Қыз қору.

Оқу жылының аяқталар тұсында бір мектеп директоры кездесуге шақырды.
— Жаныңызға көргені көп, сөзі өтімді аналарды ерте келіңізші. Қыздардың құлағына ақыл-кеңесін құйып жіберейік. Жазғы каникулға кеткенде бұзылып келеді ғой бұлар, — деп күйіне сөзін жалғаған мектеп басшысы ұзақ жылғы тәжірибесінен түйгенін айтты.
Жасына жетпей етегін түріп ерте жүкті болған қыз балаларының көбі жаздың желігімен желкілдеп, ойнап жүріп от басып қалады екен. Оның зардабы қандай болатынын өздеріңіз де білесіздер. Буыны қатпаған баланың тәні де, жаны да өмір бақиға жараланады.
Қыз баланың тәрбиесі жайында мақал-мәтел де көп, нақыл сөз де көп. Ой маржанынан сүзіп аламын дегендерге…
Ал қызымызды мың бір бәледен қалай сақтаймыз? Қандай әрекет етеміз дегенге айтарым бар.
✅Алдымен сырласу керек!
Ақыл айтып, зеку емес, әңгімелесу керек.
✅Әкесінің алдында ашық-шашық жүрмеуін қадағалау керек!
Әкесінің алдында именген қыз баласы өзге ер-азаматтың алдында да өзін қалай ұстау қажеттігін білетін болады.
✅Сұраусыз үйден шықпауы керек!
Сіз жұмыста болған кезде де сұранбай үйден шықпағаны жөн. Осы тәртіпке бойын үйрету керек.
✅Дос-құрбыларын білу керек!
Әсіресе, балиғат жасқа толып ересектікке өтер кезеңде (переходный возраст) балаңыз сізден гөрі ортасына көбірек құлақ аса бастайды. Кіммен жүр, кіммен қыдырады, достарының аты-жөні кім? Ата-ана осыны міндетті түрде білуге тиіс.
✅Қызы бар үйге кім көрінген келмеуі керек!
Қызыңның арын ойласаң, осыған мұқият бол!Бұл қыз балаңның достарына қатысты ғана емес, өзіңнің айналаңдағы дос-жаран, туыс-жекжатқа да қатысты. Қызың бойжеткенде араласатын адамдарыңды “реттеп” алған абзал болады.
✅Балаға артық ақша берудің дымға қажеті жоқ. Берген қаражаттың есебін алып отырған ләзім.
“Менде болмағанды балам көрсінші” деп кей ата-ана сұрағанын бере береді, ал ендібіреуі баласына уақыт бөліп, назар аудармағанның орнын ақша беріп толтырғысы келеді. Қалтасына артық ақша түскен бала денсаулығына зиян дүниелерді алып ішіп-жеп жатады. Электронды темекі, синтетикалық есірткіге елітіп жүргендері қаншама?! Осының бәрі ата-ананың баласына көңіл бөлуді, “тәйт” деуді қойғанынан болып отыр.
✅Қызыңызға сырттан біреу сын айтса, құлақ асу керек! ”Өзін жөндеп алсын! Маған ақыл айтқаны несі, тәйірі?!” демеңіз. Ата-ана көбіне өз баласының мінін көрмейді, болмаса “сен неге жұрттың баласындай емессің” деп жүндейді. Халқымызда қызға қырық үйден тыйым болғанын ұмытпайық және адекватты түрде баламен әңгімелесіп мәселені анықтап алып шара қолдану керек.
✅Бойжетіп келе жатқан қыз балаға оның ең басты байлығы — былғанбаған ары екенін ашық айтып түсіндіру керек. “Қызым-үйде, қылығы — түзде” демекші, кешқұрым орталықтағы саябаққа барсаңыздар, 13-14 жастағы ұл-қыздардың аймаласып отырғанын көресіздер. “Осылардың ата-анасы бар ма өзі?” деп жағамды ұстаймын, құр қарап өтпеймін, жақтырмаса да ескертемін. Қазір қыздар жігіттерге өздері сөз айтатын болған, бұны ұлдарымнан жиі естимін. Жігітпен қарым-қатынаста қыз бала өзін арзандатпағанын қалаймын.
❗️Өз ұлдарыма өзін бағаламайтын қыздардан аулақ болыңдар! Ал бір қызды жақсы көріп, көңілдерің ауып жатса, сол қызға сөз келтірмеуді ойлаңдар деймін. Әрбір ұл тәрбиелеген ата-ана мұны да айтуы керек!
P.S. Қыз — ұлтымыздың ары. Ертең ұрпақ тәрбиелейтін ана. Сол үшін де ұлт болып қызымыздың арын қоруға тиіспіз!