“Ұлттың рухани көсемі”: Қарағандыда Ахмет Байтұрсынов туралы фильм ұсынылды

Қазақтың көрнекті ағартушысы, ғалым, қоғам қайраткері, “Алаш” партиясының мүшесі Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай Saryarqa арнасы “Сарыжайлау” кинотеатрының қолдауымен деректі фильм түсірді. “Ұлттың рухани көсемі” кинокартинасы Қазақстан халқының Тілдері күніне арналған мерекеде таныстырылды. Премьералық көрсетілім Достық үйінде өтті.

Фильм Ахмет Байтұрсыновтың Қарқаралы ауданындағы өмірі мен жұмысы туралы баяндайды. Түсірілім Ақтерек ауылында өтті.
– Деректі фильм – мәдениет, архивтер және құжаттама және тілдерді дамыту басқармаларының, Saryarqa телеарнасы мен біздің кинотеатрдың бірлескен жобасы. Фильмде Ахмет Байтұрсынұлының осы ауылдың мектебінде сабақ берген кезіндегі өмірі көрсетілген. Ол сонымен қатар осы оқу орнының негізін қалаушы және құрушысы. Қазір бұл мектеп тарихи-мәдени мұра объектісі мәртебесін алды және мемлекеттің қорғауында. Ал жанында Ахмет Байтұрсыновтың есімімен аталатын жаңа мектеп салынды, – деді “Сарыжайлау” кинотеатры директорының орынбасары Ноян Жүнісов.
Екі күнге созылған түсірілімге Ақтерек ауылының тұрғындары қатысты. Олардың қатарында Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептің мұғалімдері мен балалары бар. Сондай-ақ, С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ театрының кәсіби актерлері тартылды. Ахмет Байтұрсыновты Ахай Жұмамұратов ойнады.
Жақын арада 30 минуттық картина Saryarqa телеарнасында көрсетіледі және басқармалардың әлеуметтік желілерінде қолжетімді болады. “Сарыжайлау” кинотеатры бұл фильммен Ақтерек ауылына барады.

Іс-шара аясында Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ мен Гоголь атындағы облыстық кітапхананың бірлескен көрмесі өтті. Мұнда мерейтой иесінің кітаптары мен еңбектері, сондай-ақ тілдерді оқытуға арналған әдістемелік құралдар ұсынылды.
– Биыл “Бір ел – бір кітап” акциясы аясында Ахмет Байтұрсыновтың шығармалары ұсынылды. Бұл кітап көрмесі кітапханада жыл соңына дейін жалғасады. Келесі жылы 22 қаңтарда біздің қызметкерлер Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған әдеби-тарихи іс-шара дайындайды, – дейді Гоголь атындағы кітапхананың абонемент бөлімінің меңгерушісі Жарқынай Зәрубекова.

Жомарт Шаймұрат