Өнер тарланы – лицейде

А.Мәлкеев атындағы қазақ-түрік лицейінің тәрбие жоспарына сәйкес, қоғам қайраткерлерімен, өнер, спорт тарландарымен кездесу ұйымдастырылып, балалардың бойында жан-жақты жақсы қасиеттерді дамыту жолға қойылған.

Жақында ғана соның тікелей куәсі болдық. Қазақстан Республикасының халық әртісі, бүкіл қазақ еліне танымал Актер, фильмографиясында 33-тен астам рөлі бар Жаманқұлов (Әль-Тарази) Тұңғышбай Қадырұлымен келесі кездесу өтті.IMG_7158

 

Қарапайымдылығымен, қазақтың канына сіңген ашықтығымен бірден балалардың көңілін жаулап алған тау тұлғалы Тұңғышбай аға: «Біздің тілде мұндай кездесулерді «мастер класс» дейді. Менен өздерінді қызықтырып жүрген сұрақтарды сұраңдар, талқылайық, әңгімелесейік. Қысылмаңдар, менің де сендер сияқты балаларым бар, шәкірттерім жетерлік. Өмір сүріп жатқан жерім – қазақ елі, қызметім – қазақтың өнері», – деп ағынан жарылды. Жастардың болашағына алаңдаушылығын жасырмай: «Қазір таза өнер мен базар өнер араласып кетті. Жарқылдаған түстер мен тарсылдаған әуен сананы алдауда. Сендердің де кейде ненің жақсы, ненің жаман екенін ажыратуда шамаларың келмей қалады. Бір мысал айтайын, тойдың басынан аяғына дейін бір толастамай шырқалатын «Мария магдалена чип-чип-чип» деген ән бар. Ал, ол не сөз нендей мағына? Біздің қазаққа тіптен жат ұғым, біле білсендер. Кезінде «магдалена» деген опасыздық жасаған әйел болған, сондықтан да оны «грешная Магдалена» деп те атаған. Ал енді біз келеміз де оны әңге қосып, құлақтарымызға сіңіріп жатырмыз. Осыдан қандай тәрбие, қандай өнеге алуға болады?! Одан қала берді, чип-чип-чип деп тауықтарды шақырып жатыр ма?» – деп өнердің биігін аласартып жүрген жандарға деген ренішін эасырмады Тұңғышбай Қадырұлы.

Оқушылардың қойған сұрақтарына тұшымды жауап берген Тұңғышбай ағамыз Әділбай Талқамбаев ағамыздың қазақтың қара домбырасымен ән салып берсеңіз деген өтінішін де жерге тастамады. Ойлы сөздері бар термені тебірене шырқан, қошеметке бөлінді.

Тағылымы мол, өнегелі кездесудің соңы қадірлі қонаққа шапан жабуға ұласты. Лицей оқушылары естелік суретке түсіп, қолтаңбасын алды есімі елге танымал ер ағаларының.

 

А.Мәлкеев атындағы қазақ-түрік лицейі