Қобыз үніне ынтығып, қазақша үйренген венгр қызы Богларка

Жиырма екі жастағы Богларка Фехер Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде 3-курста оқиды. «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің Венгрияда өткен концертінен кейін қазақ мәдениетіне қызығушылығы оянған Богларка бүгінде қазақша сөйлегенде бізден асып түспесе, кем түспейді. Интернеттен қазақ әліпбиі мен қобыз тартуды үйренген ол қазақтардың мажарларды жақын тартатынына риза болатынын айтады. Түркістаннан кейін Алматыдағы білім ордаларының бірінде білімін жалғастырғысы келетін Богларкаға хабарласып, сұхбаттасқан едік.

– Естуімізше, қазақ тіліне оқушы кезіңізден бастап қызық­қан екенсіз. Венгрия мектеп­те­рінде қазақ тілі туралы онша де­рек жоқ кезде біздің тілді үй­рен­уге не түрткі болғанын біл­гі­міз келеді.
– 2014 жылы Венгрияға «Тұ­ран» этно-фольклорлық ан­­самблі келіп, концерт қой­ды. Олардың өнеріне тәнті бол­­ғаным сонша, жүрегім елжі­реп, ерекше әсерге бөлен­дім. Сол кезден бастап қазақ му­зы­ка­сы­на, қазақ тіліне, жалпы қазақ хал­қының мәдениетіне ерекше қы­зыға бастадым. Маған қазақтың ұлт­тық аспаптарында Қобыз үніне ынтығып, қазақша үйренген венгр қызы Богларкаежелгі музы­ка­ның «ізі» бар секілді көрінеді. Сөй­тіп, интернеттен қазақ әліп­биін үйрене бастадым. Ол кез­де мажар тіліне ауда­рыл­ған әліпбидің нұсқасы бол­ған жоқ. Көп әріпті үйрену­де қиындық болған жоқ. Бі­рақ қазақ тілінің қ, ғ, ұ, ү се­кілді төл дыбыстарын «Тұ­ран» ансамблінің орын­дауын­дағы әндердің мәтінін жаттау, мұқият зерделеу ар­қылы үйрендім. Сосын белгілі мажар ғалымы, түрколог, шы­ғыстанушы Иштуан Қоңыр Ман­докидің жары қазақ Оңай­ша апайдың қазақ тілі курс­та­рына қатыстым.
– Қазір қазақшаға су­дай­сыз. Бұл деңгейге жетуге қан­­ша уақыт кетті?
– Оңайша апайдың кур­сы­на 2016-2019 жылдар ара­лы­ғын­да қатыстым. Әр жылда он алты апта көлемінде сабақ жүргізі­ле­тін. Сабақ саны аз болса да, көп нәр­се үйрендім. Оңайша апайдан қа­зақ тілінің негіздері, қазақ мә­де­ниеті, салт-дәстүрлері, менталитеті тура­лы көп дерек білдім. Апай маған Тұмар­ша деген қазақша есім берді. Тұ­мар­ша – есімім Богларканың қа­зақ­ша аудармасы.
– Қазақ әліпбиін ғана емес, қо­бызда ойнауды да интернеттен үйренгеніңізді естідім. Рас па?
– Иә. Мен алты жасымнан бастап му­зыка мектебінде оқыдым. Онда он екі жыл бойы виоленчельде ойнауды үйрендім. Кейін қобыз аспабымен та­нысқан соң виоленчель аспабы­ның ойналуы негізінде өз бетіммен үй­рене бастадым. Тартып көріп, ды­бысы қалай шығатынын білгім келді. Қо­бызды кәсіби деңгейде үйрену үшін Қазақстанға баруым керек еке­нін түсіндім.
– Таңдауыңыз неліктен қо­быз­­ға түсті?
– Мен қобызды таңдаған жоқ­пын. Қобыз аспаннан түскендей ме­нің өміріме топ ете қалды десем бо­лады. Венгрияда дауылпазбен ән ай­татын Regélő Fehér Táltos dobcsapat атты топ бар. Олар туған жер, ата-баба мұрасы, ұлттық құнды­лық­тар туралы ән шырқайды. Мен де сол топтың қатарында болып, олармен бір­ге өнер көрсеттім. Бір күні ол топ­қа әлдебіреулер қобыз сыйлаған екен. Топ мүшелері: «Богларка, сен вио­ленчельде ойнауды білесің. Соған ұқсас мына аспапты тартып көрсең қайтеді?» деп әлгі қобызды менің қо­лы­ма ұстатты. Кейін бұл аспапты қат­ты ұнатқаным соншалық, өзіме арнайы бір қобыз жасатып алдым. Алғашында интернеттен қобыз тар­тып отырған өнерпаздардың ви­део­ларын іздедім. Соның ішінде «Тұран» ансамблі мүшелерінің ойнағанын талай рет тыңдадым. Сосын 2021 жыл­дан бастап «Тұран» ансамблінің қо­бызшысы Мақсат Медеубектен он­лайн сабақ ала бастадым.
Қобыз үніне ынтығып, қазақша үйренген венгр қызы Богларка– Сонда сіз Венгрияда жүрген­де алдымен қазақ мәдениетіне, сосын қазақ тіліне, кейін қобыз ас­пабына қызықтыңыз ғой.
– Қателеспесем, қобызда ойнау­ды үйрену «Тұран» ансамблінің шы­ғар­машылығымен танысумен қатар келді. Бір мезгілде. Содан соң қазақ тілін үйренуге ұмтыла бастадым.
– Түркістанға қалай жолыңыз түс­ті? Қожа Ахмет Ясауи атын­да­ғы халықаралық қазақ-түрік уни­верситетіне оқуға түскенге дейін Қазақстанға келіп көріп пе еді­ңіз?
– Оған дейін Қазақстанға үш рет кел­­генмін. 2016 жылы Астанада Са­пар Ысқақов ұйымдастырған ішек­ті аспапта орындаушылар арасындағы халықаралық байқауға қатыстым. Со­сын 2017 жылы Сәуле Жанпейісова өт­кізген халықаралық байқауда өнер көр­сеттім. 2018 жылы тағы да Сапар Ысқақов ұйымдастырған халық­ара­лық байқауға қатыстым. Ал Түр­кістан қаласына оқуға келуімді сұ­ра­саңыз, бұл да қобыз секілді аспаннан түскен мүмкіндік болды. Венгрияның Бач-Кишкун деген өңірінде орна­лас­қан Лакителек халық институтында жыл сайын жазда қазақ мәдениетіне баулитын бір апталық лагерь ұйым­дастырылады. Оңайша апай жыл сайын сонда барып, сабақ өткізеді. Әрі жыл сайын Қазақстаннан бір топ делегация келеді. 2018 жылы сол ла­герьге арнайы келген, Қазақстанда бі­лім саласында жұмыс істейтін Мұ­ха­метқали Мәншүк деген апай менің қа­зақ мәдениетіне деген асқан қызы­ғушылығымды байқап, Қазақстанда оқуға көмектескісі келетінін айтты. Сөйтіп, Оңайша апай екеуі Қожа Ах­мет Ясауи атындағы халықаралық қа­зақ-түрік университетінде оқу мүм­кіндігін қарастырып, ақырында Түркістанға келіп оқуыма септігін тигізді. Оған қоса, бұл университет ха­лықаралық. Шетелдіктерге грантта оқуға мүмкіндік жетерлік. Сөйтіп, 2019 жылы осында спорт және өнер фа­культетінің дәстүрлі музыка ка­фед­расына оқуға түстім. Бір жыл дайын­дық курсында оқып, қазақ, тү­рік тілдерін жетік меңгердім.
Қобыз үніне ынтығып, қазақша үйренген венгр қызы Богларка– Дәстүрлі музыка кафедра­сын­­да оқысаңыз, демек домбы­ра­ның құлағында да ойнай ала­сыз ғой?
– Иә. Мұнда негізінен домбыра­мен ән айтуды үйретеді. Қазір қобыз тар­туды үйрететін маман жоқ. Сон­дықтан қазір университетте Ерасыл Қа­лымбаев атты мықты ұстаздан дом­быра үйреніп жүрмін. Одан бө­лек, жоғарыда айтып өткенімдей, «Тұран­ның» қобызшысы Мақсат Ме­деубектің онлайн сабағына қаты­сып жүрмін.
– Әлеуметтік желідегі парақ­шаңыз­ға көз жүгіртсем, ұлттық на­қыштағы киіммен түскен көп суре­тіңізді байқаймын.
– Мен қазақтың нақышын, ою-өр­нектерін ерекше ұнатамын. Бірақ же­ке парақшамдағы суреттерден көр­геніңізді көбі қазақтың ұлттық киі­мі емес. Ол – бәрімізге ортақ ата-ба­баларымыздың кигендері. Өте ұқ­сас болғандықтан сіздер, қазақтар да өздеріңіздің ұлттық киімдеріңіз деп қабылдайсыздар. Біз, мажарлар да өзіміздікі деп қараймыз.
– Бәлкім, біздің мәдениетке осын­­­­­шалық қызығуыңызға екі ел­дің туыстығы сеп болған бо­лар?
– Солай шығар. Нақты себебін біл­медім. «Тұран» ансамблінің орын­дауындағы әуендерді естіген соң ішкі дүнием қазақ мәдениетіне қарай «бұрылып» кетті. Мен ол мәдениетке саналы түрде қызыққаным жоқ. Бар­лығы ішкі жан дүниемнен, сөзбен си­паттауға келмейтін тұңғиық те­рең­нен басталды. Бәлкім, сіз дұрыс ай­тасыз. Бұған мажарлар мен қазақ­тар­дың туыстығы әсер еткен шығар. Бірақ нақты себебін айта алмаймын.
– Түркістанда тұрған төрт жыл­­дың ішінде біздің ұлттың бол­­мысына тән ерекшелігін көре ал­­дыңызҚобыз үніне ынтығып, қазақша үйренген венгр қызы Богларка ба? Қандай ой түйдіңіз?
– Мен мұнда өте мейірімді адам­дар­­мен кездестім. Жақсы достар тап­тым. Түркістанда ғана емес, басқа қа­лаларда да ақ жүрегі бар адам­дар­мен та­ныстым. Шетелдік екенім бі­лі­ніп тұ­рады ғой. Дүкенге барсам да, ав­то­бус­та отырсам да қазақша сөй­ле­ге­ні­ме тәнті болған жергілікті тұр­ғындар «Қай­дан келдіңіз? Венг­рия­дан дейсіз бе?», «Венгриядан Қа­зақ­станға неге кел­діңіз?», «Қазақ ті­лін үйренуге де­ген қызығушылық қай­дан пайда бол­ды?», «Орысша бір­де-бір ауыз сөз біл­мей, қазақша үй­реніп алдыңыз ба?» деп сұрақты тө­пелетеді. Себебін тү­сіндіргенімде олар­дың екі езуі екі құлағына жетіп, қуан­ғанын бай­қай­мын. Ал олардың ондай эмоциясын көру мен үшін ба­қыт. Венгрияның та­рихын білетін қа­зақтар «Ғұндар. Атилланың ұрпақ­тары­сыңдар ғой. Бізге бауырсыңдар» деп жақын тар­тады. Олардың бізге осылай туыс ре­тінде қарағанына риза боламын. Түркістан телеарнасы­ның өкілдері бір­неше бағдарламаға түсуге ша­қыр­ғанына да риза болдым. Тағы бір ұнай­тыны, жоғарыда айтып өткенім­дей қазақтың ою-өрнегіне ерек­ше қы­зығамын. Мұны ұмыт қал­дырмай, ел ішінде кеңінен насихатта­лып жүр­геніне ризамын. Ғимарат­тардың қа­бырғасында, заманауи үлгідегі киім­дерде, тіпті дүкеншінің нан салып беретін пакеттерінің сыртын­да ою-өрнектер бейнеленген. Кез келген жерде ою-өрнекті байқау­ға болады. Қазақтардың ата-бабалар­дан қалған мұрасын соншалық құр­мет­тей­тініне өте ризамын. Байқап қара­­сам, біздің ою-өрнектеріміз де қатты ұқсас екен. Мажарлардың ою-өр­нек­те­рін жіті зерттеген ғалым Хуска Йо­жефтің еңбектерін оқысам, Венг­рия жерінде жүргізілген ар­хео­логия­лық қазбалар нәтижесінде та­былған ою-өрнектер қазақтардікіне қатты ұқ­сайды. Ұмытып барамын. Қазақ­тың ат қою рәсімі жаныма жа­ға­ды. Әр­бір есімнің мағынасы бар. Зама­науи есімдер де бар, бірақ өте аз. Ал ба­ланың өмір жолын айқындауда ерек­ше рөл атқаратын Мақсат, Қай­рат, Абзал, Қанат секілді есімдерді қою­ды да ежелден қалған өте ерекше ырым деп түсінемін. Сосын маған тұ­саукесер рәсімінің символикасы ерек­ше ұнайды. Содан соң жеті ата­сын, түп-тамырын білуі керек деген тәр­­биелік дәстүрге де ерекше қызы­ға­мын. Қыз бен жігіттің жеті атасы ортақ болса, оларға үйленуге болмай­ды ғой, иә?
Қобыз үніне ынтығып, қазақша үйренген венгр қызы Богларка– Иә.
– Міне! Мұны қатаң қадағалай­тын қазақтың қаны, генетикасы осын­шалық таза екені көңіл қуан­та­ды. Былай қарап тұрсаңыз, бұл – баға жетпес мұра. Сосын наурыз көженің жеті түрлі тағамнан жасалатыны да таң­ғалдырмай қоймайды.
– Бізде жеті саны қасиетті са­на­лады.
– Иә, соны байқадым. Жеті деген сан көп кездеседі. Жеті шелпек та­рату дәстүрі де ерекше ұнайды. Біле­сіз бе, дәл сол жеті шелпектің қа­мы­рын бізде, мажарларда да дәл солай әзір­л­ейді. Бірақ бізде мұны дәстүрмен бай­ланыстырмайды. Дәл сондай нан пі­сіреді. Бірақ үстіне қаймақ, ірімшік, са­рымсақтың майын жағады.
– Туыс болған соң екі елдің ара­сын­дағы ұқсастықтарды да бай­қаған боларсыз?
– Екі елдің басты ұқсастығы – қо­нақжайлылық. Менталитет жа­ғы­нан ұқсастық көп. Әсіресе, мажар мен қазақ тілінің логикалық құры­лы­мы ұқсайды. Екеуі де жалғамалы тіл. Иштван Қоңыр Мандоки екі тілге ортақ бес мыңға жуық сөз барын айт­қан. Алма, ана, сақал, балта, кіші се­кілді сөздер бізде де бар. Біз, ма­жарлар Венгрияда тек мажарша сөйлейміз. Сондықтан мен әлемнің барлық елі өз ана тілінде сөйлейді деп ойладым. Алайда Қазақстанда қазақша білмейтін, орыс тілінде ғана шүл­дірлейтін қазақтар бар екенін біл­ген кезде таңғалдым. Мұның өзіндік себептері бар екенін білемін. Бірақ әрбір ұлт өз ана тілін білуі керек. Ана тілін білу жеке алғанда адамның өзі, жалпы алғанда халық үшін өте маңызды. Оңтүстік Қазақ­стан өңірінде тұрғындардың таза қазақша сөйлейтініне өте қуа­ныш­тымын. Венгриядан келген бой­да осындай ортаға түс­ке­німе өте ризамын. Ма­ған мұнда ұнамайтын тек бір дәстүр бар.
Ол – қыз алып қашу. Ондай дәстүр Еу­ро­пада жоқ. Бұл ту­ралы алғаш есті­ген­де «шок» бол­дым. «Қазақстанға қа­лай барамын? Ме­ні алып қашып кет­се қайтемін?» деп Оңайша апайды сұ­рақ­тың астына алғаным бар. Басында біраз қорық­тым. Сосын көп уайым­дау­дың қажеті жоқ екенін түсіндім. Әрі бұл дәстүрді көбіне ауыл жақта ұстанатынын естідім. Бірақ сонда да абай­лап жүремін. Жолға жалғыз шық­паймын. Түнде көшеге шық­пай­мын (күліп).
Қобыз үніне ынтығып, қазақша үйренген венгр қызы Богларка– Қазақстандағы өнер уни­вер­ситеттерінің бірінде білі­міңіз­ді жалғастырғыңыз келеді екен.
– Иә, Қазақстанда оқуымды ма­гистратура бөлімінде жалғастырсам деймін. Негізі, Алматыдағы Құрман­ғазы атындағы консерватория не­месе Т.Жүргенов атындағы өнер ака­демиясына түсуді көздеп жүрмін. Онда қобыз тартуды жалғастырғым келеді. Алматыға тұрақтау бұрыннан арманым еді. Астана да сапалы білім беретініне күмәнім жоқ. Бірақ кере­мет табиғатымен күллі әлемді там­сан­дыратын Алматыда тұрып көргім келеді. Түркістан қаласы да жүрегім­де ерекше орын алады. Алғаш оқуға келгенде пандемияға бола екі жыл онлайн оқыдық. Сол екі жылдың ішін­де Түркістан қаласы өзгеріп шы­ға келді. Туристер қызығатын ерекше орын­ға айналды.
Қобыз үніне ынтығып, қазақша үйренген венгр қызы Богларка– Магистратураны бітірген соң Венгрияға қайтпақ ойыңыз бар ма?
– Негізі, мен – Будапешт қаласы­ның тумасымын. Онда ата-анам мен үшін барын аямады. Әсіресе, қазақ мә­дениетіне қызығуымды қуана қа­был­дады. Олар да қазақ мәдениетіне ерекше қызығады. Олардың мені үнемі қолдайтынына, осында оқуға жі­беруге келіскеніне ризамын. Олар­мен күн сайын сөйлесемін. Оларды қатты сағынатыным онсыз да түсі­нікті шығар. Сондықтан әр семес­тр­дің соңында елге қарай асығамын. Мен Қазақстанға тек оқу үшін кел­дім. Оқуды аяқтаған соң еліме қай­та­мын. Мұнда мәңгілікке қалу деген жос­парым жоқ. Мен туған жерімді қат­ты жақсы көремін. Ештеңеге қи­май­мын. Қазақстанға, қазақ мәде­ние­тіне ерекше қызықсам да, туған елімнен басқа еш елде ұзақ тұра ал­маймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ, turkystan.kz