Тағылымды кездесу

Ақтаудағы «Достық үйі» ғимаратында оқушылар мен студенттер Маңғыстау облысының көшбасшы тұлғалармен кездесті. Жиын ұйымдастырушылары Қазақстан халқы Ассамблеясының Маңғыстау облыстық хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» КММ.

– Бүгінгі ұйымдастырылып отырған шара, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне зор ықпал етеді. Жалпы, қызметте, бизнес саласында жақсы жетістікке жеткен тұлғалар өздерінің іс-тәжірибесімен бөлісті. Кездесудің түп мақсаты да осы деді –  «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Аманкүл Жайлханова.1460385409_img_2339

Сондай-ақ басқосуда, Маңғыстау облысы мәслихатының депутаты, «Forte Bank» АҚ Ақтау қаласындағы филиалының директоры Аббат Уримбаев өз мамандығына тоқталды.

– Алғаш жұмысқа орналасайын деп келгенімде, мені сол мекеменің басшысы көп уақытқа дейін қабылдағысы келмей жүрді. Алайда, соған қарамастан мен берілген тапсырманы орындап жүрдім. Өйткені, сол уақыт нан табудың, жұмысқа орналасудың  қиын қыстау кездері болатын. Нәтижесінде, мекеме басшысы мені жұмысқа  6 ай сынақ мерзімімен тегін жасайсыз деген бір ғана шартпен қабылдады. Келіспеске амал қалмады, содан берілген тапсырманы күні түні орындап, алдыма қойған мақсатыма жеттім. Осы сәтті пайдалана отырып, қазіргі жастарға айтарым, адам қиындықтан, сынақтан қорықпау керек. Маңдай термен табылған нанның, қашанда тәтті екенін естен шығармауымыз керек. Оңайлықпен олжаның да болмайтынын бүгінгінің жастары ескерсе екен. Оқу керек. Іздену керек. Өйткені, ақпарат күнде жаңарып отырады. Көштен қалмай ілесіп отырса, әлі де талай асуларды бағындырасыз – деді Аббат Уримбаев.1460385393_img_2392

Аббат замандасының пікірін Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдаулетовта бірауыздан қолдады. Бұл қызметке жақында келген А. Нұрдаулетов жаста болса, талай лауазымды қызметтердің басын ұстаған. Ол, Форт-Шевченко қаласының әкімі лауазымында болып, тұрғындардың талай мәселелерінің шешілуіне септігін тигізген.

– Мәселен, мен бұрын жүк тасушы болып жасағанымды қазір ұялмай айта аламын. Өйткені, әрбір еңбек бағалануы тиіс. Бастысы, адам шыдамды және еңбекқор болуы керек. Адамның бағындыра алмадым деген асуы болмайды. Бәрі өзіңіздің қолыңызда екенін әр уақытта ойыңызда түйіп жүріңіздер – деп атап өтті – А. Нұрдаулетов.

Қызметтегі жетістігімен «CRUZLogistics» ЖШС Батыс – Қазақстан аймағы филиалының директоры Вадодария Хитеш Чандра да бөлісті. Үндістан азаматы,  Қазақстанды екінші үйі санайды.  Тіпті, өзін қазақпын деп таныстыратын ол, қазақ тіліндегі атын Кеңес деп таныстырды. Бұлай оны достары атап кеткен екен. 1460385448_img_2342

– Мен Қазақтанда өмір сүріп сүріп жатқаныма 10 жыл болды. Сол уақыт ішінде мен бір нәрсені түсіндім.  Оқимын, еңбек етемін, деген адам үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Кез келген нәрсенің тетігін тауып, жұмыс істеуге болады. Тек, жалқаулар ғана жұмыссыз отыра береді. Тіпті, мен білетін бірнеше ел бар, қанша жұмыс істегің келіп тырссаңда ештеңе таба алмайсың. Сондықтан, қиындықтардан қорықпау керек, сонда ғана көздегеніңізге жетесіз.

Басқосуда Амал мерекесі қарсаңында өткізілген AmalTalks интеллектуалдық конференциясы туралы «IT-тірлік» онлайн журналының авторы Тимур Бектұрда біраз ойымен бөлісті. Ол, студенттер мен оқушыларды интеллектуалды конференция ұйымдастырудың қазіргі заман технологиясы арқылы жүзеге асыруды баса айтты.

«HiTech Trading Kazakstan» компаниясының директоры Марат Олейников пен «Қаражанбасмұнай» АҚ жанындағы «Жас мамандар кеңесінің» кеңесшісі Думан Ахметовта өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. Қызмет барысында кездескен қиындықтар мен қызықтар туралы жастарға ой тастады.

Өз кезегінде жастар толғандырып жүрген сұрақтар бойынша тиісті мамандардан жауап алды. Жоғары дәрежелі мамандар, өз істерінің шебері жастарға жеке кәсібін бастау үшінде біраз мәлімет берді.

Айман Оңғарбайқызы

Маңғыстау облысы