Өмір үйреткен 200 сабақ

1. Аз ұйықтаңыз. Өміріңізді мәнді әрі толыққанды етуге көмектеседі. Көпшілік адамға 6 сағат ұйқы жеткілікті. 21 күн бойы тұратын уақытыңыздан бір сағат бұрын оянып дағдыланыңыз. Ең керегі ұйқының сапасы, сағаты емес. Сізге маңызды деген іске қосымша отыз сағат бөлінді деп есептеңіз.
2. Таңертеңгісін бір сағатты өзіңізді жетілдіруге арнаңыз. Медитация жасаңыз. Күніңіз қалай өтетінін ойластырыңыз. Күніңізге пайдасы тиетін мәтіндерді оқыңыз, тыңдаңыз. Немесе ұлы адамдар туралы кітаптар оқыңыз. Таңғы тыныштықты алда күтіп тұрған шулы күнді еңсеру үшін қажетті боларлық жан қуаты мен рух тазалығына жұмсаңыз. Аптасына бір рет күннің шығуын бақылаңыз. Яки, табиғат аясына шығып тұрыңыз. Күнді жақсылықпен бастау – өзіңді жетілдірудің ең тиімді тәсілі.
3. Ұсақ-түйекке бола маңызды нәрселерді ұмытып кетпеңіз. Өзіңізден «Уақытым мен қуатым тиімді жұмсалып жатыр ма?» деп сұрап тұрыңыз. Уақытты басқару – өмірді басқару. Алтын уақытыңызға қамқорлықпен қараңыз.
4. Миыңызды өміріңіздің тек жағымды тұстарын есте сақтауға үйрету үшін резеңке таспа тәсілін қолданыңыз. Білегіңізге резеңке білезік киіңіз. Бір нәрсеге көңіліңіз толмаған кезде резеңкені қаттырақ тартып қалыңыз. Ми жаман ойлағанда ауырсынуды сақтап қалады. Содан кейін тек жағымды ойлау мида тұрақты қалыптасады.
5. Сізге қоңырау шалған адамға көңілді дауыспен жауап қатыңыз. Сіздің оған деген құрметіңіз зор болуы тиіс. Жақсы сөйлесе білу өте маңызды. Қоңырау шалған адамға құрметіңізді көрсету үшін орныңыздан тұрыңыз. Бұл дауысыңызға сенімділік береді.
6. Күні бойы бізге шабыт келеді, тартымды ойлар белең алады. Әмияныңызға қағаз, қалам сала жүріңіз. Жақсы ой туғанда оны жазып отырыңыз. Үйге келген соң ой жазылған қағаздарды көрнекі жерге қойыңыз. Араға уақыт салып оларды қарап жүріңіз. Оливер Уэнделл Холмстың айтқанындай, «бір ойға өскен адам миы қайтып кішіреймейді».
7. Жексенбілік кешті тек өзіңізге арнаңыз. Осыны әдетке айналдырыңыз. Келесі аптаны жоспарлауға арнаңыз. Күтіп тұрған кездесулерді ойластырыңыз. Сол кездесуден не күтетіңізді жобалаңыз. Жақсы ән тыңдап, керекті кітаптарды оқып, жай ғана демалыңыз. Келесі аптаның жинақы, ойлы, тиімді өтуіне осы кештің маңызы зор.
8. Сіздің өмірдің сапасы сөйлесе білуді меңгеруіңізге тәуелді екенін есте сақтаңыз. Сіздің өзгелермен сөйлесе білуіңіз, өзіңізбен сөйлесуіңіз. Неге назар тоқтатсаңыз, соны аласыз. Жағымды нәрсе іздесеңіз, соны табасыз. Табиғаттың басты заңдылығы.
9. Мақсатқа ден қойыңыз, нәтижеге емес. Басқаша айтсақ, істі өзіңізге ұнаған соң, әлдекімге көмегі болған соң жасаңыз немесе бұл бағалы жаттығу деп қараңыз. Оны біреудің мақтауы мен ақшасы үшін істемеңіз. Оның бәрі өзі келеді. Әлем солай жаратылған.
10. Күнде таңертең айна алдында бес минут күліңіз. Стив Мартин күнде солай істейді. Күлкі организмдегіпайдалы заттарды белсенді етеді. Организмді бірқалыптылыққа қайтарады. Күлкі терапия түрлі сырқаттарды жазу үшін емге қолданыла бастады. Өмірлік түйткілдерді шешуге септесетін ерекше ем. 4 жастағы бала күніне орта есеппен 500 рет күледі. Ал ересек адам күніне тек 15 рет күледі екен. Күліп үйреніңіз. Сонда өміріңіз жарқын жаққа ауысады.
11. Кешке кітап оқығанда шырағдан жағыңыз. Бұл адамды босаңсытады, тыныштық күйге бөлейді. Сыртқы әлемнен бөліп алып үйіңізді жұмаққа айналдырып қойыңыз. Оны тамаша әуендермен, мағыналы кітаптармен, жаны жайсаң достармен толтырыңыз.
12. Мінезіңізді жинақы ету үшін жүрген кезде адымыңызды санап жүріңіз. Өте тиімді тәсіл. Деміңізді тартып алты қадам аттаңыз. Сосын тыныстаңыз да, тағы да деміңізді тартып алты қадам жасаңыз. Алты қадам тым көп болса, ыңғайлысын таңдаңыз. Осы жаттығудан кейін өзіңізді жасарып, жаңарып қалғандай сезінесіз. Іштей салмақты әрі жинақы боласыз. Адамдар үнемі ойына не келсе,соны ойлай береді. Өзінің қабілетінің биік шыңын түйсінетін адамдар уақыттың қадірін біледі. Мидың күшін бағалайды. Ми тек маңызды нәрселерге тиянақты болуы тиіс.
13. Тиімді медитация жасап үйреніңіз. Ми табиғатынан шулы көлік іспетті. Бір тақырыптан екіншісіне байланбаған маймыл құсап секіріп кете береді. Егер өмірде маңызды мақсатқа қол созсаңыз, миыңызды шектеп, тәртіпке бағындырып отыру керек. Күнделікті ертеңді-кеш 20 минут медитацияға арнаңыз. Нәтижесі кереметтей болары сөзсіз. Алты ай бойы үзбеңіз. Шығыстың даналары медитацияның ұтымдылығын бес мың жыл бойы айтып, насихаттап келеді.
14. Салмақты болуды үйреніңіз. Адам айына тек жарты сағатқа жетер-жетпес уақытты салмақты күйде өткізеді екен. Күніне он минут тыныш отырып, тыныштықты тыңдауға дағдыланыңыз. Өмірде сіз үшін не маңызды соны ойлаңыз. Өмірге не үшін келгеніңізді сараптаңыз. Үндемеген үйдей бәледен құтылады. Баяғыда Зен ұстаз айтпақшы, тыныштық деген қапастағы темір торлар арасындағы кеңістік.
15. Ерік-жігеріңізді күшейтіңіз. Төменде мықты тұлға болып қалыптасуға қажетті кеңестер берілді.
Ақылыңыз жел тұрғандағы шөптің басындай қимылдай бермесін. Ол үнемі жинақы, бір нәрсеге ғана жұмсалсын. Бір нәрсе істеп жатсаңыз, басқа ештеңені ойламаңыз. Жұмысқа шыққанда кеңсеге дейінгі аралықтағы қадамдарыңызды санап жүріңіз. Оңай емес. Бірақ уақыт өте келе ақылыңыз сізді емес, сіз оны басқара бастайсыз. Түптің түбінде ақылыңыз жел тимейтін бұрышта жанып тұрған шырағдандай салмақты бола бастайды.
Миыңыз бұлшықет сияқты деп ойлаңыз. Алдымен оны жаттықтыру керек. Содан кейін барып алға жылжисыз. Сонда ол мықты бола бастайды. Бастапқыда өте қиын. Бірақ жақсы нәтиже көп күттірмейді. Ол мінезіңізге жағымды әсер етеді. Қарныңыз ашса, келесі тамақ ішу мезгіліне дейін шыдаңыз. Өте маңызды шаруа жасап жатқан кезде миыңыз барып журнал оқы, біреумен сөйлес деп дабыл қақса, оның бәрінен бас тартыңыз. Біраздан соң осындай жинақы қалыпта ұзақ мерзім жұмыс істей алатын боласыз. Атақты физиктердің бірі Исаак Ньютон былай деген екен: «Егер адамзат баласына бір түйір жақсылығым болса, оның барлығы терең ойлай білгеннен». Ньютон бір орнында тапжылмай ұзақ ойланады екен. Егер ол өз бойында ойлануды жетілдірсе, сіз де дамыта аласыз.
Өзге адамдармен араласу кезінде кейбір шектеулер енгізу еркіңізде. Аз сөйлеңіз. 60/40 ережесін қолданыңыз. 60% уақыт оны тыңдаңыз, 40% сөйлеңіз. Бұл ережені пайдалансаңыз, сіз танымал боласыз. Дана болуды үйренесіз. Себебі, әр адам бізге бір сабақ үйретеді. Қателік жасаған адамды ғайбаттау, өсектеу, жамандаудан аулақ болыңыз. Шағымдану, наразылық білдіруден бойыңызды аулақ ұстаңыз. Өзіңізді ашық жарқын, өте пысық, мықты тұлғаға айналдырыңыз. Сонда көптеген адамдарға әсер ете алатыныңызды сезесіз.
Миыңызда жағымсыз ой туса, дереу оны жағымды оймен алмастырыңыз. Жағымды нәрсе үнемі жағымсыздан күшті келеді. Сондықтан миыңыз тек жақсыны көруге, ойлауға дағдылану керек. Жағымсыз нәрсені ойлау мида жағымсыз кестелерді қайта-қайта жаңғыртып, үдетіп отыратын үдеріс. Барлық шектеуден құтылып, тек жақсылықты көре білетін жағымды адам болыңыз.
16. Күні бойы әзілдесіп жүріңіз. Бұл тек организм үшін пайдалы емес, қиын жағдайларда көтеріңкі көңіл күйден арылмауға да көмектеседі. Оңтүстік Америкадағы Таурипан тайпасында түн жарымында оянып алып, бір-біріне әзіл айтатын дәстүр бар екен.
17. Уақытты басқарып үйреніңіз. Аптада шамамен 168 сағат бар. Қалаған тілегіңізге жету үшін осы мерзім жеткілікті. Уақытты тиімді бөліңіз. Таңертеңгісін күнді өткізу жоспарын жасаңыз. Мұқтаждығыңызға қарай жоспарлаңыз. Ең бірінші кезекке жылдам орындалатындарын, не басты мәселені емес, сізді дамытатын, тұлға етіп қалыптастыруға әсері болатын маңыздыларын іріктеңіз. Маңызды және асығыс емес істер – ұзақ мерзімге жоспарланатын, адами қарым-қатынас пен кәсіби біліктілікті арттыратын стратегиялық жоспар болуға тиісті. Маңызды істерді ысырып қоймаңыз. Сізге пайдасы тимейтін бүгінгі істің көлеңкесінде қалып кетпесін.
18. Тек жағымды, ақылы кеніш адамдармен ғана араласыңыз. Үйретері бар адамның жанынан табылыңыз. Сіздің күш-қуатыңызды бос шағыммен, наразылығымен желге ұшыратын адамдардан бойыңызды аулақ салыңыз. Өзін жетілдіргісі келетін адаммен араласыңыз көп болса, жақсылыққа деген ақ жолда сіздің жолдастарыңыз көп болмақ.
19. Әлемдегі атақты физиктердің бірі Стивен Хокинг айтыпты: біз аса үлкен ғаламшарда өмір сүрмейміз, жер деген он сегіз мың ғаламдағы ең шеткері орналасқан, көлемі жағынан ортанқол жұлдыз ғана. Осының жанында сізді мазалаған мәселе соншалықты күрделі ме? Жер бетіне аз ғана уақыт қонақсыз. Неліктен аз уақытты тек жақсы тәжірибеге жұмсамасқа? Неге әлемге тек жақсылық қалдыруға талпынбайсыз? Қолда бардың бәрін санамалап, қағазқа тізіп шығыңыз. Отбасындағы адамдардың денсаулығынан бастаңыз. Көбіне денсаулықты болуға тиісті нәрсе деп қабылдаймыз. Қандай елде тұрасыз, не жейсіз, бәрін қалдырмай жазыңыз. Тізім елуге жеткенше жаза беріңіз. Күнара осы тізімді қарап отырыңыз. Өміріңіз қаншалықты бай екенін түсінесіз.
20. Өмірге келген соң сіздің де бір қасиетті мақсатыңыз болуы тиіс. Қай бағытта дамып жатқаныңызды айқындайтын біртұтас ұстанымдарыңыз өмірдің соңында неге жеткіңіз келетінін көрсетеді. Бұл қасиетті мақсатыңыз сіздің құндылықтарыңызды жүзеге асырады. Арманыңызға бастайтын даңғыл жолдан адастырмас шамшырақ. Айына бір рет 5-10 ұстанымды іріктеп жазыңыз. Олар сіздің өмірді басқаруы тиіс. Үнемі жадыңызда жүрсін. Жақсы азамат болу, адамдарға көмектесу, бай болу, мықты көшбасшы болу деген сияқты мысалдарды келтіруге болады. Өмірлік мақсатыңыз қандай болса да үнемі оған қайта оралып, жоқ-жітігін түгендеп отырыңыз. Егер жағымсыз жағдай орын алса, әлде біреу-міреу басқа жолға түсіргісі келсе, сіз өзіңіздің таңдаған жолыңызды қайтып табасыз.
21. Ешкім өз рұқсатыңызсыз сізді ренжітіп, намысыңызға тие алмайды. Бақыттың кілті мен үлкен жетістікке деген жол – сіздің болып жатқан жағдайларға беретін бағаңыздан басталады. Жетістікке жеткен адамдар кез келген жағымсыз оқиға туралы жағымды ой білдіруімен ерекшеленеді. Өзіне өмірдің тастаған жебесі деп түсініп, онымен күресуге дайын екендігін білдіреді. Мұндай күш, жігер адамға рухани өсудің баспалдағымен көтерілуге жол ашады. Тас-түйін мінез қалыптастыруға негіз болады. Жаман тәжірибе болмайды. Тек сізді дамытатын тәжірибе болады. Бұдан да биікке көтерілуге себепші болмақ. Сәтсіздік деген болмайды. Тәлімі зор сабақтар ғана бар.
22. Тез оқып үйреніңіз. Кітап оқу – көп жылдық тәжірибені бірнеше сағатта толықтыра алатын қуатты көмекші. Мысалы, көптеген өмірбаяндар танымал тұлғалар мен ерен көшбасшылардың өмірлік стратегиясы мен пәлсапасын анық көрсетеді. Оқып, мысалға ала жүріңіз. Тез оқу аз уақытта көп ақпаратты қабылдауға септігін тигізеді.
23. Адамның аты-жөнін есте сақтап үйреніңіз. Адамға деген құрметіңіз. Бұл құпия әдет әр адамның жетістікке жетуінің басты сиқыры. Жер бетіндегі әр адам қиялында «ӨЗІН МАҢЫЗДЫ ӘРІ БАҒАЛАНҒАН» сезінгісі келеді.
24. Мейірім туралы сөз қозғалғанда гүлдей нәзік болыңыз, ал ұстаным туралы сөз болса, найзағайдай күркіреп, қатаң болыңыз. Әрдайым әдепті әрі сыпайы болыңыз. Бірақ өзіңізді басынуға жол бермеңіз. Өзгелердің өзіңізге үнемі құрметпен қарауын қадағалаңыз.
25. Отбасыңызға қатысы жоқ адамдармен денсаулық, қаржылық жағдайыңызды, өзге де жеке мәселелеріңізді талқыламаңыз. Мұндай мәселеде тартынып отыру керек.
26. Шыншыл, бірбеткей, қарапайым, жомарт болыңыз.
27. Кешкісін жылы ванна қабылдаңыз. Кішкентай жетістіктер үшін өзіңізді марапаттаңыз. Ақыл, тән, рухтың күшін қалыпқа келтіруге уақыт бөліңіз. Бұл сізге маңызды мақсаттарға жетіп, белсенді болудың жаңа белесіне көтерілуге көмектеседі.
28. Тыныс алуға ие болыңыз. Ол сіздің қуат-күшіңіздің қайнар көзі. Ақыл тыныс алумен тығыз байланысты. Ақыл өршіген тұста таныс алу жиілейді. Жинақы, салмақты күйде отырғанда адам терең тыныстайды. Терең тыныстауды үйренсеңіз, кез келген өмірлік жағдайда салмақты қалпыңыздан айнымайсыз. Шығыстағы таулық жұрттың мына сөзін ескере жүріңіз: «Дұрыс тыныстау – дұрыс өмір сүру деген сөз».
29. Өз-өзіңізді иландыруға сеніңіз және оны насихаттаңыз. Белсенді еңбек ету үшін таптырмас құрал. Өзіңізді жетілдіруге спортшылар мен қоғамдық қайраткерлер қолданатын тәсілдерді әжетке жарату аса пайдалы. Құлшыныс арту үшін мынаны қайталаңыз: «Бүгін ынтам зор. Күн сайын осы қасиет менің бойымда үдеп келеді». Қайталай беріңіз. Арнайы блокнот сатып алып осы мантраны 500 рет қайталап жазыңыз. Үш апта бойына үнемі жазып, қайталап тұрыңыз. Мінезіңізде осы қасиеттің орындала бастағанын байқайсыз. Бұл мантраны өзінің рухани дамуына, санасын жетілдіруге үнді данышпандары мыңдаған жылдар бұрын пайдаланған. Нәтиже лезде болмады деп қапаланбаңыз. Нәтиже міндетті түрде болады. Ауыздан шыққан сөздің адам миына әсері зор.
30. Күнделік жүргізіңіз. Өзіңіздің жетілуіңізді біліп отыру үшін. Өз ойыңызды жазу үшін. Тек жетістік пен күрделі түйткілдерді ғана теріп жазу шарт емес. Болмашыға абдырап, әр нәрсеге бола қиналмау үшін ең тиімді тәсілдердің бірі қалыпты күйде қалуды игеру, ойдың тиянақтылығын дамыту.
31. Күйзеліс – орын алып жатқан жағдайға сіздің жауабыңыз. Бір жағдай әр адамда әр түрлі әсер туғызады. Тәжірибесі жоқ адам көпшілік алдына шығып сөйлесе, қиналады. Ал, шешеннің аузы аузына жұқпайды. Ол өз ойымен дұрыс бөліседі. Кез келген жағымдысы аз оқиғаны жағымды етіп көрсете білуге болатынын саналы түрде игерсеңіз, өмірде көп нәтижеге қол жеткізесіз.
32. Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» кітабын оқыңыз. Мінезді жетілдіру және адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату үшін берілген кеңестер мен даналық қайнарымен танысасыз.
33. Аудиокассеталармен үнемі жұмыс жасаңыз. Мұндай форматта адамды жетілдіруге арналған түрлі бағдарлама мен кітап табуға болады. Жұмысқа кетіп бара жатып тыңдаңыз. Кезекте тұрғанда тыңдаңыз. Кешке ыдыс жуып тұрып тыңдаңыз. Көлікті дөңгелекті мектепке айналдырыңыз. Жолда жүрген уақытты өзіңізді жетілдіруге арнаңыз. Әр уақытты ұтымды пайдалануға болады. Өзіңіздің потенциалыңызды ашуға ұмтылып, санаңыздың көкжиегін кеңейтіңіз.
34. Екі аптада бір ораза ұстаңыз. Тек жидек шырындарын ішіңіз. Жаңа піскен жеміс-жидек жеңіз. Жеңілдік сезініп, қуат-күшіңіздің артқанын байқайсыз. Ораза ұстау ерік-жігеріңізді жануға септеседі. Көп же деген мидың импульсін тежейді.
35. Кеңседе плейер қосып, жанға жайлы салмақты әуездер тыңдаңыз. Жұпар аңқыған құтылар қойып, қабырғаға суреттер іліңіз. Ассоциация әсері жұмысыңызды жақсарта түседі. Бір жаққа ұшып бара жатсаңыз, әуежайдағы кітап дүкеніне бас сұғыңыз. Ол жерде ылғи да өзіңді жетілдіруге арналған жаңа кітаптар мен аудиокассеталар табылады.
36. Джеймс Алленнің «Адам қалай ойлайды» кітабын оқыңыз. Бір рет оқып қоя салмаңыз. Бірнеше рет қайталап оқыңыз. Ол кітапта құны жоқ даналыққа бастайтын кеңестер берілген. Өмірді қалай толыққанды әрі бақытты етіп өткізуге болатынын көрсеткен.
37. Кешіре білу – адамгершілік белгісі. Ол әркімге қол емес. Бірақ ол адам бойындағы салмақтылықты сақтауға өте керек. Марк Твен «кешіру – өзін таптаған біз өкшеге гүлдің жұпарын аңқытуы» дейді. Мүмкін емес деген жағдайларда кешірімді көбірек насихаттау керек. Көңіл-күй ауанын үнемі кешірімге жұмсап отырсаңыз ұсақ-түйек реніш пен өкпеден арыла бересіз. Санаңыз сауыға түседі. Болмашыға ренжімейтін боласыз.
38. Өз кесеңізді босатып отырыңыз. Шүпілдеп толып тұрған кесеге ештеңе құюға болмайды. Сол сияқты адам да бәрін білем, осымен бітті десе алға жылжуын доғарады. Нағыз жетілген тұлғаның белгісі – айналадағы жағдайдан сабақ алу мүмкіндігін жіберіп алмау. Ұстаздың да ұстазы бар.
39. «Екі минуттық ақыл» – жинақылықты дамытатын жақсы тәсіл. Қол сағатыңыздың ұзын тілшігіне екі минут тапжылмай қарап тұрыңыз. Ештеңе ойламаңыз. Бастапқыда ойыңыз әр нәрсеге бұзылады. 21 күн өткен соң назар салуыңыз тиянақты болады. Жетістікке жеткісі келген адам қол жеткізуге тиісті қасиеттің бірі – ұзақ уақытқа жинақы түрде жұмыс жасау. Ештеңеге алаңдамай, тапжылмастан бастаған ісін аяқтау. Осы қасиетке қол жеткізген адам қай істі де еңсере алады.
40. Сөз сөйлемес бұрын бір стақан жылы су ішіңіз. Рональд Рейган осы әдісті қолданған. Сөйлегенде дауысы жұмсақ әрі жылы естілуі үшін. Көпшілік алдында сөз сөйлей білу – ізгі мақсат. Өзіңізді осы мақсатқа арнаңыз. Сізді қарым-қатынас орната білу қасиетіңізге қарай бағалайтын болады.
41. Біреуді күтіп тұрғанда тіп-тік тұрыңыз. Адамның жинақы, ойлы еместігінің бір белгісі үнемі жыбырлап, көзімен әр нәрсені іздеп, дұрыс тыныстамауы.
42. Қимылыңыз қатқыл болсын – өзіңізде қатаң бола бастайсыз. Батыл адам өзгелерге ісімен үлгі болады. Бірақ үнемі елгезек болыңыз.
43. Әлем сіз үшін не істей алады деп сұрамаңыз. Сіз әлем үшін не істей аламын деп сұраңыз. Өзгелерге қызмет етуді өзіңізге өмірлік мақсат етіп алыңыз. Уақыттың сізге беретін зор мүмкіндігі. Есіңізде болсын: өмірдің соңғы сәтінде, бәрі істеліп, қолдан келер қайыр қалмағанда, сіздің өмірдің сапасы өзгелерге жасаған жақсылығыңызбен өлшенеді. Бай мұраңызды айналаңыздағы адамдарға қалдырыңыз.
44. Аптасына бір рет күн шықпай ерте тұрыңыз. Күннің ең керемет сәті – таңды қарсы алу. Серуенге шығып келіңіз. Немесе Элла Фитцджеральдтің ескі жазбаларын тыңдаңыз. Ыстық душ қабылдап, жүз рет жаттығу жасаңыз. Классика оқыңыз. Өзіңізді тірі сезініп қаласыз. Күш-қуатыңыз тасиды.
45. Ылғи да ұстамды болыңыз. Сіз туралы шындықты сізден басқа тірі жан білмесін. Өзгелерге құпия болып қалыңыз.
46. Ел алдында сөз сөйлеу өнерін меңгеріңіз. Табиғатынан сөз қонған адам аз. Бір атақты заңгер көпшілік алдына шыққанда қысылғаннан кекештенетін. Өзінің ерік-жігерін жанып, өзін сендіре білгеннен қазір кереметтей шешен атанды. Өзіңізге ұнайтын сөзуар адамды мысалға алып, сол сияқты көсіліп сөйлеуге тырысыңыз. Еліктеп көріңіз. Нәтиже көп күттірмейді.
47. Уәжі мықты шешенді таңдаңыз. Тәрбие ісі мен ұзақ мерзімді жетістікке қалай жету қажетін білетін адамды таңдаңыз. Өзіңізді жетілдіру үшін ай сайын сол адамның лекциясын тыңдауға тырысыңыз. Екі сағаттық лекцияда кей адам жылдар бойы жинақтайтын білімді тыңдайсыз. Жаңа идея жинауға уақыт жоқ деген ой тумауы тиіс. Не нәрсені де өзіңіз үшін жасайсыз ғой.
48. Деннис Вулдың «Бақытты ашу» кітабын оқыңыз. Тұрақты денсаулық пен бақыт жолындағы ізденісіңізге жаңа көкжиектер ашады.
49. Жинақылықты әдет ету үшін кез келген бір кітапты ашып, бір абзацты оқыңыз. Сосын кітапты жабыңыз да, оқығаныңызды сөзбе сөз қайталаңыз. Күніне бес минутты осы дағдыға жұмсаңыз. Нәтижесін өзіңіз көресіз.
50. Жүгіруге қатысыңыз. Алдымен 5 шақырымға, сосын 10 шақырымды еңсересіз. Дені сауды көп адаммен жарысып жүгіру қоздырады. Адреналин ерекше ойнайды. Өз қабілет-қарымыңызды дамытып отырыңыз. Сонда потенциал тез ашылады. Есіңізде болсын: сіздің организмнен не сұрасаңыз, соны ғана береді.
(№1… жалғасы бар…)
Робин Шарма
Аударған Шынар Әбілда