ҚОЙМАЛАР ӨНІМГЕ ТОЛА БАСТАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың қыркүйек айында халыққа жолдаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту-негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді»,- дей келе еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру туралы баса айтты.
Ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы егістік жердің көлемі 59790 гектарды құраса, оның 29549 гектары суармалы жер. Биыл аталған жерге 1825,2 гектарға пияз, 8730 гектарға күздік бидай, 12790 гектарға жаздық арпа, 5704 гектарға көкөніс, 2010 гектарға дәндік жүгері, 1400 гектарға майлы дақыл, 1000 гектарға қант қызылшасы, 1800 гектарға бақша, 700 гектарға картоп егілді. Диқандар ерте көктемнен бастап, жерлерін дайындады, егістік екті. Ала жаздай оған күтім жасады. Нәтижесінде қайсібір дақыл болмасын бітік шығып, мол өнім берді. Ал бұған ерте көктемде үзіліссіз жауған жауынның да пайдасы көп болды. Диқандар егістік суынан да тапшылық көрмеді.
Бұрынғы жылдары қант қызылшасы мен аты шыққан аудан кейінгі жылдары пияз егіп, одан мол өнім алуда жақсы тәжірибе жинақтады. Аудандағы 14 округтің диқандары 1825 гектар жерге пияз егіп, одан 77576 тонна пияз жинады. Сондай-ақ қызылша, сәбіз, картоптанда айтарлықтай өнімге қол жеткізілді. Өсірілген өнімнің барлығын суық, жауын-шашынға ұрындырмай, жиын-терінді дер кезінде сапалы аяқтады.
Аудандағы суармалы егістікпен көп айналысатын округтердің бірі- Бурыл ауылдық округі диқандары. Биыл аудан бойынша 1825,2 гектар жерге пияз егілсе, оның тең жартысын бурылдықтар еккен. Олар 900 гектар жерден 38250 тонна пияз жинады. Картоп, сәбіз, қызылша, дәндік жүгері, көкөніс, бақша дақылдарынан да мол өнімге қол жеткізді.
Жыл бойы еткен еңбектің нәтижесі ретінде өнім мол алынғанымен енді оны өткеруде оңай шаруа емес. Кейінгі жылдары азық-түлік бағасының күрт көтерілуі халыққа оңай тиіп отырған жоқ. Өз ауданымыздан алынған картоп, пияз, сәбіздердің де бағалары дүкенге түскенде көтеріліп кететіні шындық. Міне мұны жете түсінген диқандар өз өнімдерін сақтау үшін үлкен-үлкен қоймаларды пайдалана бастады. Ауданда осындай жеміс-көкөніс сақтайтын 15 қойма бар. Олардың аумағы 17625 шаршы метр болса, сыйымдылығы 29540 тонна екенінде айта кеткеніміз дұрыс болар. Аталған қоймалардың үшеуінде салқындатқыш қондырғылар бар. Сондай қоймалардың бірнешеуі Бурыл ауылдық округінде орналасқан. Олардың ең үлкені аудандық мәслихаттың депутаты Жалел Аббасов басқаратын Grand Foods Premium ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің аумағы кең, сыйымдылығы 5000 тонналық қойма. Қойманың соғылуы, алыстан көз тартарлық келбеті, ауласы асфальтталып, басқа да барлық жағдайлары жасалғаны көрініп тұр. Бірнеше бөлмеден тұратын қоймалардың 1000 тонналығына тоңазытқыш орнатылған. Онда бүгінгі күнге 600 тонна сәбіз, 200 тонна картоп, 100 тоннадан астам қызылша сақтауға қойылған. Ал ішкі бөлмелері екі қабаттан тұратын жай қоймаларда 3000 тонна пияз сақтауға қойылыпты. Қоймалардағы өнімдерді қарап, қадағалап отыру үшін 10 адам жұмысқа тартылған. Кооперативтің өз жерлері болмағанымен олар дайын өнімдерді сақтаумен қатар сыртқа тасымалдаумен де айналысады.
Осы ауылдағы Уммат Башатов басқаратын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі еншісінде 1500 тонналық қойма 2018 жылы салынған. Қойманың 500 тонналық екі камерасына тоңазытқыш қойылған. Мұнда негізінен картоп, сәбіз сақталады екен. Ал 1000 тонналық екі қабатты қоймаға биыл 800 тонна пияз түскен.
-Қоймаға түскен пияздың 300 тоннасы сыртқа сатылып кетті. Негізінен бізге биыл 2 азамат өз пияздарын әкеліп, сақтауға қойды. Ал сәбіз, картоп, қызылша әзірге түскен жоқ. Мұнда 3 адамға жұмыс беріп, олардың әрқайсысына айына 70-80 мың теңгеден айлық төлеп отырмыз. Жұмысшылар сақтауға қойылған өнімнің бұзылуына жол бермейді. Бізде егіс егетін ешқандай жер жоқ. 3-4 жыл болды жер сұрағалы, алайда ала алмай жүрміз. Ұлым Махамет біреудің 2 гектар жерін кепілдікке алып, пияз егеді,- дейді шаруа У.Башатов.
Бурыл ауылында болғанымызда пияз, қызылша егіп, одан мол өнім жинап жүрген алдыңғы қатарлы диқан «Байжанова Н» шаруа қожалығының жетекшісі Несіпкүл Байжанова апайда өз үйі жанынан үлкен қойма салып жатқанын білдік. Жетпіс жастан асқан ана өзінің 100 гектар жерге егілген пияз, 30 гектар қызылша, 10 гектар арпасынан егістікті тамшылатып суарудың арқасында мол табысқа қол жеткізді. Жиын-терін кезінде жергілікті жүзге жуық адамды жұмысқа тартты.
Бар ырысын жерден тауып отырған Несіпкүл апай биылғы жылы үйінің жанынан 200 шаршы метр жерге 1000 тонналық үлкен қойма соғуға қол жеткізді. Қоймасы әзірге жүз пайыз бітпегенімен онда өзінің биылғы жылғы 600 тонна пиязы сақтаулы тұр.
-Мемлекет тарапынан үлкен қолдау көріп отырмыз. Жеңілдетілген жанар-жағармай, субсидия, жаңа техникаларды алып жатырмыз. Тамшылатып суаратын үш техникамыз бар. Қазір өзімізге тиесілі 66 гектар жер болса, алдағы уақытта оны ұлғайтып, өнім көлемін арттыратын боламыз,-дейді диқан Несіпкүл Байжанова.
Бурыл ауылдық округінде бұлардан басқада кейбір диқандар үйлері жанынан өздерінің өнімдерін сақтайтын шағын ғана қоймалар соғып алғандары да бар.
Қоймалар маңайындағы ерсілі-қарсылы жүрген үлкен жүк көліктерінің бірі қоймаға пияз әкеліп жатса, енді бірі қоймадан пияз артып алыс жолға шыққалы жатыр. Мұндағы жұмысшылар болса пияз артып, пияз түсіруден басқа осындағы пияздарды қадағалап, олардың арасындағы шірігендері болса оны бөлек алуда. Сондай-ақ пияздардың өніп кетпеуін де қатаң қадағалап отырады. Күн жылы болғанда қойманың үлкен қақпасын ашып, ауаны тазартса, суық күндері қойма ішіндегі тиісті температура сақталуы тиіс.
Бурылдық диқандар өз өнімдерін сақтайтын мұндай үлкен қоймалардың азық-түлік бағасын тұрақтандыруға тигізер пайдасын жақсы біледі.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Бурыл ауылы.