«Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер қыз болдым»: Түркияда қазақ әйел мәсихат депутаты болып сайланған

Түркияның Ыстамбұл қаласында қазақ қызы мәслихат депутаты болып қызмет атқарады. Рашида Юкселдің негізгі мамандығы дәрігер екен. Зейтінбұрны ауданында дүниеге келген ол бүгінде депутат болып сайланған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Рашида
Зейтінбұрны ауданында 400 мыңға жуық адам тұрады және мұнда қазақтар көп шоғырланған екен. Рашида Юксел осы жердегі қазақтар арасында шыққан тұңғыш әйел дәрігер және мәслихат депутаты болыпты.
«Менің әкеме мұнда жер мен үй беріпті. Осы жақта әкем “балаларымның оқуы керек” деп бізді оқуға берді. Үйде жеті ағайындымыз. Ата-анамыз бәрімізді оқытты. Бұл жақта қыздар оқымайтын. Әкемнің арқасында мен қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер қыз болдым. 27 жыл дәрігер болып, 2014 жылы зейнетке шықтым», – дейді Рашида Юксал.
Зейнетке шыққан соң ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, көп ұзамай биліктегі “AK Parti” партиясының құрамында сайлауға қатысып, мәслихат депутаты атанған. Бұдан бөлек, партияның әйелдер ісі жөніндегі комиссияға іріктелген Түркиядағы 50 әйелдің бірі.
«Рашида ханыммен мәслихат отырыстарында кездесіп тұрамыз. Бірге жұмыс істейміз, білгір маман, сауатты саясаткер. Біздің Зейтінбұрныда қазақ бауырларымыз 1952 жылдан бері тұрады. Содан бері тату-тәтті тұрып жатырмыз», – деді Зейтінбұрны ауданының әкімі Өмер Арысой.
«2019 жылы күзде аудандық мәслихатта жеңіп шықтым. Мәслихатта 37 депутат бармыз. Айына 2-3 рет жиналып, ауданның бюджетінен бастап, баға саясаты, түрлі жобаларды жүзеге асыру бойынша шешім шығарамыз. Бұдан бөлек, “AK Parti” партиясының әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшесі ретінде түрлі деңгейдегі саяси жиындарға қатысып тұрамын», – деп қосты Рашида Юксел.
Рашиданың күйеуі Фетхи Ахмет Юксел түрік азаматы болғанымен, жаны қазақ. Оның мамандығы тарихшы әрі Қазақстанда да бірнеше қазба жұмыстарын жүргізген ғалым.

Назархан Уән
https://stan.kz/kazaktan-shikkan-tyngish-dariger-kiz-boldim-turkiyada-k-376238/