Қазақтың Астанасында қазақтың төл Жаңа Жылы тойлануда

Астана қаласында Наурыз тойы кең көлемде аталып өтіп жатыр. Халықтың көңілі шат-шадман, көтеріңкі.  Бүгін басты шаралардың бірі «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда өтті. Әдеттегідей, киіз үйлер тігіліп, спорт жарыстары ұйымдастырылды, алтыбақан орнатылып, концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.

        — Жыл сайын киіз үйлер тігіп, бауырсақ таратамыз, наурыз көже мен қымыз ұсынамыз. Киіз үйлерде дастархандар жайылды. Ең басты мерекелердің бірі – гүлдену мен халық бірігетін күн. Бүгін қонақтарды таңғы сағат 8-ден бастап қарсы алудамыз. Үлкен-кішінің барлығы кеп жатыр, — деді қалалық басқармалардың өкілдерінің бірі Айман Шынбаева. Халық арасында күрес, гір спорты, армрестлинг, арқан тарту, асық ату жарыстары өткізілді. Қалалық мәдениет мекемелері адамдарға мерекелік көңіл күй сыйлауда. Жас театр әртістері астаналықтардың назарына тақырыптық көріністер ұсынуда.

IMG_0089

Мерекелік шаралар «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда, сондай-ақ, қалалық алаңда да өтіп жатыр. Қалалық қызметтер киіз үйлер тігіп, тәтті-дәмділер таратып, сәндік бұйымдарды көпшілікке көрсетуде.

Ашық аспан аясында өтіп жатқан мерекеге еліміздің басқа өңірлерінен және шет елдерден келген қонақтар да қатысуда. Ақ жаулықты әжеміз Қазақстан халқына ізгі тілегін білдірді.

— Көктемнің шуақты күнімен бірге өзіміздің ұлттық, бүкіл әлем мұсылмандары тойлайтын әз-Наурыз мерекесі келіп, бүкіл ел, бүкіл халық шаттануда. Ұлыстың ұлы күні оң болсын. Ақ мол болсын. Заманымыз тыныш болып, бейбітшілік заман болсын.

Халықтық серуенді тамашалаған Арманбек Күнтуғанұлы да елорда тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтады.

— Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтаймын, береке-бірлікте тойлай берейік. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын, — дейді ол.

IMG_0106

IMG_0098

IMG_0093

IMG_0112

IMG_0115

Айта кетейік, елордада халықтық серуен ертең де өтеді. Мерекелік шаралар «Студенттік» және «Жерұйық» парктерінде, «Астана-Арена» стадионы жанындағы этноауылда, қалалық алаңда, Қазақ елі монументінің және Бәйтерек монументінің жанындағы алаңдарда ұйымдастырылады.

«Ел Ана» ақпарат