Үкімет басшысы рейтингте неге сүрінді?

            Күні кеше премьер министр К.Мәсімов жол жүру ережесін бұзғаны үшін айыппұл төледі. Бас уәзір велосипедпен автомагистральда жүргенін көпшілікке жариялаймын деп басы бәлеге қалды. Инстаграмға өзі студент кезінде құрылыс отрядында жұмыс істеген Ақмола облысы Шортанды ауданы Бозайғыр ауылы маңында (Күлшім бөлімшесіне барар жол) велосипедпен келе жатқан фотосын жүктеген болатын. Көзі қарақты бір азамат Үкімет басшысының велосипедпен жүруге тиым салынған аймақтағы серуенін сынап жазды. Сол-ақ екен ертесіне Кәрім Мәсімов Инстаграмға айыппұл төлеуге тура келген велосипедтегі фотосын, сондай-ақ айыппұл төлегені туралы түбіртегін халыққа жариялады.

Сөзінің соңына «Заңдар мен ережелер баршаға ортақ. Велосипедтегі Премьер үшін де», – деп жазды Кәрім Мәсімов.

МАСИМОВ

 Дамыған елдерде ашықтық, жариялылық кең етек алғаны белгілі. Сондықтан болар мемлекеттік қызметтегі шенеуніктердің біліктілігі, білімділігі, ұстамдылығы, халықпен қарым қатынасы бірінші орында тұрады. Керек десеңіз апта сайын, ай сайын қара қылды қақ жарған сарапшылар олардың жұмысына баға беріп жатады. Бұра тарту, бұрмалау атымен жоқ. Әділ сын, ащы ескертелерге “ерін бауырына алып” тулап жатқандарды да көрмейсің. Бәрі қалыпты жайт. Көз үйренген әдет. Бірақ  сарапшылардың қорытындысынан нәтиеже шығармаған шендінің келешектегі  өсу карьерасы бұлыңғыр. Оны айтасыз қызметін ары қарай алып жүруінің өзі күмәнді. Себебі халықтың көңілінен шықпаған басшының “Жылы орынтақта” шоңқиып отыруы оларда қораш көрініс. Ел сенімін арқалауға шамаң келмей ме, онда “ауыр шоқпарды беліңе байлама” деген түсінік қалыптасқан. Бұл бұлжымайтын заң. Осының арқасында экономикасы қарқынды дамып жатқан елдер көп.

Әлем таныған отыз елдің қатарынан ойып тұрып орын алу үшін қазақ мемлекеті де барын салып жатқаны айдан анық. Атқарылып жатқан шаруалар да көл-көсір. Әрине, “Ондай-ондай ханның қызында да болады” демекші, кемшіліктерде жоқ емес. Соларды көзге шұқып көрсету жағы кемшін түсіп жататыны бар.  Керісінше мадақ басым. Әрегідік БАҚ арқылы шенділерге сын айтылып қалса, “ат тондарын ала қашып”, “күрек тістерін күтірлетіп”,  соңыңа “шам алып” түспесе де, қырын қарап, дұшпан санап жүру  әлі де кездеседі. “Көпке топырақ шашудан” аулақпыз, алайда көптеген биліктегі азаматтардың бойынан мұндай жағымсыз қылықтың менмұндалап тұратыны жақсылық нышаны емес.

Біреу білер, біреу білмес,  еліміздегі «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» әр ай сайын, кейде тоқсан сайын билікте жүрген элитаның рейтингісін жасап тұрады. Билік бишігін қолына ұстағандардың  қалай құлдырап, қалай өскендігін біліп отыру үшін бұл таптырмайтын құрал. Үкімет басшысы мен қосшыларының,  14 облыс пен 2 қала (Астана мен Алматы) әкімдерінің тоқсан сайынғы рейтингісі үзілген емес.  Бюджет қаржысын үнемді пайдалану, жұмыссыздық пен күрес, жол мен су, ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселесі және басшылардың халықпен қарым қатынасы, білім саласына көңіл бөлу секілді толып жатқан проблемалар сарапшылардың талқысына салынады. Одан қара үзіп шыққандар, “Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын” деген тәмсілмен көпке ұсынылады. Сол жерде халықтың билік өкілдеріне деген көзқарастары айқын аңғарылып ақ пен қараның аражігі ажыратылып отырады.

Бұл жолы «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қазақстан үкіметінің жұмысына сарапшылардан алынған  сауалнама арқылы талдау жүргізіпті.   Онда соңғы атқарылған жұмыстар сараланып, жер проблемасы жүйелі зерттеліп, Ақтөбедегі, Алматыдағы қанды оқиғалар талданып, қымбатшылықтың белең алғаны, теңгенің құнсыздана бастағаны, тағы басқа да жайсыз оқиғалар тізбегі жасалыпты.   Қорытындысында аузын айға білеген сарапшылар орталығы Мәсімов пен оның Үкіметі экономикалық дағдарысқа қарсы ешқандай шара жасай алмады,  үкіметтің жұмысы қанағаттанарлықсыз деген баға беріпті.  Көбіне көп  ұсақ-түйек кемшіліктеріне көз жұма қарайтын сарапшылар (Әсіресе мемлекеттік тілге  аз көңіл бөлетінін, журналисттермен кездесуге құлықсыздығын, үнемі тасада жүретіндігін тілге тиек етпесе де)  бас уәзір  Кәрім Мәсімовті аямапты.  Ол бұл жолы  4-орынға сырғып түсіпті. Оның кейінгі уақыттағы белсенділігі ескерілмеген тәрізді. Обалы нешік, Үкімет басшысы соңғы кездері Твиттердегі аккаунтына не істеп, не қойып жатқанын жазып отыруға да уақыт тауып жүр. Ол аз десеңіз Премьер-министрдің ресми сайты да жаңарып, жаңаша кейіпке енді. Одан бөлек, құс қанатын күйдірер шілде айындағы облыстарды тынымсыз аралағаны, Моңғолиядағы Самитке қатысып, Баянөлгейдегі селге ұрынған бауырларына арнайы ат басын бұрып, ана тілінде мақал-мәтелдеп сөйлегені, өзіне артылған пұт – сындарды басып кете алмағаны өкінішті. Ылғида алғы шептен көрінетін премьерге бұл әрине ауыр соққы болары кәдік. Қалай десек те сараптама қорытындысын еліміздегі демократияның жемісі деп бағалауға әбден лайық. Айтпақшы, сарапшылар мұнымен тоқтамай егер бұлай жалғаса берсе, жыл аяғында Үкіметте үлкен кадрлық өзгерістер болатынын болжапты. Оны енді уақыт көрсете жатар.

Сонымен сарапшылардың ұйғарымымен бұл тоқсандағы рейтингіде бірінші орынды Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов иеленіпті. Астана әкімі қызметінде алғашқы орынды ешкімге бермеген шенеунік бұл жолы да дара тұр.  (Ескерте кетейік, бұл рейтингте Елбасы жоқ). Ал екінші орынды сенатор Нұртай Әбіқаев, үшінші орынды Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков иеленсе, премьер-министр Кәрім Мәсімов жоғары да айтқанымыздай төртінші орынға жайғасыпты. Бұдан кейінгі орындарда Дариға Назарбаева, Тимур Құлыбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев, Ахметжан Есімов тұр. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинге 9-орын бұйырыпты. Рейтингіде бұған дейін 22-орында жүрген Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бұл жолы бірден  11-орынға көтерілген. Рейтингіде Өмірзақ Шөкеев 16-орынды місе тұтса, Әсет Исекешев 19- орынға орналасыпты. Қуандық Бишімбаев 31- сатыға көтерілсе, облыс әкімі болып тұрғанда алғашқы бестіктің арасында жүретін Асқар Мырзахметов 32-орынға сырғып түскен.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК