Қант қызылшасына қолдау керек

Қожалықтың қант қызылшасы жайқалып тұр. Келер жылы оның көлемін 1000 гектарға жеткізбек ниетте. Оған тəтті түбірге берген сұраныс пен бағасының жоғарылауы сеп болыпты.

– Биылғы қылшаның шығымы жақсы. Қазірдің өзінде бір түбір 600 грамм тартып тұр. Қазыққа түскенше осынша грамм қосып, бір түбір 1200 грамм тартады деген болжам бар. Алдағы жылы алқапты 200-ден 1000 гектарға арттырмақпыз. Мемлекет тарапынан қолдау болып тұрса, өнім де жоғары болады. Субсидиямен, тұқыммен, техникамен, тыңайтқышпен мемлекет тағы бір 5 жыл шаруаларға қолдау көрсетсе, қожалықтар аяғынан нық тұрып кетеді. Тек қазір шаруашылыққа мемлекеттің ғана қолдауы керек болып тұр, – дейді ол. Осы орайда облыс əкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Тынысбекұлын сөзге тартқан едік.

– Өздеріңіз көргендей, аймақта ауыл шаруашылығы өнімін өндіру жақсы, қалыпты деңгейде. Егін ору науқаны табысты аяқталды. Ал былтыр 5,2 мың гектар алқаптан 172,1 мың тонна қант қызылшасы жиналып, орташа өнімділігі гектарына 333,8 центнерді құрады. Жиналған өнімнің 101,3 мың тоннасы қант зауыттарына өткізілді. Ағымдағы жылы 6,1 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылса, бұл алқаптан 214,4 мың тонна өнім жиналып, орташа өнімділігі 350 центнерді құрайды деп күтілуде. Сондай-ақ жиналған өнімнің 122,5 мың тоннасы қант зауыттарына өткізіледі деп жоспарлануда. Оны өсірумен аймақта 82 шаруа қожалық айналысады. Қант қызылшасын жинайтын 45 техника бар. Бүгінде агроқұрылымдар тарапынан күтіп-баптау шаралары атқарылуда. Ағымдағы жылы қант қызылшасы өнімінің сатып алу бағасы тоннасына 30 мың теңгені құрады. Яғни қант зауыттары өткізілген өнімнің тоннасына 15 мың теңге төлесе, мемлекет тарапынан 15 мың теңге субсидия төленетін болады, – дейді Тұңғыш Тынысбекұлы.

Марат ҚҰЛИБАЕВ Байзақ ауданы.