«Қазақ спорты тарихында журналистің отбасынан шыққан Олимпиадашы жоқ екен»

Төртжылдықтың айтулы аламаны Рио Олимпиадасына бір айдан аса ғана уақыт қалды. Қазір ел спортшылары байрақты бәсекенің 100 жолдамасына иелік етсе, олардың қатарында жамбылдық жампоздар да аз емес. Әрине, «баласы атқа шапса, үйде отырып  тақым қысқан» халықпыз. Сондықтан, қазір дүйім жұрттың көзі Рио төріндегі байрақты бәсекені күтуде.

Осы орайда бір айта кетерлігі,ел мерейін үстем етіп, көк байрағымызды көкте  желбіретіп жатқан толағайымыздың дені қаладан шыққан өрендер. Солардың қатарында облыс мақтанышы Олжас Сәттібаев бауырымыз  да бар.Міне, осы саңлағымыздың жарыс алдындағы дайындығын білмек мақсатта спортшының әкесі, облыстың бас басылымы – «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлымен тілдескен едік.

 Көсәмілі Сәттібайұлы– Көсемәлі аға, алдымызда төртжылдықтың байрақты бәсекесі Рио Олимпиадасы тұр. Сол аламанда жерлесіміз  Олжастың бақ сынауға  мүмкіндік алуы облыс үшін үлкен абырой. Айтыңызшы, аспан асты елінде өткен лицензиялық жарыста ұлыңыз жолдамаға қол жеткізгенде қандай күйде болдыңыз?

Ол сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ел болып, бәріміз Олжастың тілеуін тілеп, тақымқыстық. Әрине, жарыс қожайыны қытайлықтар болғандықтан, белден басушылық болатынын іштей сезгенбіз. Солай да болды. Жеңісті төрешілер қытайлыққа берді. Алайда, ұлым шешуші сәтте қырғыз боксшысына мүмкіндік бермей, өзінің мықтылығын дәлелдеді. Жиырма жылдық спорттық  жолында тұңғыш рет Олимпиада жолдамасына қол жеткізді. Әрине, қуанышымызда шек болмады.  Мен мұны Олжастың талай жылғы еңбектің әділ бағасы деп ойлаймын. Әрине, ұлымның спорттық жолында талай әділетсіздіктер болды. Бірақ, ол соған мойымай, өзін төрткүл әлемге танытты.  Осы орайда, облыс басшысына, бапкерлеріне және тілеулес болған барлық қазақстандықтарға алғысымды білдіргім келеді. Өйткені, олар бізбен бірге әр жекпе-жекте толқып, ұлымның әр жеңісіне қуанды.

– Десе де, Қытайдағы  лицензиялық жарысқа о баста Ілияс  Сүлейменов барады деп күтілген еді. Алайда, күтпеген жерден Олжас бауырымыз аттанды. Осының сыры неде?

Ілияс пен Олжастың арасындағы бәсекелестік басталғанына жеті жылдай уақыт болды. Дана қазақ бәйгеге тұлпар шапқанда «үзеңгі қағыстырып келді» дейді ғой. Сол сияқты, екеуінің арасында сәл ғана айырмашылық бар. Сондықтан, Қытайға қайсысы барса  да, сенім үдесінен шығатыны анық еді. Дегенмен, ұлттық құраманың бас бапкерінің шешімімен лицензиялық жарысқа Олжас аттанды. Ал шындығына жүгінсек, өз ұлым болғаннан соң мақтап отырған жоқпын, Олжастың Ілиястан шеберлігі сәл де болса артықтау. Оны екеуінің арасындағы жекпе-жекті көрген кез келген адам айтады. Олжастың жылдамдығы, бүйірден, одан басқа ұрып, қорғанысқа көшіп, қайта  соққы  жасау шеберлігіне риза боласың. Ал Ілиястың төпелеп ұру сияқты өзіндік  артықшылығы  бар. Бірақ, менің ұлым жекпе-жектерінің барлығын әділ, тактикалық тұрғыда өткізгісі келеді.

Ілияс Лондон Олимпиадасына барды. Содан бері ол 52 келісалмақта бірінші болып келеді. Дегенмен, ұлым шын жүйрікке тұсау жоқ екенін аспан асты еліндегі дүбірлі додада дәлелдеді. Сондықтан, Олжастың 52 келі салмақта лицензиялық жарысқа баруы заңдылық  деп есептеймін.

lh6fsgrRILU– Қазір Олжас Олимпиадаға дайындық үстінде екені белгілі. Жалпы, жаттығулары қалай өтіп жатыр?

– Жақында ғана олар Біріккен Араб Әмірлігі елінен демалыстан келді. Мұндай тынығу  боксшылардың физикалық тұрғыдан қалпына келуі үшін өте қажет.Міне, осы демалыстан кейін ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов бастаған боксшылар қазір Алматы облысы Талғар ауданы аумағындағы бокс академиясында жаттығып жатыр. Шілде айының 11-не дейін осында жаттығып, одан кейін 17 шілдеден бастап дайындықтарын Астана қаласында пысықтайды. Ал, шілденің 28-і күні Рио-де-Жанейроға  ұшады.

Әке ретінде айтар болсам, қазір Олжастың көңіл күйі  өте жақсы. Мен оған «Риодағы қай жекпе-жегің болмасын финалдағы шешушісәттегі жекпе-жек сияқты аса жауапкершлікпен, ерекше ерік-жігермен, намыспен, барыңды салып өткіз»  деп ақыл-кеңесімді беріп жатырмын.

– Риода Олжастың салмағында бәсекелестік жоғары  болатыны белгілі. Айтыңызшы, ұлыңыздан Риодан  жанкүйер ретінде қандай жетістік күтудесіз?

Биыл Олжас АІВ рейтингі бойынша алпыс боксшының ішінде ондыққа енді. Бұл үлкен жетістік. Десе де, әлемнің кіл мықты боксшылары бақ сынайтын бәсекеде шаршы алаңға шыққалы тұрғандықтан, үміт пен күдік қатар тұрады. Олай дейтінім басқа да мықты боксшылар жетерлік. Сондықтан, Риода  ұлымның бағы мен бабы қатар жануын тілеймін.

Кезінде Бақтияр Артаев Афина Олимпиадасына аттанып бара жатқанда  вокзалдан шығарып салып, содан түн ортасында үйге келіп Олжастың анасына «кемі қола жүлде болады» деп болжап, тілектестігімді білдіріп едім. Айтқанымдай,  Бақтияр биіктен көрініп келді. Енді өз ұлым Олимпиадаға бара жатқанда қандай медаль болса да қуанышым шексіз болатынын айтудамын. Қазір Олжасқа да соны жеткізіп, ең бастысы ел намысын абыроймен қорғап кел деп отырмын.

Өйткені, Афинадан  кейін Жамбыл боксының  Олимпиадада  жұлдызы жанбапты. 

– Жасыратыны жоқ, ел намысын әлемдік ареналарда қорғап жүрген спортшыларымыздың  басым бөлігі жұмысшы отбасынан шыққандар. Ал, жазушы, журналистің шаңырағынан Олимпиадаға барған ел мақтанышы қазақ тарихында жоқ екен. Өйткені,  көп жағдайда шығармашылық адамдарының балалары әке жолын қуып жатады.   Олжастың спорт жолын таңдауына не түрткі болды?

Атақты Тайсон кедей отбасынан шыққан. Яғни, мұндай балалар бар мен жоқтың қадірін біліп, барлық жағдайға шынығып өседі. Біздің елден шығып жатқан чемпиондарымыздың дені де жұмысшыотбасында тәрбиеленген жастар. Мәселен, Бақтияр Артаевтың әкесі Ғарифолла марқұм жүргізуші болды. Екеуміз жақсы сырлас едік. Ал, Ермахан Ыбраймовтың әкесі өмір бойы мал баққан  шопан адам. Болат Жұмаділовтың та әкесі зауытта еңбек еткен.  Қарап тұрсаңыз, барлық атақты спортшыларымыз жұмысшы адамдарының балалары. Бірақ, жазушы, журналистің отбасынан шыққан Олимпиадашы, қазақ спортының тарихында жоқ екен. Сондықтан, Олжастың биылғы жетістігін менің ғана емес, бүкілқолына қалам ұстаған қаламгерлер мен журналистердің қуанышы деп есептеймін. Мүмкін, осыдан кейін көптеген әріптестерім ұл-қыздарын боксқа беретін шығар. Өйткені, мен өзімнен басқа журналистердің де ұл-қыздары да Олимпиадашы спортшылар қатарынан болуын тілеймін жәнеәрбір журналистің отбасынан Олжастай саңлақтар шығуына тілектеспін.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов