Қар тазаланбай, қауіп сейілмейді

Қаладағы коммуналдық қызметтер күндіз-түні жұмыс жасауда

Кеше Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Аталған жиында еліміздің аумағында су тасқыны кезеңінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың, республикалық және коммуналдық тиісті кәсіпорындардың дайындығы мен алдағы атқарылатын жұмыстары туралы айтылды.

Осыған орай Тараз қаласында өңірдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі қалалық аумақтық комиссия отырысы өтті. Басқосуда Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің бас маманы Абылай Аңсабек арнайы баяндама жасап, су тасқынына облыс орталығы қаншалықты дайын екенін сөз етті.

Тараз қаласында 8 канал, 2 дренаж каналы, 6010 метр құбыр өткелі, 1 600 дана су қалқаншасы (шлюз) бар. Жалпы каналдардың ұзындығы 95,25 шақырымды, көше арықтары 1 896 шақырымды құрайды.

Қала аумағынан ірі су нысаны Талас өзенінің 15 шақырымды құрайтын бөлігі ағып өтеді. Сонымен қатар қала аумағында бір гидротехникалық құрылыс бар. Ол Талас өзенінде орналасқан «ҚазСуШар» РМК-не тиесілі. Аталған құрылыс Талас өзені су ағымын есептеу және реттеу функцияларын атқарады.

Былтыр бюджет қаражаты есебінен 89,1 миллион теңгеге (6 үлкен, 8 орта және 160 дана кіші) су қалқаншаларының (шлюздерінің) 174 данасын ауыстыру және орнату жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 2022 жылы 6 каналды («Сеңкібай», «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Төрегелді») тазалау жұмыстары жүргізілсе, әкімдік тарапынан ұйымдастырылған көктемгі екі айлық сенбіліктерде 18 шақырым, күзде 12 шақырым арық жүйесі реттелді.

Жиын барысында Абылай Қалиұлы қаладағы канал арнасына тиесілі жер телімін өздігінен басып алу, көшелерге қар суларының жиналуы, бітелген арықтар мен төмен жерде орналасқан тұрғын үйлерді су басу қаупі бойынша нақты мәселелерді көтерді.

Баяндамашыны мұқият тыңдаған қала әкімі Бақытжан Орынбеков биыл қар мөлшері жылдағыдан өте көп түскенін, осыған байланысты аумақтық комиссия отырысында нақты алдын алу шараларын іске асыруды тапсырды.

– Өздеріңізге мәлім, биыл қардың көлемі өте көп. Қазір жол жиегі мен су ағатын арық-атыздарды толық қар басып жатыр. Күн райы күрт жылынса, шаһарда су басу қаупі туындайды. Сондықтан қазірден бастап тиісті мекемелер күндіз-түні жұмыс жасауы қажет. Әсіресе ең бірінші қауіп келетін орындарға, каналдарға, көшелерге көңіл бөліну қажет. Ол үшін жауған қалың қарды қала сыртына шығару жұмыстарын атқару керек. Осы жұмысқа техникаларды барынша тартып, қаланы қардан тазартсақ, қауіптің алдын алуға болады. Бұл жұмыстарға қаланың барлық коммуналдық қызметі атсалысады, – деген шаһар басшысы тиісті салалық орынбасарына нақты тапсырмалар жүктеді.