ӨМІР ЖОЛЫ ӨНЕГЕЛІ ЖАН

Күні ертең алғашқы саны шыққанына 100 жыл толуына арналған салтанатты іс-шаралар өткізілгелі жатқан «Ақ жол» газетінде қызмет істеген жылдары танысқан, жақсы сыйласқан ағаларымның бірі – Өтеулі Досыбиев. Бұл кісі басылымның «Кедей еркі» деген атпен алғашқы саны шыққан 1922 жылы дүние есігін ашқан. Қазақша айтқанда түйдей құрдас. Әрі газетіміздің жанашыр авторы санатында еді. Облыс өміріндегі елеулі оқиғаларға үн қатқысы келгенде, не болмаса маңызды мәселе көтергенде ғана жазғанын ұсынатын. Он бір жыл Байзақ ауданында аудандық атқару комитетінің төрағасы болып істеп, жері мен елін жақсы танығандықтан да болар мені жақын тартып, мақала, естеліктерін маған әкелетін. Өзі көзін көрген, қызметтес болған азаматтар туралы айтқан әңгімелері де, ел тарихымен қатар өрілетін өмірбаяны да ерекше еді…
Ақтөбе облысының Табын (қазірде Байғанин) ауданының 14-ші ауылы орналасқан өңірде кіндігі кесілген Өтеулінің жасы жетіге толғанда әкесі Досыби жергілікті белсенділердің кәріне ұшырап, тәркілеуге ілікті. Алапат аштық жылдары басталғанда тоғызға енді шыққан бала Өтеулі ата-анасынан бірдей айырылды. Бауырларымен бірге Қарақалпақ жеріне қопарыла көшкен елге ілесті. Аман қалудың басқа жолы жоқ еді. Бұл жерде де олар көп тұрақтай алмады,1934 жылдың қазан айында Әулиеата (қазіргі Тараз қаласы ол кез осылай аталатын) қаласына Қарақалпақстаннан келген босқындардың ішінде бала Өтеулі, ағасы Имағанбет және туыстары бар еді. Жергілікті билік өкілдері көшіп келушілерді қала іргесіндегі ауылдарға бөліп орналастырған кезде ағасы Имағанбет інісін Аса балалар үйіне тапсырды. Бұл кез Өтеулінің жасы 12-ге келген, бірақ әріп танымайтын. Қаладағы Карл Маркс атындағы (қазіргі Керімбай) мектептің бірінші сыныбына жасқана кіргенімен, алғашқы сабақта-ақ зейінді екендігін танытты. Ол кезде жақсы үлгергендерді сыныптан-сыныпқа ауыстыруға болатын. Осының арқасында екі жылда төрт сыныпты тауысып, қатарын қуып жетті. Ұзамай зеректігі ескеріліп, сол кезгі ең үздік оқу орындарының бірі-Ақыртөбе орталау мектебінің интернатына ауыстырылды. Бұл мектепті барлық пәндерден кілең «бес» деген бағамен, мақтау грамотасымен бітірген жас аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен аудандық оқу бөлімінің инспекторы болып қызмет жолын бастады. Арада екі ай өткен соң Қазақстан Комсомолы Орталық Комитеті жанындағы үш айлық насихатшылар курсында оқып қайтты. Келген соң ауданның комсомол, партия ұйымдарында қызметін жалғастырды.
Батыста соғыс өрті тұтанғанда Өтеулі Досыбиев Луговой МТС-і саяси бөлімі бастығының комсомол жұмысы жөніндегі көмекшісі болатын. Саяси қызметте ысылған кадр ретінде 1943 жылдың маусым айында КСРО Қорғаныс халық комиссариатының кадрлар бөлімінің бас басқармасына шақырылды. Арнаулы комиссия сүзгісінен өтіп, осы жерден Ульянов атындағы танк училищесіне оқуға жіберілді. Оны 1944 жылы бітіріп шығып, кіші лейтенант шенін алған қазақтың жас офицері 1-ші Белорус майданы, 12-ші танк корпусы, 79-шы жеке гвардиялық танк полкіне жолдама алды. Бас қолбасшының резервіндегі құрама сапында Польша астанасы Варшаваны азат етуге, Висла-Одер операциясына қатысты. Шайқастардың бірінде ауыр жараланып, госпитальда емделіп шыққан соң қайтадан танк взводының командирі болып, Берлинді алуға қатысты. Рейхстаг қабырғасына «Жамбыл-Қазақстаннанмын. 2.05.45 жыл» деп орысша жазып, қолтаңбасын қалдырды. Осында өз танк взводымен 7 қыркүйекте одақтас мемлекеттер әскерлерінің Жеңіс құрметіне өткен шеруіне қатысты. Елге 1945 жылдың қазан айында оралды.
Кешегі майдангер алдымен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының көмекшісі болды. Одан кейін нұсқаушы, Шу аудандық партия комитетінің екінші, Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеді. Арасында Алматыдағы екі жылдық партия мектебінде оқып, бір мезгілде Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін де сырттай бітірді.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасынан бастап Талас ауданының атағы алысқа кетті. Облыстық газеттің сол жылдардағы тігінділерін тегіс ақтарғандықтан білеміз, басылым беттері аудан жетістіктері жайлы жарияланымдарға толы. Әсіресе, Социалистік Еңбек Ерлері, өндірісті ұйымдастырудың майталман шеберлері Шарафи Ғұбашев, Әбдір Сағынтаев, Байкелді Кейкиевтер жайлы республикалық, одақтық газеттер де жарыса жазып жатты. Малды өңірдің мұндай абырой атағына алдымен аудандық партия комитетінің екінші, бір жылдан кейін бірінші хатшысы болып сайланған, бес жыл істеген Өтеулі Досыбиевтің қосқан үлесі, сіңірген еңбегі ұмытылған жоқ. Осының айғағындай 2006 жылы Талас ауданының сол кезгі әкімі Батырбек Құлекеев алқалы жиынға өзге ардагерлермен қатар Өтеулі Досыбиевті де арнайы шақырып, салтанатты жағдайда «Талас ауданының Құрметті азаматы» атағы берілгендігі жайлы куәлікті тапсырып, шапан жауып, сый-сыяпат көрсеткен болатын. Бұл туралы кезінде газетімізде жазылды да.
Ал, Байзақ ауданында өткен жылдары туралы естелігін Өтеулі Досыбиев 1948 жылдың көктемінен, қатты қыстан кейінгі елдің жағдайымен танысуға Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың облысқа келгенінен бастайды. Сол күні облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ізмұхаммед Еділбаев көмекшісі Өтеулі Досыбиевті ертіп үкімет мүшесінің арнаулы вагонын вокзалда қарсы алды, қалаға таяу аудандардың шаруашылықтарын аралағанда бірге болды. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген. Дінмұхамед Ахметұлының кемеңгерлік кеңдігі мен кішіпейілдігін, қарапайымдылығын сол жолы жақыннан аңдап риза болған еді. Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Қожамберді Омаровтың үйінде түскі тамақ үстінде алдына келген қойдың басын Димекең «аға тұрып, іні ұстауға болмайды» деп жасы үлкен І.Еділбаевқа ұсынғаны да ата дәстүрге жетіктігін аңдатқан.
Арада жылдар өтті. Өтеулі Досыбиев 1962 жылдың қыркүйегінен 1973 жылдың сәуіріне дейін еңбекшілер депутаттары Свердлов аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рахман Медеуловпен түсінісіп, жұмыс істеді. Сол жылдарда ауданның экономикасы мен мәдениеті алға басты. Ауданда қант қызылшасы егіс алқаптарының көлемі ұлғайтылды. Әр гектардың түсімі 420 центнерден айналды. Аудан бұл жағынан облыста алдыңғылар қатарынан көрінді. Сол жылдары аудан шаруашылықтарын басқарғандардың есімдерін Өтеулі ағамыз жаңылыспай дәл атайтын. Ең ірі шаруашылықты басқарған Александр Львович Нахмановичтен бастап, Шекербек Әлтаев, Кенебай Құрымбаев, Әлмахан Жұматаев, Күдербек Тойбаев, Мұхамеджан Жетібаев, Тойқара Наржанов, Рысбек Бегалиев, Тоғабай Қожаниязов және басқалардың қай-қайсы жайлы да айтары көп болатын. Аудандық газетте қызмет істеген жылдары облыстағы сол кезгі ең ірі шаруашылық «Трудовой пахарь» ұжымшарында талай болдым, тамаша еңбек адамдары туралы суреттеме, репортаж, очерк жаздым. Ұжымшар төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты, Социалистік Еңбек Ері А.Л.Нахмановичті де жақсы білемін. Өтеулі ағамыз оның «Трудовой пахарь» ұжымшарын басқаруға келген уақытын, тіпті, төраға етіп сайланған жиналыстың қалай өткенін де айтып бергені бар.
Бұл 1964 жылдың 6 қаңтары екен. Осы күні «Трудовой пахарь» ұжымшарында өткен есеп беру сайлау жиналысына облыстың бірінші басшысы Асанбай Асқаровтың өзі келіп, қатысқан, сөз сөйлеген, жарыссөзге шыққан қатардағы еңбеккерлер мен мамандардың айтқан пікірлерін мұқият тыңдағаннан кейін өзімен бірге ертіп келген А.Л.Нахмановичті ұжымшар төрағалығына ұсынған.Ел қолдап әкеткен. А.Л.Нахмановичтің айналасы бір жыл ішінде шаруашылықты озаттар сапына қосты. Бұл туралы көп жазылғандықтан қайталап жатпаймыз.
Өтеулі ағамыз аудандарды басқарған жылдарда бірқатар мемлекет қайраткерлері мен әдебиет пен мәдениеттің таңдаулы өкілдерімен жақын танысты, олардың арасында Жұмабек Ташенов, Ілияс Омаров, Шырақбек Қабылбаев, Сағадат Нұрмағамбетов сынды танымал тұлғалар бар.Қазақ әдебиетінің классигі, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың иегері Мұхтар Әуезов 1955 жылдың жаз айында ұлы Ернарды ертіп Талас ауданына келгенде Өтеулі ағамыздың үйінен, Сафура әкпеміздің дайындаған дастарханынан дәм татып ризашылық білдіріп аттанған. Осы жылдың тамыз айында республикада үлкен жиын болып, соған аудан, облыс басшылары шақырылғанда ұлы Мұхтар Әуезов Жамбыл облыстық газетінің бас редакторы Ғайса Сармурзин, облыс аудандарының басшылары Шәймерден Қалдыбаев, Аман Алпысбаев пен Өтеулі Досыбиевтерді үйіне қонаққа шақырып, отбасы мүшелерімен таныстырған.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров Колбиннің билігі тұсында саяси ойынның құрбаны болып түрме азабын шеккенде қиындықты жеңуіне қайрат бергендердің бірі – онымен отбасымен араласып тұрған қимас досы Өтеулі Досыбиев. Асқаровтың «Жұмақ пен тозақ жырлары» кітабындағы «Бір жылғы төл едік» («Өтеуліге») деген өлеңіндегі «Жақсылық еткен алдан шығар деген, Жатырмын естіп мен де дауысыңды» деген жолдарда осындай сыр жатыр.
Асанбай Асқаровтай досы ғана емес, Өтеулі ағамызға талай ақын жыр арнаған. Байзақ елінің мақтанышы болған Арғынбай Бекбосын ағамыз да, өзі қадірлейтіндер қатарында атап, төрттағандарының бірін арнады:
Төсінен әлі талай бұлақ ағар,
Таразда талай асқар ғұлама бар.
Арыстан, Өтеулі, Әкім, Жапар, Кәрім…
О, Алла әлі керек бұл ағалар!…
Байзақ ауданының тағы бір мақтанышы, ақын Жақсылық Сәтібеков ағамыз жазған, «Ақ жол» газетінің 1999 жылғы 17 ақпанда шыққан санында жарияланған Өтеулі ағамызға арналған жыр жолдарынан да үзінді келтіре кетелік:
Жезде көп қой менде бұл, жезде көп қой,
Шын жездеге шырындай сөз керек қой.
Ақылы мен қалжыңы алма-кезек,
Өтекеңнің орыны өзгерек қой.
Биік сөзге тұрарлық татуға шын,
Тік көтеріп тірлікті қату басын.
Жүрсе дағы жанының жылуымен,
Келеді әлі әлдилеп Сафурасын.
Күндері жоқ жалғанды қошқыл еткен,
Болса да өмір дауыл мен көшкін өткен.
Сүйсіндірген жұрт көзін ұл мен қыз бар,
Бір ақыл боп жаралған қос жүректен.
Өтеулі Досыбиев соғыстан оралған соң сүйіп қосылған жары Сафура әкпемізбен бірге төрт ұл өсіріп, бәрінен немере сүйген.
Жасы ұлғайған шақта да қоғамдық өмірдің қалың ортасында жүрген Өтеулі Досыбиев жоғарыда жазғанымыздай, «Ақ жол» газетінде сирек болса да мақала, естеліктерін жариялап тұратын. Олар басылым оқырмандарының көңілінен шығып жататын. Айталық, облысты басқарған кезінде Тараз қаласының көркеюіне көп еңбек сіңірген Асанбай Асқаровқа осы қаланың Құрметті азаматы атағын беру туралы ұсынысын ортаға тастаған мақаласы газетіміздің 1995 жылдың 27 мамырдағы санында жарияланған еді. Жұртшылық, әсіресе, ардагерлер қызу қолдап әкетті. 1997 жылы облыс орталығында 75 жасқа толған тойы өткізілгенде Асанбай Асқаровқа «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағы берілгендігі жайлы куәлік салтанатты жағдайда тапсырылды.
Қоғам қайраткері, дербес зейнеткер, соғыс және еңбек ардагері Өтеулі Досыбиевтің өзі де Тараз қаласының, сондай-ақ Талас, Байзақ аудандарының Құрметті азаматы атанды. Соғыста және бейбіт өмірде алған марапаттарына «Құрмет» және II дәрежелі «Достық» ордендері, бірқатар мерекелік медальдар қосылды. Өмірбаяндық «О жизни и о себе» ( «Өмір туралы және өзім жайлы») деген кітап жазып, оны 2004 жылы мың дана таралыммен «Сенім» баспа орталығынан шығарды. Оған «Құрметті інім Тұрсынханға! Барлық жақсы тілекпен. Автор-Ө.Досыбиев» деген қолтаңба жазып, сыйға ұсынды.
Кітап демекші, 2011 жылы Алматыдағы «Алаш» баспасынан ол кез Жамбыл медицина колледжінің директоры болып істеп жүрген, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің озаты Самиха Қоңырқызының «Қайсар рухты анам» деген Социалистік Еңбек Ері Дариға Жантоқоваға арналған кітабы жарыққа шықты. Кітапты құрастырып, баспаға дайындаған өзім болатынмын. Өзге ардагерлермен қатар Өтеулі Досыбиевтің Дариға апамыздың Асқаровты қорғау жөніндегі қоғамдық комитеттің жұмысына жақсы атсалысқаны туралы жазылған естелігін де кітапқа енгізген едім. Өтеулі ағамыз әрине, қатты риза болды, алғыс айтты. Кітаптың тұсаукесеріне келіп қатысты.
Парасат пайымы басым, көкірегі қазына қария ретінде көпке жақсы танылған Өтеулі Досыбиев жасы 91-ге қараған шағында өмірден озды. Содан беріде тоғыз жыл өте шығыпты….
Артына ел айта жүрер өнегесін қалдырған қоғам қайраткерінің есімі ұлықталып, Тараз қаласы Қазыбек би көшесіндегі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған.

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,
ардагер журналист,
Байзақ ауданының
Құрметті азаматы.

Суретте: Өтеулі Досыбиев.