Əр істі иесіне тапсыр

Ертеде Сайрам шаһарында жасы сексеннен асқан Мансұр деген патша болыпты.Бірде Бұқара патшасы Самани екеуінің арасында соғыс өрті тұтанды.Самани жеңіп, Мансұр зынданға түседі.
Жеті жылдан соң Мансұрдың Маржан деген жалғыз қарындасы іздеп келіп, Саманиден рұқсат сұрап ағасына жолығады. Самани рұқсат бергенімен де сенбей ізіне тыңшы салып қояды.
Маржан ағасымен көріскен соң Мансұр былай дейді: «Көшеде жұрт топталып жүр ме?
Медреседе шəкірт көп пе?
Тауда қар қалың ба?
Қыратта шие самсып тұр ма?”
Тыңшы дереу жеткізеді. Самани түк түсінбейді. Басы қатқан соң Мансұрды алдырып:
— Сен зынданда жатсың. Жұртың маған қарайды. Тағдырың менің ишарама байлаулы. Қаласам қазір ақ дарға тартам.Ақыреттің сұрағына дайындалмай, көшедегі халық пен таудағы шиені сұрағаның қай сасқаның?- деді. Сонда Мансұр:
-Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер деген. Мансұр бір күндік, жұрт мəңгілік. Халық — Құдайдың бір аты. Шаһардың хəкімі əділ болса, халқы бəділ (адамның айуанға айналуы) болмайды. Жұрты жəбір көрмейді, жəбір көрмегендер адамнан кəпір көрмейді.
Егер патша əділ болмаса ел екіге жарылады.Тоғышарлар той тойлап, биін билейді.Залымы момынды қамырдай илейді.Боқ жеген ауыздар жаласып, ылыққан иттей күйлейді.
Бұған ызалы халық жасырын жиын қылады. Тұрмысты қиын қылады. Бүлік шығаруға оқталып жүреді, көшеде топталып жүреді. Ал жеке-жеке жүрсе ел іші қауіпсіз деген сөз. Əр момын өз шаруасымен əуре. «Ел жұртым осындай апаттан аман ба?» деп хəкімнің хəлін сұрадым,-деді.
Самани сасып қалды. Бұқарада топтасып жүретін жұрттың қарасы көбейіп қалған еді. Онда да сыр бермей:
-Ал шəкірттерді неге сұрадың?-деді.
-Жаңбырменен жер көгереді, дұғаменен ел көгереді. Медреседегі мүридтер зікір, намаздан соң елдің амандығына дұға жасайды. Дұғадан дəметкен жұрт жұмадан қалмайды.
Жын-ойнаққа бармайды.Арамды аузына алмайды. Елге іріткі салмайды.
Кері кеткен ел баласын ұрлыққа баулиды, ілгері кеткен жұрт баласын ілімге баулиды. Сондықтан жұртымның берекесін ілімнің шырағынан іздедім,-деді.
Самани патша тағы да сасып, іші алай-дүлей болса да білдірмей:
-Ал таудағы қарда не ісің бар?- деді.
-Суы молдың нуы мол. Сайрам халқын таудағы қар асырайды.Диқаншылар еңбекте ерінбейді,
тұрмыста тіленбейді. -Қардың жайын ұқтық.
Шиеден не сыр тұттық? -Шие оң болса дəнді-дақыл мол болады. Біздің ел тары, бидай, жүгері, арпа өсіреді. Құстар көктемде кеп қояды, піскенше шоқып жеп қояды. Тауда шие көп болса, құстар сонымен тоқ болады.Ашаршылық жоқ болады.Халқымның қырманын шиенің аз-көбімен бағамдадым,-деді.
Мансұрдың соңғы сөзі Самани патшаның көңіліндегі қараңғы пердені жыртып жібергендей болды.Бейне бір көңіліне сәуле түсіп, кеудесі кеңіп сала берді.Оның қасында өзін балиғатқа толмаған шикі өкпедей сезінді. Жер шұқып отырып қалды. Бір кезде жалын ата күрсініп:
-Отыз жыл тақта отырдым, бұлбұлды бақта отырдым.Жұртымды зар илеттім, залымдарға ел билеттім.Сен сияқты даналарды зынданға тастадым. Ақымақ ақындарға өзімді мақтаттым.
Сен алғыс арқаласаң, мен қарғыс арқалаппын.Əр істі иесіне тапсыр деген. Мен білсем мына таққа лайықты патша сенсің,- деді де басындағы алтын телпекті Мансұрға кигізді…………….

Яссауи_феномені.
Онлайн Қазақстан.