Әбішті еске алу кеші немесе «Жүз күндік жалғыздық»

Кеше  Ұлттық академиялық кітапханада абыз жазушы Әбіш Кекілбаевты еске алуға арналған кеш өтті. Кешті Әбіштің замандас ағасы Мырзатай Жолдасбеков жүргізіп отырды. Сондай-ақ, арнайы қонақ болып Клара Кекілбайкеліні қатысса, зиялы қауым өкілдері тебіреніп тұрып естеліктерімен бөлісті, Әбішке арналған өлеңдер оқылды.  Көзінің тірісінде – ақ заңғар тұлғаға айналған абыз жазушыға деген сағыныштың әлі басылмағанына көзіміз жетті. Жастарға үлгі боларлық игі шарадан қанаттанып шықты халық. Кеш аясында журналист Жұмабек Мұқановтың «Жүз күндік жалғыздық» атты кітабының тұсауы кесілді. Кітап заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың  өміріне арналған.

IMG_8277

«Мен ақпарат құралдарында қазалы күндердің шежіресін жариялай бастағанда, маған бірталай кісі қоңырау шалып, «бұл кітапқа сұранып тұрған дүние екен» деді. Сондықтан, жинап, кітап қылып шығардым. Туындының небәрі бір аптада жарыққа шығуына мұрындық болған Рақымжан Отарбаев. Әбіш ағаның жетісі Ақтауда өтті, қырқы Алматыда өтті. Жүзі Ақтауда өтетін болды деп естіген соң, осы кітапты шығарып, 2000 данамен асында тараттық», – дейді кітап авторы.

IMG_8289

Заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы 1939 жыл 6 желтоқсанда Маңғыстау облысында туған. 2015 жылы 76 жасында өмірден озды. Әбіш Кекілбаев – Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Әбіш Кекілбаев Шыңғыс Айтмановтың «Ерте келген тырналар», Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романдарын аударған. Қазақ халқы үшін көзі тірісінде ғасыр жазушысына айналған тұлға.

IMG_8286

Кездесуде Әбіш Кекілбаевтің дос інісі болған жазушы Төлен Әбдік ағаынан жарыла былай деді: Көзі тірісінде берілген атақ: кімнің болсын мерейін өсірер күшке ие. Бірақ халық бағаламаса даңқ емес дақпырт. Ал өлгеннен кейінгі атақ: бұл тұрақты, шын мәніндегі даңқ. Бір ғажабы біздің Әбекеңнің екі дүниеде де даңқы асқақтап тұр. Әбіш қызметте болсын, шығармашылықта болсын алғашқы сапта жүрді. Кеңестің төрағасы болды, мемлекеттік хатшы болды дегендей. Алған орден медальінде есеп жоқ шығар. Ал енді жазушы ретінде қазақ әдебиетіндегі көш бастаушы деп айтуға толық негіз бар. Алайда Әбіштің шығармасы толық талданып бітті деп айта алмаймыз. Ол әрі терең талданған жоқ. Өйткені біз қазақтар жақсы көрсек, улап шулап, қолдан миф жасап, терең кәсіби талдауға бара алмай жатамыз. Әбіш ұлы тұлға. Ұлылықты қадірлеу керек. Мысалы Әбіштің ескерілмей қалған кітаптары  да бар. Көпшілік Әбіш тарихи тақырыптарға жазды дейді.  Ол солай. Бірақ ертеректе «Құс қанаты» деген әңгімелер жинағында ғажайып дүниелері болды. Солар көп аталмай қалды. Соны ашу ұрпаққа міндет! Екіншіден Әбішті әлемдік әдебиеттің деңгейімен салыстырып отырып зерттеу керек. Өйткені Әбекең, бір ғана ұлттың емес, барша адамзаттың қажетіне жарайтын шығармалар тудыра білген адам. Сосын тағы бір айтқым келетіні Әбекеңнің өмірдегі мінезі. Адами қасиеттері керемет еді. Адал еді. Асқақ еді. Әбекеңмен қатар жүрдік, бірге қызмет істедік. Дос болдық. Әбекеңнің мінезі өте күрделі болатын. Көңілшек еді. Бала секілді аңғал еді. Бірақ кейде ашуланған кезде жолындағының бәрін тапап кетердей буырқанып шыға келетін. Сөйте тұра адам сенгісіз ақылды  тын. Трибунадан сөйлеген сөзі өз алдына, көпшілікпен отырғанда бір ашылып сөйлеп кетсе, көл көсір білімі мұхиттай көрінетін. Білмейтіні жоқ еді. Әдебиеттен басқа, химия, биология, математикадан тарқатқанда есің ауып қала жаздайтын. Әбіш ұлттың мақтанышы. Әбіш әдебиеттің қара нары. Әбіш әлемдік деңгейдегі тұлға.

Нағашыбай Қабылбек