Əр адам барға шүкіршілік еткенде дүниеге мейірім шуағы жайылады

Баяғыда қолы қарулы жігіт бір кісіні абайсызда жазым етіп алады. Қайтыс болған кісінің балалары жиналып, қазыға барады. Казы: «Жазасы — жанға-жан, өлім үкімі» — дейді.
Үкімге кесілген жігіттің соңғы сөзін тыңдайық деседі ел. Жігіт: «Жырақта тұрушы едім, дүниемді жанұяма табыстайын, еліммен, балаларыммен қоштасайын, қарыздарым бар еді, соны өтейін.
Үш күн рұқсат берсеңіз» — дейді. Сол кезде қазы көпшілікке қарайды да: «Бұған кепіл болатын адам бар ма?» — дейді. Ешкім үндемейді. Себебі, бейтаныс жігіт алдап кетіп, келмей қойса, оған кепіл болушы жазалануы мүмкін. Тағы сұрайды. Бұл жолы да ешкім үндемейді.
Сол кезде қарт сахаба Әбу Зар шығып: «Мен кепіл боламын. Оны танымаймын, бірақ, келмей қалса, жазасын өтеуге дайынмын» — дейді. Бәрі қатты таңқалысады.
Үш күн үш сағаттай өтеді де, кетеді. Халық қайта жиналады. Жігіт жоқ. Адамның бәрі уәде беріп кеткен жігіттің жолына қарап тұр. Бірақ ешкім көрінбейді.
«Алдады-ау» деп сандарын соққалы тұрғанда, алыстан жігіттің қарасы көрінеді. Жүгіріп келеді екен. Сонда оның уәдесінде тұрғанына бәрі таң қалады. Ол болса: «Ауылым алыс болғаннан кешіктім, бәріне үлгердім, енді өлімге дайынмын» — дейді.
Сонда қазы жігіттен: «Сен өлетініңді біле тұра осында келдің, неге қашып кетпедің?» — дейді. Ол: «Мен сертімде тұрмасам, кейін мұсылмандар арасында серт жойыла ма деп қорықтым, сол үшін келдім» — дейді.
Қазы Әбу Зарға бұрылып: «Сен бұл адамды танымасаң да кепіл болдың, себебі не?» -дейді. Әбу ақсақал: «Кепілге адам шықпаса мұсылмандар арасында бауырмашылық әлсірей ме деп кепіл болдым» — дейді.
Ал әкесі өлген балалар: «Егер біз кешірмесек, мұсылмандар арасында кешірімділік жойыла ма деп қорқамыз, сол себепті біз де кешірдік» — дейді.
Міне, уәдеде тұру, бауырмал болу, кешірімді болу, мейірімді болу бұлардың түбінде шүкір қылу тұрса керек.
Түйін: Əр адам барға шүкіршілік еткенде дүниеге мейірім шуағы жайылады екен.