Әйгілі «Медея» Әуезов театрында сахналанбақ

Бүгін және 22 маусым күндері М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 90-маусымның кезекті премьерасы Еврипидтің «Медея» трагедиясының тұсауы кесіледі деп хабарлайды өнер ордасының баспасөз қызметі.

Өткен маусымда «Шыны хайуанат» автобиографиялық драмасын қойған режиссер Алена Қабдешева:

-«Медея» спектаклін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіпке арнап сахналамақпын. «Шыны хайуанат» спектаклінен кейін Дәрия Жүсіппен бірге жұмыс істеу мен үшін ғанибет”, – дейді.

Ал, әр актрисаның арманына айналған Медеяның ролін ойнайтын Дәрия Жүсіп көрермен қауымға бүгінгі театр репертуарындағы Шахимарденнің «Томирисінде» сақ патшайымы Томирис, Қ.Ысқақ пен Шахимарденнің «Қазақтарында» Нигар ханум, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Изольда, М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншегінде» Сағила, У.Гаджибековтің «Аршын мал алан» мюзиклында Гүлчахра рольдерімен белгілі.

Сондай-ақ, Медеяның сүйген жары Ясон бейнесінде КСРО халық артисі Асанәлі Әшімовтің шеберханасында білім алған, И.Вовнянконың “Қаза мен жазасында” әртіс, І.Есенберлиннің “Алмас қылышында” Керей батыры Қарақожа, А.Володинның “Қоштасқым келмейдісінде” фотосуретші рольдерін ойнаған жас актер Қайрат Нәбиолланы көре аласыздар. Кезекті театр маусымы аяқталуға жақын екенін ескеріп, жаңа қойылымды тамашалаудан қалыс қалмаңыздар, қымбатты көрермен!