ақбас», «Әулиекөл» сиырларынан тұратын асылтұқымды мал басының үлес салмағы 2,7 пайызды құрап отыр.

Елбасының 2014 жылғы Жолдауында айтылған ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін арттыруға және бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға негізделген «Ұлт жоспарының» 60 және 61-қадамдарында сүт пен ет өндірісін дамыту жөнінде тапсырмаларын орындауға аталған Жамбыл ауданы қарқынды кірісіп кетті. Сол маңызды тапсырмалар бойынша Үңгіртас ауылында «Ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы аясында «Империя Фуд» ЖШС-нің 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңы пайдалануға берілгені белгілі. Бүгінгі күні бұл серіктестікте 1680 бас мал бордақылауда тұр, 438 бас мал сойылып сатылып, 107 тонна ет өткізілді. Үстіміздегі жылы ет өндіру көлемін 1289 тоннаға жеткізу көзделуде. Ескере кетерлігі, Мыңбаев ауылындағы «Мыңбай» шаруа қожалығы өткен жылы 600 бас ірі қара малын сойып сатып, 120 тонна ет өткізді. «Империя Фуд» ЖШС мен «Мыңбай», «Еңбек» шаруа қожалықтарының бір мезгілде 5000 бас малды бордақылауға қою мүмкіндіктері бар.

Өткен жылы Қарақыстақ ауылында «Табыс» шаруа қожалығының 600 басқа арналған сүт тауарлы кешенінің құрылысы аяқталды. Жобаның жалпы құны 1 млрд. 780 млн. теңгені құраса, оның 1 млрд. 508 млн. теңгесі «Қазагрофинанс» акционерлік қоғамы арқылы алынып, 272 млн. теңгесі кәсіпорынның өз қаражаты есебінен игерілді. Шаруа қожалығы өткен жылдың аяқ шенінде жылдың ақпан айында Еуропадан ірі қара малының 600 бас тұқымын сатып алғаны ресми мәліметтерден белгілі. Енді кезекте айтпағымыз, мал шаруашылығындағы мемлекеттік бағдарламалар да нәтижелі орындалды деп сеніммен айтуға әбден болады.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауданда 2011-2015 жылдары 2 мың 707 бас ірі қара сатып алу жоспарланып, іс жүзінде 916 млн. теңгеге 5 мың 452 бас ірі қара малы сатып алынды. Бұл 201 пайызды құрады. 2015 жылы 487 бас сатып алу жоспарланып, іс жүзінде 544 бас ірі қара малы сатып алынды, яғни алға қойған жоспар 111 пайызға орындалды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша жоспарланған 1700 бастың орнына «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 5 шаруа қожалығы 2398 бас ұсақ мал сатып алды. Бағдарлама 141 пайызға орындалды.

«Құлан» бағдарламасы бойынша 2660 бас жылқы сатып алу жоспарланған. Іс жүзінде 2749 бас жылқы сатып алынып, аудан алға қойған міндетін 103 пайызға орындаған-ды.

«Ырыс» бағдарламасына келсек, оның аясында 1 тауарлы-сүт фермасын құру жоспарланған. Ұзынағаш ауылдық округіндегі «Бейбіт» шаруа қожалығы тауарлы-сүт фермасын құрып, «Ауылды қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы Ресейден 120 бас асылтұқымды сиыр малын сатып алған-ды.

Ел алдында есеп беру кезінде Жамбыл ауданының әкімі Далабаев Жандарбек Ермекұлы мал шаруашылығы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына айрықша атсалысқан әкімдердің есімдерін атап шыққан-ды. Олар: Ұзынағаш ауылдық округінің әкімі Е.Қ. Қасымов, Мәтібұлақ ауылдық округінің әкімі Қ.М.Наметов, олардың әрқайсысынан төрт-төрттен шаруа қожалықтары қатысып, белсенділік танытқан екен. Есеп беру кезінде ескерту алған әкімдер де жоқ емес. Аққайнар ауылдық округінің әкімі Қ.С.Ахметалиев, Жамбыл ауылдық округінің әкімі А.Т.Тұматаев, Таран ауылдық округінің әкімі Б.Р. Бейсенбековтерге нақты-нақты тапсырмалар берілді.

Есімі аталған әкімдер басқарып отырған ауылдық округтер жұмысы сынға ілінсе, ол орынды деп санаймыз. Өйткені ол округтер мал шаруашылығын дамытуға, яғни жүктелген міндеттемені дұрыс орындамаса керек. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы аудан бойынша қысқы мал азығына 136,5 мың тонна шөп, 11,5 мың тонна сабан, 26,4 мың тонна жем дайындалып, аудан қыстан қиналмай шыққан. Жалпы, бұл аудан мал азығына дайындықты ерте көктемнен бастауды үрдіске айналдырған. Жылда солай. Әр бас малдың күндік рационы есептеліп, қыстап шығуға қажет жем-шөп көлемі шөп дайындаушы әр шаруашылыққа бөлініп, бекітіліп беріледі екен. «Бір жағадан бас, бір қолдан жең шығара» отырып, ауызбіршілікпен әрекет етуді жолға қойған. Ауылдық округтер әкімдері мал бордақылау алаңы басшылығының шаруа қожалықтарымен қоян-қолтық әрекет етеді. Оны да айта кеткен артық емес. Тың бастама негізінде шаруашылық басшылары да өткізілген жем-шөптеріне 3 күннің ішінде есеп айырысудың артықшылығын мойындады. Былайша айтқанда, жемшөбін өткізе алмайтындар мен жем-шөп қажет ететіндер арасын байланыстыру механизмін қарастырған екен, нәтиже жаман емес.

Ауданда етектен тартып тұрған қиыншылықтар да жоқ емес. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын құру, мал бордақылау алаңдарын салу, су шаруашылығы желілерін қалпына келтіру, «Агробизнес — 2020» бағдарламасы шеңберінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру сияқты міндеттер ыждағаттылықты қажет етеді. Ауданның инвестициялық мүмкіндіктері өте мол, алайда өндіріс орындары там-тұм, көкөніс, жеміс-жидек өңдейтін кәсіпорындар мүлде жоқ. Бұл өңір көкөніс сақтайтын қоймаға зәру. Бүгінгі күні тек біреуі ғана жұмыс істесе, оның өзі аудан орталығынан 80 шақырым жердегі Қопа теміржол бекетінде болса керек. Қазіргі кезде аудан белсенділері осы мәселені оң шешудің тетіктерін қарастыруда.

Ләззат Билан