Қытай құрамасына үш жолдама сыйлаған қазақ бапкерін білеміз бе?

РИО ОЛИМПИАДАСЫ: Қытай құрамасына үш жолдама сыйлаған қазақ бапкерін білеміз бе?20160326115615

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен аптада елорда төріндегі «Дәулет» спорт кешенінде күрес түрлерінен Азия елдері арасындағы Рио Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынды.

Онда жерлестеріміз еркін күрестен – 4, грек-римнен – 1, әйелдер күресінен – 4, жалпы 9 жолдаманы жеңіп алды.

Азияның 30-ға жуық елінен келген 168 балуан Рио Олимпиадасының 36 жолдамасын өзара бөліске салды. Астана төрінде Қазақстаннан кейінгі ең көп жолдаманы Қытай мен Жапония елінің балуандары олжалады. Қытай құрамасы еркін күрестен -1, әйелдер күресінен -1, ал грек-рим күресінен 3 бірдей жолдамаға қол жеткізді. Ал жапондықтар болса, еркін күрестен -2, қыздар күресінен – 1, грек-рим күресінен 2 жолдаманы қанжығаларына байлады.

Бұл сандарға көз жүгірте отырып, грек-рим күресінен Қытай құрамасының көші ілгері екенін байқау қиын емес. Әлемді экономикалық тұрғысынан ғана емес, соңғы жылдары спорт жетістіктерімен де таңғалдырып жүрген көршіміздің құпиясы неде?

Жалпы Астана төрінде грек-рим күресінен ең көп жолдаманы жеңіп алған ел – Қытай. Ал екінші, үшінші орындарды екі-екіден жолдама иеленген Жапония мен Қырғызстан түйіндеп тұр. Ал Қазақстан, Иран, Үндістан, Оңтүстік Корея елдері бір-бір жолдамаға ғана иелік етті. Алайда, Қытайдың грек-рим балуандары үш бірдей жолдаманы жеңіп алса да, жергілікті жанкүйерлердің аса бір қолдап қуаттағанын байқаған жоқпыз. Керісінше еркін күрестен иеленген жалғыз жолдамасына қол соқпаған көрермендер қалмады. Өйткені, күрестің бұл түрінен Қытай қоржынына жүлде сыйлаған балуан сол елде тұратын қандасымыз Ерланбек Кәтейұлына деген құрмет еді. Барлық БАҚ өкілдері Ерланбек бауырымызды батырға теңеп жарыса жазды. Өкінішке қарай, Қытайдың грек-рим күресінен 3 жолдамаға иелік етуінің ар жағында тағы бір қазақтың үлесі жатқанын мұндағы жанкүйерлердің брі білсе, бірі білген жоқ. Міне, Қытай балуандарының грек-рим күресінен көш бастауының құпиясы осы жерде жатқаны айдан-анық деп нық сеніммен айтуға болады.

Грек-рим күресінен Қытай ұлттық құрамасының бапкері – Әлнұр Төргеұлы. Осыдан төрт жыл бұрын да Астанаға Қытайдың Ұлттық құрамасын бастап келген болатын. Биыл да елорда төріне Қытайдың ұлттық құрамасын осы бауырымыз алып келіп, қоржындарына бір емес үш бірдей жолдаманы салды. Қытай балуандары қазақ азаматының арқасында осындай ірі жеңіске жеткені анық. Жарыстан кейін Әлнұр бауырымызды әңгімеге тарттық. Бүгін сол сұхбатымызды оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– Әлнұр Төргеұлы, Астана төріне осымен екінші мәрте Қытай балуандарын бастап келіп отырсыз. Алайда, сізді мұндағы спорт сүйер қауымның бірі білсе, бірі біле бермейді. Өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз.

– Мен арғы беттегі Іле аймағы Құлжа қаласының тумасымын. Грек-рим күресінен Қытай ұлттық құрамасын жаттықтырып жүргеніме біраз уақыт болып қалды. Негізгі балуандарды баптау менің мойнымда десем артық айтқаным емес. Өздеріңіз көріп отырғандай, өзім жаттықтырған балалардан іріктеп алып келген спортшыларым 3 жолдаманы жеңіп алды. Бұл қатал тәртіп пен тынбай жаттыққан еңбектің жемісі. Маңдай тердің өтеуі. Жігіттерім үмітімді ақтады.

 Қатал тәртіп, қажырлы еңбек деп айтып кеттіңіз. Спортшыларға ең бастысы тәртіп керек пе, әлде еңбек  керек пе?

– Мүмкін біреулер келісе қоймас. Менің ойымша, ең бастысы – тәртіп. Тәртіп болмаған жерде жемісті еңбек те болмайды. Жалпы, тәртібі жоқ кез келген жұмыстан ешқашан нәтиже болмайды. Сондықтан мен әрқашан тәртіпті басты орынға қоямын.

– Қытайда аз ұлттар үшін «ұлттық құрамаға кіру Олимпиаданы бағындырумен тең» деп естиміз. Бұл шындыққа қаншалықты жанасады?

– Әркім әр түрлі айтатын шығар. Әрине, қиын! Бұрын КСРО кезінде қазақ спортшыларына ұлттық құрамаға кіру қандай қиын болса, бүгінгі таңда Қытайдағы аз ұлттар сол елдің ұлттық құрамасына кіруі де соншалықты қиын деуге болады. Бірақ, айырмашылығы КСРО шын мықты мен шын таланттың иесін тобықтан қақты. Көріп тұрса да көрмеуге тырысты. Ал Қытайда олай емес. Миллиардтан қара үзіп, өзіңді дәлелдесең, ұлттық құраманың есігі ашық.

– Біреулер Қытайдың ұлттық құрамасына спортшы болып жете алмай жүр. Ал сіз қалай бапкер болып барып жүрсіз?

– Қытайды білесіздер, өте еңбекқор халық.  Және ісіне адал, қолынан іс келетін адамдарды ешқашан кеудесінен қақпайды, аяғынан шалмайды. Қытай соңғы жылдары өздерінде кенжелеген спорт түрлеріне шетелдерден мамандар тарта бастады. Шеттен ғана емес, өз елдерінің ішінде жүрген талантты мамандарды да назардан тыс қалдырмады. Сол ел ішінен іздеген мамандардың бірі ретінде мені де шақырды. Шақырған соң өз үлесімізді қосуға кірісіп кеттім. Қазір Қытайдың грек-рим күресіне үлес қосып жатқаныма бес жылдан асып барады. Жаман емес, бар білгенімді балуандарға үйретіп жатырмын. Мінеки, нәтижесін өздеріңіз де көрдіңіздер.

– Қытай ұлттық құрамасына санаулы қазақтан шақырту алғаныңызға қарағанда, өзіңіз де спорттың бұл түрінен біраз биіктерді бағындырған боларсыз?

– Біз қазақ «балуан халықпыз, күрес қазақтың қанында бар, бабаларымыз балуан болған» деп мақтанып жатамыз. Мақтанатын жерде мақтанғанға не жетсін. Балуан елдің баласы болғандықтан мен де күреспен ерте айналыстым. Небәрі 3-сынып оқып жүргенде күрес табалдырығын аттадым. Ес біліп, етек-жеңімді өзім жия алатын жасқа келгенде Алланың бұйрығымен 1992 жылы Алматы қаласына келіп, сол кездегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернатына оқуға түстім. Сол кезде нағыз күрестің не екенін білдім. Кейін, Қытайға қайтып барып, ішкі біріншіліктеріне қатыса бастадым. 1995-1996 жылдары Қытайдың біріншілігін қатарынан екі мәрте жеңіп алдым. Соның арқасында 1996 жылы Қытай өздерінің ұлттық құрама командасына қабылдады. Қытай құрамасында жүріп, Әлем, Азия біріншіліктерінде жарқын жеңістерге жеттім. 2004 жылы Грекияның Афины қаласында өткен Олимпиада ойындарында Қытайдың атынан екі қазақ өнер көрсеттік. Бірі – белгілі боксшы бауырымыз Қанат Ислам, екіншісі грек-рим күресінен мен болдым. Бірақ, сол Олимпиадада бағым жанбай 13-орынға табан тіредім. Міне, бұның барлығы айтуға жеңіл болғанымен, спортшы үшін ұзақ жылдық еңбек, үлкен тәжірибе. Осыны ескерген Қытай еңбегімді бағалап, өздерінің батысында жатқан шекаралық аймақтан мені астанасына шақырып алып, шәкірт тәрбиелеуге ұсыныс жасады. Қазір өз ісімді адал атқарып жатқан жайым бар.

– Қанатпен бірге Олимпиадаға барғаныңызды айтып кеттіңіз. Бірақ, боксшы ініңіз Бейжің Олимпиадасынан кейін Қытайдың ұлттық құрамасын тастап, Қазақстанға кетіп қалды. Бұл кейінгі қазақ спортшыларының өрлеуіне кедергі болып жатқан жоқ па?

– Ешқандай кедергі келтіргенін байқағаным жоқ. Керісінше, Қытайда қазақ спортшыларына деген сұраныс күн санап артып келеді. Оның ең басты себебі – қазақ балаларда тәртіп бар. Жеңіске деген құштарлығы мен қайсарлығы басым. Сондай-ақ, қазақ балалары кең далада, көк жайлауда таза ауамен тыныстап, қазы-қарта жеп, айран-сүт ішіп өскен халық емес пе?! Олардың күш-қуаты ішкі өлкедегі қытайларға қарағанда әлдеқайда жоғары болатынын қытайлар өздері де жақсы біледі. Қазақтарға тек физикалық тұрғыдан көп еңбектену керек. Бұрын кейбір қазақ бауырларымызда қара күш қаншалық көп болғанымен техникалық әдіс-тәсілден жұтаң болды. Енді-енді күш пен техниканы ұштастырып жатыр. Болашақта ол жақтағы қандастарымыз арасынан әлі де талай мықтылар шығатын болады.

Қытайдың еркін күрестен ұлттық құрамасында Ерланбек Кәтейұлын көріп қуанып жатырмыз. Енді өзіңіз тізгіннің бір ұшын ұстап отырған грек-рим күресінен қашан қазақ баласын көретін боламыз?

– Ол күндер де алыс емес. Қазір қолымнан келген бар мүмкіндікті жібермеуге тырысып жатырмын. Қытайларды қызықтырып отырғанымыздың өзі бабамыздан жалғасқан батырлығымыз, балуандығымыз. Сондай-ақ, қазақ жастарының имандылығы, тәрбиелілігі, жаттығуға жауапкершілікпен қатысып, белсенді жұмыс жасайтындығы. Бұйырса, грек-рим күресінен де әлі талай қазақ балалары биіктерді бағындыратын болады.

– Астана төрінде грек-рим күресінен жолдамалар саны жағынан көш бастадыңыздар. Қазақ елінің балуандарына қандай баға бересіз?

– Қазақстан грек-римнен жалғыз жолдама алды екен деп, жалпы қазақ балуандарын кінәлауға болмайды. Жарыста жеңіс пен жеңіліс егіз. Алда әлі екі лицензиялық жарыс бар. Бұл жолы бағы жанбағандардың келесі жолы бағы жанатын болады. Жалпы, қазақ елінің спорты өте жоғары деңгейде дамыған деп үлкен сеніммен айта аламын. Жалғыз ғана мысал, Лондон Олимпиадасында әлемді қалай таңғалдырды. Алдағы Олимпиадада да сол көрсеткішті қайталауына тілектеспін.

20160326115653

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

20160326115657

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сұхбаттасқан Күнсұлтан Отарбай