Қарағанды облысының әкімдігі 2 жылдан кейін «Сарыарқа» АЭА-ны жаңа зауыттарға толтырмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат — Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әнуар Ахметжанов мемлекеттің 25 млрд теңге қаржысы салынған «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының дамуы жайында айтып берді.

«Біз АЭА инфрақұрылымы құрылысын іс жүзінде тек 2015 жылы ғана аяқтадық. Барлық нысандар толығымен пайдалануға беріліп, мемлекет балансына қабылданды. Бұл қазіргі уақытта біздерге инвесторларды белсенді тартумен айналысуға мүмкіндік береді. Жарты, бір жылдың ішінде АЭА-ның барлық аумағы толықтай жасақталады деп түсіну дүрыс емес. Меніңше, егер де таяу 2 жылдың ішінде толығымен аяқтасақ, бұл өте жақсы болады», — деді Ә.Ахметжанов өңірлік орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында «ҚазАқпарат» ХАА тілшісінің сауалына орай.

Ол қазіргі уақытта «Сарыарқа» АЭА аумағында үш өндіріс ошағының жұмыс істеп тұрғанын, оның екеуі 2014 жылы іске қосылғанын еске салды. Облыс әкімі орынбасарының  мәліметтерінше, 2015 жылы бұл кәсіпорындар шамамен 3 млрд теңгенің өнімін шығарды.

Ә.Ахметжанов өндіріс жүктемесі төңірегіндегі жайттарға да қатысты түсінік берді.

«Егерде де 2014 жылы іске қосылған «Бемер Арматура» мен «Изоплюс Центральная Азия» кәсіпорындарын алатын болсақ, онда оларда оң серпін байқалады, яғни, өндіріс көлемі өсімі айтарлықтай. «Бемерге» бағамның түзетуге ұшырауы айтарлықтай әсер етті. Өйткені, импорттық өндіріс үлесі өте үлкен. Олардың  алдына өндірісті жолға қою міндеті жүктеліп отыр. Ал «Изоплюске» қатысты ахуал біршама жақсы және олар қазіргі уақытта кеңеюді жоспарлауда. Біз «Нұрлы жол» бағдарламасына зор сенім артамыз», — деді ол.

Оның атап өтуінше, «Бемер Арматура» компаниясының ресейлік нарыққа шығуға мүмкіншілігі зор болып отыр.

«Таяуда ғана бірінші қазақстандық патрон зауыты іске қосылды. Бұл өте жоғары технологиялық өндіріс ошағы. Онда канадалық технология қолданылады. Мұнан бөлек, біз қорғаныс ведомствосымен АЭА аумағында қорғаныс кластерін дамтуы туралы уағдаластыққа қол жеткіздік», — деді Ә.Ахметжанов.

Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Оның жалпы аумағы 500 гектардан астам жерді алып жатыр. Арнайы экономикалық аймақ жұмысының салалық басымдықтары толығымен еліміздің экономикасының базалық салаларына негізделген.