Қайырымдылыққа үндеу

 Бұрынырақта Шу ауданының ардагерлерлер ұйымы тұрғындар арасынан әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға қайырымдылық жасауға қызықтырып, үндеу жариялаған болатын. Үндеу аудан әкімдігінің бірқатар бөлімдері мен аудандық мәслихат депутаттарының қолдауына ие болған. Әрі аталған игі бастамадан «Рақым жауған Рамазан»  атты Ораза айында жоқ-жітікке, көп балалы, жалғыз басты аналар мен жалғызілікті қарияларға қамқорлық жасауды мақсат тұтқан акция бастау алған-тын.  Соның жүзеге асқан түрі жуырда Төле би ауылында орын алды.

DSC_0084Аудан орталығының тұрғындарына  ардагерлер кеңесінің мүшелері Ш.Малдыбаев, Ә.Орманов, аудан әкімдігінің қаржы, мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт, білім бөлімдері,  «Шу өңірі-Шуская долина» басылымы  және кітапхана қызметкерлері  т.б.  азаматтар  акция аясында әл-ауқаты төмен отбасыларға  азық-түлікке толы себеттер таратты.  Болар іске болысқан, ізгі мүддені мұрат тұтқан  ұжымдар жиналған тізім бойынша 20-ға жуық отбасылардың үйіне барып, сый-сияпат тапсырды. Тапсырып қана қоймай, нұсқалған акцияның мән-мақсатын түсіндірді.   Тұрмысы төмен кісілер назардан тыс қалмағанын ескертті.

DSC_0158Бұл игі шараға «Жастар ресурстық орталығының» бір топ жастары да  сүбелі үлес қосып, әрбір отбасыға ізгілік пен қайырымдылық жасаудан қашпайтын жандар  екендігін  жеткізді. Мәселен,  7 баланың анасы, «Алтын алқа» иегері  Гүлжан Дәрменбекова отбасына қамқорлық танытып, көмек қолын созғандарға алғысын айтты. Төле би ауылының тұрғыны Қалмағанбет Ахатаев көпшілікке өз өнерімен жақсы  таныс.   Ұйымдастырушыларға алғысын жеткізген  Қ.Ахатев өзіне сурет салуға қажетті жабдықтар керек екендігін айтып өтті. Және алдағы уақытта демеушілер табылып жатса жеке көрмесін жария еткісі келетіндігін жасырмады.

 Себет толы азық-түліктер діттеген мекендерге жеткізіліп, оны алушылар да зор ризашылыққа бөленді. Ыстық ықыласқа жылынған жандар алғыстарын айтып жатты. Мұндай мағыналы шаралар келешекте жалғасты болады дейді ұйымдастырушылар.  Әдетте, жасырын жасалған жақсылықтың сауабы басым болады. Алайда айналасына зейінмен қарап, мұқтаждын мұңымен бөлісетін ағайындар аз. Егер осы бір игіліктен үлгі алып, оңды шаруаны ары қарай дөңгелеткен көпшілік табылып жатса, акцияның негізгі мақсаты орындалды деген сөз.

 Байжан Емберді,

   Жамбыл облысы, Шу ауданы