ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫНЫҢ ШЫҒЫМЫ ЖАҚСЫ

Биылғы жылы аудан бойынша 11 ауылдық округте 1000 гектар жерге қант қызылшасы егіліп, ала жаздай күтімделіп, өсірілуде.
Көктемдегі мол жауын-шашынның, жаздай алқаптан шықпай арам шөптерден тазарту, басқа да тынымсыз еңбектердің арқасында қызылшаның шығымы жақсы. Қызылша алқаптары егін суынан да ешқандай тапшылық көрген жоқ десе де болады. Қант қызылшасына деген сұраныстың жыл өткен сайын артуына байланысты ауданда оның көлемін көбейту де өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Мұны жете түсінген шаруалар қызылша көлемін көбейте бастады. Солардың бірі – Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс ауылындағы «Аспан-агро» шаруа қожалығының жетекшісі Саха Манатов қант қызылшасын егіп, одан мол өнім алуда мол тәжірибе жинақтаған жан. Ол биыл 200 гектар жерге тәтті түбір ексе, алдағы жылдары оның көлемін 3-4 есе ұлғайтуды мақсат етіп отыр.
— Қант қызылшасына сұраныс артқан сайын, мемлекеттен қолдау да жақсы болып тұр. Бүгінде шаруаларға субсидия, тұқым, техника, егін суы да тұрақты берілуде. Соның арқасында 200 гектар жердегі қызылшаның шығымы жақсы. Қызылшаның жиын-теріміне дейін әлі бір айдай уақыт бар. Демек, биылғы жылы жылдағыға қарағанда өнім анағұрлым мол болады,-дейді байырғы дихан С.Манатов.
Биылғы жылы облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуы бойынша қант қызылшасы өнімінің тоннасына сатып алу бағасы 30 мың теңгеден айналмақ. Оның 15 мыңын өткізілген өнімі үшін қант зауыттары төлесе, қалған 15 мың теңгесі субсидия арқылы төленбек. Міне бұл да шаруаларға көп көмек болғалы тұр.
Біз сөз етіп отырған Саха Манатов басқарған шаруа қожалығы қант қызылшасынан басқа 300 гектар жерге жүгері, 5 гектарға алма өсіріп, 2 гектар жердегі жылыжайларына басқа да өнім өсіруде. Олардың да шығымы жақсы. Ал бұл осында аянбай еңбек етіп жүрген шаруалардың еңбегінің ақталғанын көрсетеді.

Сүндетулла Әбілов, Жаңатұрмыс ауылы