Қазақтың қайсар келіні Наталья

Өмірде талай қызықты сәттер бар ғой. Тіпті бір өзге ұлт өкілі отырса да жанымызды қинап орысша сөйлеп кететін әдетіміз тыйылмай келеді. Жасырып-жабатыны жоқ, ондай жағдай өзімнің басымнан да өткен. Бір жолы көшеде қарама-қарсы кездесіп қалған өзге ұлт өкіліне орысшалап амандасқаным бар. Ал ол болса «Сәлеметсізбе!» деп қазақша жауап қатты. Сол кезде өзімнің қылығыма өзім ұялып қалдым. Менімен қазақ тілінде амандасқан кісі – Наталья Бөлегенова екен. Кейіннен жақсы таныс болып, достасып та кеттік.

Наталья қазақтың қаймағы бұзылмаған құтты мекені Мойынқұм ауданының тумасы. Орыс ұлтының қызы, бала кезінен ауладағы қара домалақтармен бірге ойнап жүріп, қазақ тілінде еркін сөйлеуді үйреніп алған. Мектепті орыс тілінде оқыса да, бұл оған мемлекеттік тілді меңгеруіне кедергі келтірмеді. Ол осылайша, қазақ ұлтынан көптеген достар тауып, қазақ қыздарымен сыйласып, жетілді. Сондықтан оған қазақ қыздары ғана дос болған жоқ, жергілікті ұлттың жігіттерінің де көзі түсті. Он сегіз жасқа толғанда кішкентайынан бірге өскен көрші жігітке тұрмысқа шығады. Бір қызығы болашақ жары Андрейдің әкесі – қазақ, анасы – чуваш екен. Аралас отбасы саналғанымен, қайын атасы қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанатын, үй ішінде тек ана тілінде сөйлеуді талап ететін қатал кісі болыпты. «Алғашқыда қазақ отбасына сіңісіп кету қиынға соқты. Кейіннен барлық жөн-жоралғыларды бес саусақтай үйреніп алдым. Келін болып түскеннен басымнан орамал түспеді, ата-енеме сәлем салдым. Қазақ халқының ұлттық, діни мерекелерін атап өту біздің отбасылық дәстүріміз», – дейді алты баланың анасы Наталья.

Бөлегеновтер отбасы 2012 жылы Мойынқұм ауданынан Қордай ауылына көшіп келген. Натальяға Қордайдың тұрғыны болу бақыты осылай бұйырды. Бала кездерінен қазақы тәрбиені көріп өскен қыздары бойжетіп, қазақ жігітіне тұрмысқа шықса, ұлдары қара шаңыраққа қазақтан келін түсірген. Бүгінде олардан немере сүйіп отырған отағасы мен Натальяның барлық перзенттері қазақ сыныбында оқыған. «Менің балаларым орысша емес, қазақ тілінде сөйлейді. Оларға өз ойларын қазақ тілінде жеткізген жеңіл. Бұрын ұстаздары жиналысқа шақырып, сіздің балаларыңыз орысша білмейді. Анасы орыс бола тұрып, балаларының орыс тілін білмегені қалай деп таңғалатын», дейді кейіпкеріміз. Ұл-қыздарының есімдерін де қазақша қойған: Әсем, Гүлнәр, Расул, Ролан, Қарлығаш және Жеңіс. Үйде жүрген кенжесі Жеңістің өңі мен шашының сарғыштығына қарап орыс дерсің. Сүйкімді балақай қазақша сөйлегенде алдына жан салмайды. Үш жасар Жеңіс өскенде өрт сөндіруші болам дейді. Отағасы Андрей Бекмұратұлы «Қордай су» мекемесінде жұмыс істейді екен.

Біз барғанда үйде тек Наталья мен кішкентай ұлдары ғана болып, отбасының өзге мүшелерімен тілдесудің реті келмеді. Ұлты орыс болғанмен, нағыз қазақ қызына тән ұяңдық, сыпайылық, қонақжайлылық қасиеттері бойынан табылған Наталья Юрьевна Қазақстанда туғанына, ұл-қыздарының осы елде қанат жайып, жетілгеніне шүкір дейді. Күміс алқа иегері өмір сүріп жатқан елге құрмет мемлекеттік тілді үйренуден басталатынын айтады. Түрі басқа, тілегі бір өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына, тіліне деген құрметін көріп кеудеңді мақтаныш сезімі кернейтіні рас. Болашақта елімізге деген алғысын мемлекеттік тілді меңгеруімен білдіретін ұлт өкілдері көбейсе игі.

Дархан даласындай пейілі кең қазақ елі өзге ұлт өкілдерін бауырына басқан қайсар халық. Бір шаңырақ астында бірлігі жарасқан ұлттар мен ұлыстардың татулығы басқа елдерге үлгі боларлықтай. Ал өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтарды кезіктіргенде ішіміз жылып, сол адамға деген құрметіміз арта түседі. Ал мемлекеттік тілді құрметтеуді әттең, өзімізден бастай алмай жүргеніміз өкінішті!

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,

журналист.

Қордай ауданы