ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ, БІРАҚ АЙТЫЛМАЙ ҚАЛҒАН «БІР ЖЫР БАР»

Қазақ танымында келер жылға үміт артылады, кетер жылға тәубә айтылады. «Жаңа жылда жарылқа, ескі жылда есірке» дейтіні содан болар. Дегенмен қай жыл болса да қазақ үшін қадірлі. Жаманы жоқ. Әйтсе де «қоштасып кетіп бара жатқан» жылдағы атқарылған істерде, мемлекеттік басқаруда, экономикалық межеде, билік басында болып жататын ауыс-түйістерде, қоғамдық сілкіністе жақсылық пен жамандықтың, ілгерілеу мен кері кетудің, толысу мен тоғысудың, мыңбұрау мен құлдыраудың итжығыс түсіп жатуы заңдылық. Онда доңыз жылына долбар жасамай, толымды ойымызды білдірген жөн болар. Себебі долбардың артында – бал ашу, толымды ойдың артында жан ашуы – тұрады ежелден. Осыны ескерте кеткіміз келеді! Сонымен, шынымен де доңыз жылы несімен есте қалды? Билік пен халықтың арасына сызат түспеді ме? Жылда жүректі тербейтін, жарқын өмірге «құлаш сермейтін» жолдаулардың атқарылуы көптің көңілінен шыға алды ма? Үкіметке берілген, министрліктер мен облыс әкімдеріне жіберілген миллиардтардың игерілмеуі қалай? Қандай шенеуніктің сөзі бұл жылы хитке айналды? Кімге халық сенді, кімнен бұқара безінді? Бұларды білу баршамызға қызық, әрине! Қандай жағымсыз оқиғалар болды, ол да ұмытылмауға тиіс!

Ең өкініштісі, 2019 жылдың екінші айы бастала бере (4 ақпанға қараған түні) Нұр-Сұлтан қаласындағы Көктал-1 тұрғын үй алабында алапат өрт болды. Жер үйлердің бірінде шыққан жантүршігерлік өрт салдарынан бір отбасының 5 баласы қаза болды. Қаза тапқан балалардың анасы пластикалық карталар шығаратын зауытта істеген, ал әкесі, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметіне сәйкес, техникалық қызмет көрсету станциясының (СТО) жұмысшысы болған. Отбасы тұрмысы нашар тұрғындар арасында тіркелмеген, жергілікті атқару органдарынан ешқашан көмек сұрамапты, баспана кезегінде де жоқ. Бірақ көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы алып отырған. Астанада тұрып жатқандарына 10 жылдың жүзі болыпты.  Мұндай отбасылардың Астана төңірегінде қаншасы тұратыны әлі күнге жұмбақ! Отқа оранып жатсақ та, оттан ыстық отанымыз – көп дүниені құлыптап ұстап, кілтін ешкімге бермей отыр…

2019 жыл ереуілімен, 21 мың теңгелік  жырымен ерекшеленді

                      Сәуле Мешітбайқызы
Осы бір қайғылы оқиғадан кейін ел ішінде билікке қарсы түрлі көзқарастағы адамдар, әсіресе әйелдер «толқуы» белең алды. Францияның ұлттық батыр қызы Жанна Д’арк Орлеан қызы секілді қол бастамаса да, ащынған кей аналар жетімсіздіктің зарын айтып Астана әкімдігін жағалап жүрді. Тамағы тоқ, көңілі көк, үсті-басы алтынға толы арандатушы әйелдердің  ауыл-аймақты дүрліктіріп,  отқа май құйып, алау оттың ішінде есі кеткен көбелектей көлбеңдегендері де рас. Күріштің арқасында күрмек су ішкен заманға не дерсің енді!
Шын мұқтаждар көп жағдайда  тасада қалып, қорқытып-үркітуге құныққандар тұрмыстың төмендігін сылтауратып, күнкөрістің қиындығын желеу етіп, баспана мәселесін тереңдетіп Үкімет пен Парламентке, одан қалса жоғары соттың қасына ереуілге шығуды әдетке айналдырды. Тіпті бірнеше рет Ақорданың жанына жиналып, талабымыз орындалмаса бұл жерден кетпейміз деп отырып та алды.
«Тынбай тамған тамшы тас жарады» деген рас болып шықты. «Күштінің құйрығы дирмен тартып жатса да»,  елдің дүрлігуі мен әйелдердің бірігуі ақыры Тұңғыш президенттің де құлағына жеткен секілді.  Отқа оранған бес баланың қайғылы оқиғасы сәл сабасына түсе бастағанда, арада 23 күн өткенде Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезін өткізіп, сол жерде Үкіметке қатаң тапсырма жүктеді.  «Тұрмысы төмен азаматтарға және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету керек. Әр қазақстандық отбасы жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін болашақта емес, дәл бүгін сезінуі тиіс. Әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдауды күшейту қажет деп санаймын», – деді. Елбасының айтуынша, елімізде 340 мыңнан астам отбасында кемінде төрт бала бар. Жыл сайын баласы бар отбасыларды қолдауға 500 миллиард теңге бөлінеді.

«Бірақ, әр отбасының кірісі әртүрлі. Біреуінікі аз, біреуінікі орташа, енді бірінікі көп. Осыны ескеру керек. Миллионерлерге мемлекеттен қосымша көмек көрсетіп не керек. Мемлекет, ең алдымен табысы төмен көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуі тиіс. Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы баласы бар отбасыларды қолдау үшін көпбалалы отбасыларда әр балаға ең төменгі төлемді 21 мың теңге шамасында бекітуді тапсырамын», – деді Назарбаев. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» 2019 жыл, көпбалалы отбасыларды бақуатты, бай-қуатты мемлекеті өгейсітпей өз қамқорлығына алған, бауырына басқан «бауырластық» жылы болып тарих еншісінде қалары сөзсіз! Өйткені 21 мың теңгенің жыры мен сыры, мұңы мен құны, бағасы мен мағынасы, бергені мен тергені, дауы мен жауы, жалыны мен арыны, оты мен соты әлі өршіп тұр…. Көптің көңілінен шығу оңай ма негізі. Былық пен шылық та, тамыр-таныстық та көп болып шықты бұл істе. Қулық пен сұмдық та араға киліккені кейін белгілі болып жатыр. Нәпсіге ерік берген қу дүние-ай дейсің осындай да. Ардың өзі ақша құл болса, ақиқаттың ауылы алыстай беретіні рас екен ғой?
Шарасыз биліктің қылығы да күлкілі кейде. Тәтті беріп баланы алдағандай бишара кейіпке түсуі де бір бұл емес. Халықтың толқуы мен қарпуынан именіп, өзгеше бір бейкүнә «күйге еніп» халықтың ашуын басуға, қышыған жерін дөп басуға талпынысы әрине өз жемісін беріп келеді. Оны баса айтуға тиіспіз. Өйткені 2020 жылы көпбалалы отбасыларға (4 баладан жоғары) табыс көзіне қарамай 10 – 11 мың теңге берілетіні айтылуда. Бұл да болса халыққа үлкен көмек. Тек оның арты алдарқатудың, артқа тартудың, уақыт созудың, өзге елдерден қағаз жүзінде озудың үлгісі болып қалмаса бопты дейміз – дағы. Аузы күйген үрлеп ішедінің кебі біздікі баяғы….
Аталған мемлекеттік жәрдемақыны енгізу Мемлекет басшысының осы жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек министрлігі әзірлеген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың негізгі үш бағытының бірі болып табылады. Жауапты министрлік заң жобасын Парламент қарауына енгізді. Жоғарыда аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға – 53 125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленеді. Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды, бұл 2018 жылдан бастап тағайындалмайтын осыған ұқсас жәрдемақыдан 4-7 есеге көп.

НАЗАРБАЕВ ТОҚАЕВҚА СЕНДІ,  АЛ ҚОСАНОВ КІМ?

Қуаныш бар жерде күдіктің де ілесіп жүретіні-ай осы. «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» демекші, жәрдемақаның өсуі,жалақының самал желдей есуі – тарифтердің көтерілуіне, қымбатшылықтың жетілуіне апарып соқпай ма деген халықта үлкен қауіп барын да айта кеткеніміз дұрыс. Алайда сәуір айында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың қаржы регуляторы инфляцияның таргеттеу саясатын жалғастыратынын атап өткені көңілге демеу, жүрекке сүйеу!
«Ұлттық банктің негізгі мақсаты – инфляцияны 4-6% аралығында ұстап тұру. Ұлттық банктің бағалауы бойынша, әлеуметтік қолдауға қосымша қаржының бөлінуіне байланысты шығыстардың өсуі инфляциялық үдерістердің жеделдеуіне айтарлықтай әсер етпейді. Біздің болжам бойынша биыл инфляция мақсатты дәлізде сақталады», – деді. Демек, қалт-құлт еткен баға саясаты келер жылы қалай құбылатыны белгісіз! Өйткені қазірдің өзінде нарықтағы бағаның жел айдаған қаңбақтай «ұшарын жел, қонарын сай» біледі…
Сонымен… Тарих парағына хатталған, ел есінде сақталған оқиғаның бірі, бірі емес-ау бірегейі Тұңғыш Президент Елбасының халықтың алдына шығып, жүріп өткен жолымызды шотқа қағып, дүйім елге алғыс айтып, 30 жыл тақымдаған, өзінен басқа тірі жан жақындамаған арғымақ – мансапты, қолы қарысқан билік тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа беруі десек шындықтан алыс кете қоймаспыз! Бұл өзі демократиясы қалыптасқан, парламенті «ауыздығын шайнап» алып қашқан, үкіметі «ақырын жүріп, анық басқан», оппозициясы биліктің кем-кетігін айтып отыратын «жалықпастан» елдерде үйреншікті жайт. Алайда бізде, тәуелсіз елімізде мұндай жағдайдың орын алып отырғаны алғаш рет. Сондықтан да ел арасында «бұдан кейінгі тірлігіміз қалай болады, билік бұйдасын сенімді қолға тапсыра аламыз ба?» деген сан түрлі ойлардың желді күнгі қайықтай тербелгені де есімізде.
Мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізіп барып халық «ух» деді. Өйткені алыс-жақын шет елдерде жауапты қызметтер атқарып, ел үкіметінде де ең биік лауазымдарды басқарып ысылған Қасым-Жомарт Тоқаев, елбасы айтқандай «жауапкершілікті сезінетін», елі үшін егілетін, қарапайымдылығымен «алыстан» көрінетін, өзіне үміт артқан адамға «жан тәнімен» берілетін президент ретінде «дәуір жүгін» иығына салды. Жыланның жымын білетін, қиырдағыны қиналмай көретін әккі саяси сарапшылардың Тоқаевқа берген бағасы да ерекше. «Былық-шылықтан» ада, «ұрлық-қарлықтан» таза, өткен өмірінің бұлтарыс-қалтарысы аз, мәдениеттілігі жайқалған жаз, халықтың тұрмысымен таныс, жалған сөйлеуден алыс деп отыр олар. Лайым солай болғай!
Осы жылдың еншісіндегі елді елең еткізген жаңалықтың төресі – кезектен тыс президент сайлауындағы оқиға. Оппозиция «терісін» жамылып шыққан Қосановтың іс-әрекеті де көпшілікке сабақ болды. Артынан ерген дүйім жұртты жеме-жемге келгенде күресінге лақтырып кеткендей «қимылы» аңызға бергісіз қойылым еді… Бұл спектаклдің жалғасы келешекте де қойылуы ықтимал деген ойдамын. Өйткені бір кездегі «жіліктері тоқпандай», азулары «оқпандай», жүректері «темірдей», ашулары «желімдей» оппозицияшыл азаматтардың көбі, билікпен бірге «ауысып», сөз қорларын тауысып алғандай кейіпте жүр. «Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болуға» ынтық жүректен, от ауызды Махамбет пен жүрек жұтқан Исатайдың образында ойнайтындар шыққанымен, шынайы тағдырына бойлайтындар некен-саяқ екенін естен шығарып алмасақ екен?…Жә, айтпақ ойымнан ауытқымай арнама түсейін.
Қосановқа «құдайдай сеніп», шындық «алаңын» «құландай кезіп», ақырында рухани қатты соққы алып, кейіннен сең соққан балықтай кепті басынан кешкендер қоғамда әлі «теңселіп» жүр. Ақиқат пен жалғандықтың арасы – ат шаптырым емес, бір-ақ адым жер екенін уақыттың өзі көрсетіп берді. Құлай сенудің артында – құмай сенімнің қапияда құлағаны ғана обал. Әйтпесе, уақыт емші бәрін де жазып алады емес пе…
Бұл да өз кезегінде алдамшы партия мен алданыш партияны, шынайы партия мен сыңайы бөлек партияны халықтың тереңірек тануына себесін болғаны рас. Шынын айту керек, көптің саяси көзі ашылды осыдан кейін. Баяғыдай қара көрсе аттандап тұра шабу, болмашы нәрсеге күйіп –пісу, бір адамға құлай табыну тәрізді сан жылғы әдеттен халық қазір арылып келеді. Не нәрсеге де байыппен қарау, ұстамдылық таныту, ақырын күту басым. Бұл өз кезегінде жылтырағанның бәрі алтын емесін, қарауытқанның бәрі тау емесін көрсетіп берді.
Доңыз жылын еске алғанда, Арыс оқиғасын келер ұрпақ ұмыта қоймас. Олар: «Қайталанған Арыс оқиғасы билікке сабақ болды ма?» деген сауалға келешекте жауап іздейтініне біздің шүбәміз жоқ.
Түркістан облысындағы әскери қоймада болған жарылыстан үш адам қаза тапқан соң, Қазақстан билігі нысанды қаладан көшіруге уәде берді. Қайғылы оқиғаға дейін артиллериялық қару-жарақ қаладан небары 200 метр жердегі қоймада сақталып келген еді. Болашақта мұндай төтенше жағдай қайталанбас үшін не істеу керектігі айтылды да, жазылды да. Енді содан қорытынды ғана күтуде халық!
Қалай десек те Арыс оқиғасы халықтың ынтымағы мен бірлігінің әлі де күшінде екенін дәлелдеп берді. Жұдырықтай жұмылған халық – үлкен күш екеніне Арыс оқиғасы жарқын мысал.

ЖЕМҚОРЛЫҚТАҒЫ ӨЗАРА КЕЛІСІМГЕ ҚАРСЫМЫН!

Бұл жылы да жемқорлықпен күрес жалғасын тапты. Күрес күшейгенімен жемқорлық дес бермей тұр. Ұсталып та жатыр, қамалып та жатыр. Осындайда қазақ ертегілері еске түседі. Онда үш басты айдаһардың басы кесілгенімен, күш қуаты азаймайтын еді ғой. Біздің билік тармағындағы жемқорлық та тап солай өршелене түсуде. «Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша, сыбайлас жемқорлықтың салдарынан әлемнің ЖІӨ жыл сайын шамамен 2% жоғалтады, бұл 1,5-2 трлн долларға тең. Егер Қазақстан бойынша осындай есеп жүргізсек, еліміз жыл сайын шамамен 3,8 млрд доллар қаражат жоғалтады екен. Қорқынышты мәлімет пе? Өте қорқынышты!
Жаңа президент те сыбайлас – жемқорлықпен алысып-ақ жатыр. Қайтсін, енді! Әй, бірақ, әбден шатасқан жүйедегі шимай-шатпақ түйіні жуық арада тарқатыла қояды дегенге сену қиын. «Ауыру батпандап кіріп, мысқылдап шығатыны» рас қой?
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевты қабылдады тамызда. Онда көп мәселе айтылды.
Дәлірек айтқанда, президент қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық әрекеті үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын қызметінен босату институтын енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормативтік-құқықтық актілерді сараптамадан өткізуді қайта қалпына келтіру, мемлекеттік қызметшілердің заңсыз баюы, кіріс және шығыс декларацияларын жариялау жауапкершілігі жөніндегі шаралардың маңыздылығына назар аударды. Егер бұл айтылғандар жүзеге аса бастаса, орынбасарын отқа жұмсап, оққа тосатын «біріншілердің» басына тықыр таянар еді….
Бұған дейін де Қазақстанда «парамен ұсталған, қызметін асыра пайдаланған, ақша жымқырған» ондаған шенеунік айыппұл төлеп мерзімінен бұрын қамаудан босап шықты. Бұл да халыққа түсініксіз жайт. Меніңше жемқорлықпен жүйелі түрде күресу керек. Ұстап ғана қоймай, істі соңына дейін жеткізу қажет. Мәселенің бір ұшы – сот жүйесінде. Екіншісі – процессуалдық келісім. Қылмыстық заңнамада келісім болуына қарсымын мен. Жемқорлық өршіп тұрған сәтте келісімге келу әдісі, керісінше, парақорлықты ұлғайта ма деп қорқамын. Себебі қоғам олар қалай келіскенін білмейді ғой.
Енді қолда бар мәліметтерді сөйлетейік: 2016 жылы маусым «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы құрылыс департаментінің жетекшісі Қажымұрат Үсенов «қызметіне асыра пайдаланды, бюджет қаржысын шашты» деп айыпталып, 2 жылға сотталған. 2017 жылы сәуірде рақымшылықпен босап шықты.
«Мердігер компанияға тендер алып беру үшін ірі көлемде пара алды» деп айыпталған Қостанай қаласының әкімі Ахметбек Ахметжанов 2016 жылы 13 жылға сотталған. Бірақ 2019 жылы сәуірде шартты мерзіммен босап шықты.
«Қорғас» шекаралас ынтымақтастық орталығының бұрынғы президенті, «1 миллион доллар пара алды» деп айыпталған Василий Ни мен оның әріптесі Махаббат Сайдуллаеваны сот қылмыстық жауапкершіліктен босатқан. Судья олардың «бұрын сотталмағанын, тағылған айыпты толық көлемде мойындағанын» ескерген. Үкім 2017 жылы сәуірде шықты.
«25 мың доллар (шамамен 10 млн теңге) пара алды» деп айыпталған Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Серікбол Мусиновке сот 240 млн теңге айыппұл (631 мың доллар) айыппұл салды. Үкім биыл мамырдың 19-ы күні шықты.
2010 жылы қарашаның соңында «Қазақстан инжиниринг» компаниясы төрағасының орынбасары Қанат Сұлтанбеков «пара алғаны үшін» екі жылға сотталған. Кейін Әскери сот алғашқы инстанцияның шешімін өзгертіп, оған 2 миллиард 139 миллион теңге (1 доллар – 380 теңге) айыппұл салған.
«4,3 миллион теңге пара алды» деп айыпталған «ҚазМұнайгаз» өнімдері компаниясы директоры Қуандық Қалмұрзинге 129 миллион теңге (алған парасынан 30 есе көп) айыппұл салынды. Үкім 2019 жылы ақпанда шықты.
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 366-бабында пара алғандарға мүлкін тәркілеу, өмір-бақи мемлекеттік қызметтен шеттету, 7-12 жыл түрме жазасына кесу жазасы қарастырылған. Немесе парамен ұсталғандар, ақша жымқырғандар шығынды 60-70 есе көп көлемде қайтаруы тиіс. Бірақ біздің қоғамда тауық ұрлағандар жазаланып, миллиярдтарды жалағандар «бағаланып» жатқандай көрінеді. Бұл бірдің емес, мыңның ойы!
Егер осы жылдың ең «әділ» жаза номинациясы белгіленсе оны «Жемқорлық» айыбымен ұсталған Қазақстан білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева иеленері анық! Бірнеше айға созылған сот процесі жеме-жемге келгенде оны айыппұлмен сот залынан босатып жіберді. Заңға кемел, білікті сарапшылар «Суханбердиеваға шыққан шешім Қазақстанда тенденцияға айналып кете ме?» деген қауіптерін жасырмай жазды. Иә, мұндай күрес әдісімен жемқорлықты жеңу қиын-ау…
Айтпақшы, Суханбердиева ханым қамауда отырғанда «Түрме вице-министрдің көзімен» атты кітап жазып тастапты. Бізге қызығы ол кітапта не жазылғаны….
Сот үкімі мен вице-министрдің «кітап жазғанын» әлеуметтік желі қолданушылары сынап, кекесін пікір білдірді. Ұстаздар құқығын қорғаумен айналысып жүрген нұр-сұлтандық мұғалім Аятжан Ахметжанұлы Facebook парақшасында «қызметін асыра пайдаланған, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысады да, 6 миллион теңге айыппұлмен құтылады. Бұл анекдот емес, бұл – Суханбердиеваның сот нәтижесі. Әттең, бес том жазғанша ұстай тұру керек еді, түрме әдебиетінің жаңа туындысын құрбан еттік» деп жазды.
Бұл жылы әлеуметтік желі туралы да аз айтылған жоқ. Оның зардабы мен пайдасы туралы «Ел боламын десең əлеуметтік желіні түзе билік» атты мақаламыз да жарық көрді. Естір құлақ болса есті сөздер айтылды. Жаңа жылда заң шығарылмаса, блогерлерге «Асауға тұсау» жасалмаса, еркіндіктің арты, ерке баланың қылығына ұқсап барады. Блогерлердің әбден машықтанып алғаны сондай арандатудың түрлі жолдарын меңгеріп атқарушы биліктің жолын кесіп, «дөң-айбат» көрсетіп жүр. Кей əкім – қаралар блогерлер не дейді деп, солардың қас қабағына қарайтын заман туды. Бұл бір «айықпас кеселге» айналмай тұрғанды, сылып тастаған дұрыс-ау….

ҰСТАЗДАРДЫ ҰЛЫҚТАУҒА ДАЙЫНБЫЗ БА?

Жемқорлық демекші, жол саласындағы осы жылғы сыбайлас – жемқорлықтың ұшар басында LRT құрылысы көш бастап тұр. Қазақстан астанасында жеңіл рельсті көлік құрылысын салу барысындағы жемқорлық әлемге әйгілі Италия мафиясын да жолда қалдырардай сан қилы. Дамыған 30 елдің сапынан көріну үшін LRT салынуға тиіс. Бірақ ол әзірге арман ғана…
Сонымен жеңіл рельсті көліктерге арналған эстакаданың ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды. Оның әр шақырымның құрылысына 68 млн доллар қаржы жұмсалмақ болған. Оңтайландырудан кейін жобаның жалпы құны 1,5 млрд доллар болып бекітіліпті. Әйтсе де қотанға түскен қасқырдай аш көздердің кесірінен бұл жұмыстың әзір бітуі екіталай. Себебі бөлінген қаржының ту-талақайы шығыпты. Қашқындардың ірісі шетел де, «інісі» түрме де жүр.
Айпақшы, осы жылы Астанада өртке оранған үйде ажал құшқан бір отбасының бес баласының өлімінен соң жұрт есін енді жия бастағанда Forbes журналының мұқабасына 500 мың теңге тұратын пиджакпен сыланып шыққан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың әрекетін жыл «модасы» десек жарасар. Өзі де «Атың шықпаса жер өрте» дегендей елді бір шулатты, ер екен!. «Атынан да» аунап түсті. Бірақ ол сөз бе екен оған….
Бұл жылы хитке айналған оқиғаның төресі екі сиыр төңірегінде өрбіді. Тамыз айының ортасындағы Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы бұл сөзімізге дәлел. Сол жолы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетке алақан жаятындарды сынаған болатын. Елбасы көмек сұрай беретіндерге «екі сиыр сатып ал да, өзіңді асыра» деп кеңес берді. Бұл сөз сол сәтінде хитке айналып ел ішін кезіп кете барды.
Бұл жылдың еншісінде жағымды жаңалықтар да көп. Соның ішіндегі доңыз жылының қуанарлық табысы – мұғалімдер мәртебесінің көтерілуі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: – Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз. Ұстаздарды бөтен жұмыстарға жегу де сап тыйылады. Білім және ғылым министрлігі «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң жобасын әзірлеп үлгерген. Парламент қарауына жіберіліпті. Мұғалімдер тек бала оқытуға ғана бас ауыртуы керек. Ал бөгде жұмыстарға жұмсайтындар қатаң жауапкершілікке тартылады» деп жетім баладай жалтақ мұғалімдерге жанашырлық танытты.
«Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат – орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс. Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары. Бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек» деді. Бұл да қоғамдағы түйіткілді проблеманың өзегі!
Қала мен ауылдағы мектептердің сиқы бөлек. Ондағы білім беру сапасы да салыстыруға келмейді. Шалғайдағы елді мекендерде білікті ұстаздар тапшы. Жақсы маманның шетке кеткісі жоқ. Осы олқылықты түзеу үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы әзірленіп еді. Бірақ нәтижесі ел күткендей емес. Сондықтан Мемлекет басшысы бағдарламаның аясын кеңейтуді тапсырды. Қаржыландыру келесі жылдан бастап 20 млрд теңгеге ұлғаяды. Президент: – Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын» деді. Демек, диплом сатып, қалтасын қалыңдатып жатқандарға енді тықыр таянады. Қасым-Жомарт Тоқаев араны ашылғандармен күрес тіптен күшейетінін ескертті.
Бұдан былай, жоғары оқу орындарының деңгейі – түлектердің жұмысқа орналасуымен өлшенеді. Оқулықтағы олқылықтар да жұрттың шымбайына әбден батқан. Мемлекет басшысы осы тектес мәселелердің барлығы білікті ұстаздардың аздығынан туындап отырғанын жасырмады. Сондықтан мұғалімдердің мәртебесін дереу арттырып, олардың табысын еселеуді тапсырды. Әрине, сөзде сүйек жоқ дейді қазакем. «Балапанды күзде санайды» деген де бар. Сондықтан талай тәтті сөзге малданып, кейін алданып қалған ел азаматы ретінде, «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегенге малдана тұрмақпыз…
Ойбай, елдің әл-ауқатын артыратын мемлекеттік бюджет жайлы қалай айтпай кетерсің. Бірінші вице-премьер – қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 8 триллион 514 миллиард теңге кіріс жиналыпты. Өте тамаша көрсеткіш! «Мемлекеттік бюджет бойынша кірістер 101,3%-ке асыра орындалды. Республикалық бюджеттің таза кірісі 6 триллион 219 миллиард теңгені құрады», – деді ол үкімет отырысында. Бұған да шүкір! Кірістер, негізінен, ішкі тауарларға салынатын қосылған құн салығы, корпоративтік табыс және халықаралық сауда мен сыртқы операцияларға салынатын салықтар есебінен өскені де айтылып қалды.
Ал жалпы мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,3%-ке атқарылған, 69 миллиард теңге атқарылмай қалған. «Оның 19 миллиард теңгесі үнемдеу болды. Игерілмегені 50 миллиард теңге», – деді Смайылов. Егер түбінен қотарсақ, милиярдтаған қаржының игерілмей қалуы – іскерлік меже емес. Олар діттеген жеріне дөп тиіп жатса, әлеуметтік мәселенің де еңсесі әжептәуір көтеріліп қалар еді-ау…
Ащы ішектей шұбатылған латын әліппиі жайлы айтар сөз көп. Оның нақты нүктесі әлі қойылмай тұр. Латын әліпбиіне ауысу бүгінде еліміздегі ең өзекті мәселе екені даусыз. Өткен тарихқа көз салсақ Түркия мемлекеті латын қарпіне көшу арқылы өз жазбалары мен таңбаларын нақтылап алды. Ал Өзбекстан мемлекеті соңғы 30 жылдың бедерінде латын әліпбиіне көшу жағына қаншалықты күш жұмылдырылса да, әлі күнге дейін нақты нұсқасын жасай алмауда. Еліміде ел тарихындағы айтылу қадамға бұрнағы жылы қадам басты. Алайда екі жылда латын қарпінің нұсқасы үш мәрте ауыстырылып, үш мәрте өзгертілді. Бұл не айғартады? Мемлекетіміз латын әліпбиіне көшуге дайын еместігін ба, әлде?… Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиінің нұсқасын тағы бір мәрте ауыстырып, толықтыру қажеттігін айтты. Сол-ақ екен өңірлерде атауларды латын қарпіне ауыстыру шорт тиылып, арнайы бұйрық келмегенше атауларды баз қалпында қалдыру туралы шешім шығарылды. Әрине мұндай қадамда үш өлшеп барып, бір кескен абзал. Алайда сонда бұған дейін жаппай ауыстырылып тастаған атаулардың ертеңі қалай болмақ? Егер латын қарпін Президент тапсырғандай тағы өзгеретін болса, атаулардың бәрі тағы өзгереді деген сөз бе? Ал бұдан бүгінгі дағдарыс заманында қазынаға қаншалықты зиян келеді? Оны есептеп, ескеріп жатқан адам бар ма? Екіншіден, бүгінде латын қарпі арқылы хат танымайтын халықтың саны ұшан-теңіз екені даусыз. Қарапайым зат беттеріндегі бірлі ауыз сөздердің өзін оқи алмай отырған бұқара латын қарпінде толықтай хат танып, жазу жазып кетеді деген сену қиын. Сонда бұл қадам арқылы біз сауатсыздардың қатарын көбейтіп алмаймыз ба? Ауылдағы ағайынды айтпағанның өзінде қалалықтардың өзінің бұған дейін үш мәрте ауысқан латын қарпінен милары әбден қатты. Ертең латын әліпбиіне тағы толықтырулар енгізілсе, бұл қиындықтың үстіне қиындық тудырмайды ма? Рас қазір бірлі-жарым мекемелерде латын әліпбиінде диктан жаздырып, бірлы-жарым орталықтарды оқуты курстарын өткізудеміз. Алайда одан тұтас халықтың сауаты ашылып кетеді дей алмаймыз ғой? Сондықтан бұл мәселені байыппен шешу керек сияқты. Егер осы латын әліпбиіне ауысуға бөлініп жатқан миллиардаған қаржығы басқа бағытқа бұрсақ, бізге біреу қой дейді ма? Өздеріңіз ойлап қараңыздар, ертең латын әліпбиінің нақты бір нұсқасы бекітіліп болды дегеннің өзінде, қанша тарихи жазбаларымыз бен кітаптарымызды, құнды құжаттарымызды латын қарпіне ауыстыруымыз қажет. Бұдан біз ұтамыз ба, ұтыламыз ба? Қаржылық тұрғыдан келгенде ұтыларымыз хақ. Әрине байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Алайда артық қыламыз деп, тыртық қылып алмасақ болғаны. Осыған зер салып зерделей, бұқараның да бір ауыз сөзі мен тілегіне құлақ түріп, шешім шығарайық құрметті ел тізгінін ұстаған азаматтар!

ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВ ТАРИХЫМЫЗДЫ АЙҚЫНДАП БЕРДІ,

ЕНДІ ОНЫ ТҰҒЫРЫНА ҚОНДЫРУ ҰЛЫ МІНДЕТ!

ТҮЙІН: Бұл жылдың ел тарихының жандануына қосқан үлесі де мол. Ел президенті Қ.Тоқаев 1269 жылы Талас құрылтайында дербестігі толық мойындалған Алтын Орда (Жошы ұлысы, Ұлық ұлыс) империясының 750 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы мәлімдеді. Жошының ұлдары Бату хан негізін қалап, Берке хан іргесін бекіткен Алтын Орда Мөңке Темірдің билігі тұсында 1269 жылы Талас өзенінің бойында шақырылған Шыңғыс ұрпақтарының құрылтайында бір-бірімен татулықты сақтай отырып, өз ұлыстарында тәуелсіз саясат жүргізуге өзара мәміле жасасып, өз алдына дербес империя екенін толық мойындатуға қол жеткізді. Демек, тарихымыз тереңде. Оны жарқырата көрсету әр қазаққа сын болғалы тұр…
«Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс. Бұл жұмыстарды Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу қарсаңында бастау керек», – деді президент. Сонымен қатар, Тоқаев «Біз Алтын Орда негізін қалаушы Жошы ханға міндетті түрде құрмет көрсетуіміз керек. Аса маңызды миссия: бүкіл әлемнің назарын осындай тарихи тұлғаға аудару және оның кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру» қажеттігін де баса айтты
Бұл жылды қорытындыласақ газетіміз үшін де жаман болмаған тәрізді. «Nur Otan» партиясы, ҚР Ауылшаруашылық министрлігі, Халықаралық «Қазақстан дәуірі» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналы, «ЕлАна» сайтының бірлескен жобалары өз нәтижелерін беріп келеді. Бұл дәстүрлі экспедицияға айналғалы қашан? Халықтың мұң-мұқтажы, кем-кетігі, жетістігі мен өр істері де баспасөз арқылы халыққа тарап, жыл аяғында Ауылшаруашылығы мамандары, «Nur Otan» өкілдері және Парламент депутаттары мен қоғам белсенділерінің қатысуымен жыл бойғы жұмыс қортындыланады. Бұл жиында ел еңбеккерлерінің өтініш-ескертпелері мен қарапайым халықтың талап-тілегі айтылмай қалған емес. Жауапты органдардың жауаптары да тиянақты беріліп, экспедициямыз халық пен билік арасына алтын көпір болып келе жатқаны қуантады. Әріге бармай–ақ былтырғы жылы «Ауыл – рухани жаңғырудың қайнар көзі» атты дәстүрлі экспедициямыз биыл «Ауыл-ел бесігі» деген атаумен республиканы, алыс-жақын елді –мекендерді түгелге жуық аралап шықты. Біздің газетіміз бен журналымыздың тілшілерінің ел ішін еркін аралап, халықпен емен-жарқын сұхбат құруын қолдап келген Ауылшаруашылығы министрлігі мен «Nur Otan» партиясы басшылығына айтар алғысымыз шексіз. Әсіресе биылғы «Nur Otan» басшылардың бізді ерекше қолдағаны, қорғағаны рас. Халық пен баспасөздің құстың қос қанатындай жарасым табуына, өздеріне керек мәліметті дер уақытында алып отыруға деген ашық пейілдері өзге де жауапты органдарға сабақ болғай. Келер жылы да олармен бірлесе жұмыс істейтінімізге сеніміміз зор. Ел тынысын ашатын айдарларымыз бар. «Шымкент шырайы», «Астана ажары», «Қамшыбасар», «Түркі дүниесі» т.б. Жаңадан ашылған «Мұнайлы Астана», «Ұлытау – ұлт ұясы», «Ұлттық кеңес», «Халық және Президент» айдарлары уақытпен үндесіп тұр. Алдағы кезеңде замананың бүйрегі болып бүлк-бүлк етіп тұрған дүниелерге баса назар аударылмақ!
Қазақ «Бір биеден ала да, құла да туады» деген рас екен. Ел мен жерді аралаудың өз қызығымен қатар қиыншылығы да жетіп артылады. Облыс әкімдерінен бастап, аудан, ауыл әкімдеріне дейін түрлі мінез-құлыққа ие. Біреуінен жадырып, жаңарып шықсаң, енді бірінен таңырқап, «аңырап» шығасың. Бірі кішіпейіл, мырза көңіл, екіншісі тәккәппар, сөзі жеңіл. Бірі ұлтқа жаныашыр, халықшыл, өз пікірі мен мінезі бар тұлға, енді бірі ескі сүрлеуден аспаған, жаңашылдыққа баспаған, кітап бетін ашпаған сұлба!
Біреуі ақ алмастай өткір, ашық-жарқын батыл, жүрек жұтқан батыр! Енді бірі жалтақ, көлеңкесінен шошитын қорқақ, олардағы билік, саясатқа шорқақ!
Иә, газет беттерін баспаханаға жіберейін деп жатқанда бір оқырманымыз қоңырау шалды. Өзі ашулы. Бүкіл билікке наразы. Мәнісін сұрасақ, әкімге алты айдан бері кіре алмаған. Мәселесі өте маңызды көрінеді. Оны кіші басшылар шеше алмаған. Рас, қарапайым адамның алда-жалда болмаса әкіміге кіру екіталай нәрсе. Тіптен белгілі-белгілі журналистердің өздері ол кісінің есігіне бас сұға алмайды. Неге? Халық және билік арасында алтын көпір болатын журналистер кіре алмаса не болғаны? Бұған әкімдер не дер екен? (Оқырманның да, әкімнің де аты жөні бар әлі де болса қабылдар деген үмітпен бермеуді жөн көрдік.)
Міне, осындай әкімдермен жолығып, кейде қуанып, кейде торығып жүріп жатқан жайымыз бар. Қалай десек те, президент пен Елбасы сан қайтара айтқандай, әкімдер халыққа жақын болмаса, бюрократтықты жоймаса, ен байлықты жемқорлардан қорғамаса, миларына елдің мұңы қонбаса, елімді сүйемін деу, жерімді сүйемін деу құр ғана далбаса!
Әкімдер халыққа жақындаса, олардың талап-тілегін шешіп отырса ақылдаса, елде көркейер еді, жерде шұрайлана түсер еді–ау.
Иә, бір жылдағы бар мәселені түгел қамтып шығу – оңай емес. Бірақ шама-шарқымыз жеткенше маңызды деген, ел есінде қалды-ау деген түйінді-түйінді жайттарға тоқталып өттік. Алда келе жатқан Тышқан жылына үлкен үміт артып отыр халық. Өйткені жаңа президенттің жаңашыл ойлары, тың идеалары, игі мұрат-мақсаттары бар. Оған жету үшін халықтың бірлігі, татулығы, жарасымды тірлігі болуы керек. Олай болса елдің ішкі, сыртқы саясатына жетік, дипломатияға берік, ойлары кемел, әр ісіне шебер Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына дүйім алаш жұрты үмітпен қарауда. Ел президенті жазылған жайлардың жаңғырығымен танысып, үкімет мүшелеріне де БАҚ-тағы сыни мақалаларға ерекше көңіл бөлуді тапсырса шіркін! Сонда ғана, ел ішіндегі тыныс-тіршіліктің желі Ақордаға қарай есер еді. Оның арты дауыл мен дүмпудің алдын алуға себесін болып, билік пен халықтың арасының кірігуіне, қиындық туған сәтте бірігуіне жол ашар еді-ау… Ендеше Ел ерге, Ер жерге қарамайды деген ойдамыз! Алла Тағала жаңа жылда елімізге тыныштық, жерімізге ырыс-құт бере көр! Әумин!