Қазақ халқының этно-мәдени дәстүрлері

Қазақ халқының жүздеген жылдар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, рухани мәдениеті, этносқа тән дүниетаным аясы бар. Евразия кеңістігінде еркін көсілген, ұлан-ғайыр кең байтақ даланы мекендеген қазақ халқының өмірі, тұрмыс-тіршілігі жүздеген, мыңдаған жылдар бойы табиғатпен тікелей байланысты болды. Табиғаттың «қас қабағына» қарау, табиғат құбылыстарына қарай отырып, алдағы айлардың ауа-райы жағдайын болжау дәстүрі, көне дәуірлерден бастап қалыптасқан. Қазақ жұрты Көк тәңіріне, Жер-анаға бас иіп табынады. Ерте дәуірлерде өмір сүрген, қазіргі қазақ жұртының арғы ата-бабалары, ғарышты, аспан әлемін танып білуде, этносқа тән өзіндік дүниетаным түсініктерін қалыптастырды. Атырау, Жайық бойын, Тайсойған, Нарын құмдарын мекендеген қазақ жұртының да ғасырлар бойғы өзіндік, ұлттық таным-түсініктері қалыптасты. Этносқа тән таным-түсініктер, наным-сенімдер жазылмаған заң секілді, кең байтақ сахараны мекендеген еркін қазақ жұртын уыздай ұйытқан, бас идіріп бағындырған құдіретті күш болды. Қазақ жұрты, көне дәуірлерден қалыптасқан ата-бабаларының әдет-ғұрып заңдарын, жөн-жоралғыларын, салт-дәстүрін, таным-түсініктерін, наным-сенімдерін ерекше қастерлеп, қадір тұтып, қасиеттеп бұлжытпай орындап, келер ұрпақтарға жалғастырып отырды.

Табиғатқа байланысты қалыптасқан этностық дүниетаным  ұғымдары

        aiДалалық жағдайында көшпелі тұрмыс кешіп, мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқының бар өмірі жер-анамен, табиғатпен тікелей байланысты болып өрбіді. Сол себептен де табиғаттың қас-қабағын бақылау, жылдың, айдың, күннің, аптаның есебін мұқият жүргізіп отыру, мұндай мақсат үшін арнайы көріпкел адамның болуы көнеден қалыптасқан дәстүр. Бұндай адамдардың аузынан шыққан сөзді бүткіл ел ұйып тыңдайтын болған. Мұндай адамдар жазып, сызбай-ақ өздерінің ішкі болжамдарымен қыс айларының қатты, не жылы болатындығын, жаз маусымының ыстық, қуаң немесе қоңыржай, жауынды-шашынды, шөбі шүйгінді, малға жайлы болатындығын алдын ала есептеп, болжай білген. Егер алдағы уақытта қыс қатты болып, жаз айы ыстық болса, елді алдын ала сақтандырады.

         Алдағы уақыттағы қыс айлары қатты, борандау, аязды болып келіп, малдың тебіндеуіне қиындықтар туғызатындай жағдайлар жаз, күз айларында сезіліп, байқала бастаса ел-жұрт жылы аймақтарға көшеді. Біздің өлкемізде қыс айларында көшпелі қазақтар: Тайсойған, Нарын, Бүйрек құмдарын, теңіз жағасын, Жайық бойындағы тоғайлықтарды паналаған. Әсіресе, Тайсойған құмын «кіші жүзге» қарасты көптеген рулар мекендеп, қыс қыстаған. Тайсойған құмы қыс айларында қандай малға да тебін болатын, аязы, бораны жоқ, өрістегі малға жайлы, жылы, оты мол, құйқалы жер. Жазық далалықта боран соғып, аязды болып тұрса да, Тайсойған ішінде жылылық, жауған қар ақ ұлпа күйінде сақталады. Ал, құм ішіндегі нулы, тоғайлы жерлер мүлде жып-жылы болып тұрады. Тайсойған құмының ішіндегі мұндай жерлерге тап болғанда, өзіңді үш ай тоқсан қыста емес, қоңыржай күзде жүргендей сезінесің.

Тайсойған құмын адамзат баласы ерте дәуірде мекендей бастаған. Құм ішінде, құм жиегінде ата-бабаларымыз мекендеген көне қалашықтар мен елді-мекен іздері, орындары археологиялық ескерткіш ретінде мемлекет есебіне алынған.

         Этносқа тән салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, наным-сенімдері мен таным-түсініктерінің қалыптасып дамуына жүздеген, мыңдаған жылдар керек болды. Қазақ халқының өмірі, тұрмыс–тіршілігі жүздеген, мыңдаған жылдар бойы табиғатпен тікелей байланысты болды. Табиғаттың «қас-қабағына» қарау, табиғат құбылыстарына қарап отырып алдағы айлардың ауа райының жағдайын болжау дәстүрі көне дәуірлерден бастап қалыптасқан. Қазақ жұрты көк тәңіріне, жер-анаға бас иіп табынады. Көне дәуір қазақтары ғарышты, аспан әлемін танып білуге, этносқа тән өзіндік дүниетаным түсініктерін қалыптастырды.

     Қаңтар айы

       қысҚаңтар айы қыс айларының ішіндегі аязы мен бораны көп болатын, қар көп жауатын ай. Атырау өлкесін мекендеген қазақ жұрты қаңтар айын бұрынғы уақыттарда «Дәлу» айы деп атаған. «Дәлу» мен «Қаңтар» атаулары қатар қолданылған. Ел аузында бұл айды «тентек дәлу» деп те атаған. Себебі, бұл айда боранды-шашынды сәттер жиі болып тұрған. Бір мезет аяз болса, бір мезет түтеген  боран соғады. Желтоқсан айының аяғында теңескен күн мен түн, қаңтар айында өзгере бастайды. Бірте-бірте күн ұзара береді. Бұл айда күн шамамен бір сағатқа жуықтап ұзарады, яғни күннің жарықтық кезеңі ұзарып молаяды. Осы уақытты сипаттайтын, ел арасында: «Қаңтарда қарға адым ұзайды» деген сөз тіркесі қалыптасқан.

         Қазақ жұртының көне таным түсінігіне сәйкес, әрбір айға сипаттама беру барысында, айдың өн бойында кездесетін табиғи құбылыстар мен өзгерістер негізге алынып, ескерілетін болған. Қаңтар айы аяқтала келе ақпан айына тапсырады екен. «Көк тоқтыда құйрық қалды, әй бірақ сен көңілшек едің, ештеңе бітірмейсің-ау» дейді екен. Ақпан айында, яғни «құт» айы кейде жақсы, кейде қатты қыс болып кететін болған.

Ақпан айы

         Ақпан айы күнтізбе бойынша қыстың соңғы айы болып саналады. Алайда, ақпан бітісімен бірден күн жылынып, көктем болып кете қоймайды. Атырау-Жайық елінде бұрынғы кездерде бұл айды «Құт» айы деп атаған. Қазіргі күнтізбе бойынша «құт» айы ақпанның 14-нен басталады. Ақпан айының 14-і «құттың бір жаңасы»  деп аталған. «Құт» айы халық түсінігінде жақсы ай болып саналады. Бірақ, әр жылда әр қалай болып келеді. Бір жылдары ақпан айы жылы болып келсе, кей жылдарда боранды-шашынды, аязды болып келеді. Бұл айды халық «Жақсылыққа бақса құт, жамандыққа бақса жұт» деп бағалаған. Құт туғанда көлденең жатқан бір тал шөпке «жан» енеді дейді халық. Қыста ұзақ ұйқыға кететін аңдар, құт туа ұйқыларынан оянды. Табиғат ана жайлап жандана бастайды. Құттың айы туысымен көп кешікпей «Талқан қазан» амалы келеді. «Талқан қазан» амалы кезінде ұйқыда жатқан саршұнақтар оянып, індерінен шығып көрінеді. «Талқан қазан» амалының басында саршұнақтар 2-3 күн көрініп кетеді. Егер алдағы күн жылы болатын болса жиі-жиі көрініп тұрады. Ал, егерде алдағы күн салқындап суытатын болса, онда саршұнақтар көпке дейін көрінбей кетеді. Кейбір жылдарда ақпанның аяғына таман «құт» айының ішінде ерте көктем шығатын жылдарда болады. Ерте келетін көктем құт айында белгісін бере бастайды.

Наурыз айы

       көктем  Наурыз айы ерекше ай. Халықтың сағынышпен аңсап күтетін айы. Бұл ай «Наурыз» мерекесінің айы. Бұл айды бұрынғы уақыттарда «Қамал» айы деп те атаған.

         Наурыз қазақ салтында көрісетін ай. Наурыздың алғашқы 3-4 күні мереке сипатында өткен. Ағайын-тумаға, үлкен кісілерге арнайы барып, көрісетін болған. Қазақ халқының өзгеріске ұшырамай сақталған салттарының бірі – көрісу. Біздің елде көрісу 14 – наурыздан басталған.

         Көрісу – қазақ халқының ұлттық мерекелерінің бірі болып саналады. Көрісуге келген адамдарға арнайы қонақ асы беріледі. Қысқы соғымның сүр еті асылады. Шаруасы күйлі адамдар көрісуге келгендерге арнап мал сояды. Көрісу кезінде қазақтар арнайы қонақтар шақырады. Ақпан айының екінші жартысы мен Наурыз айының бірінші жартысы аралығындағы уақытты «Ұзын сары» деп атаған. Бұл күннің ұзақтығына байланысты айтылған. Қазақтар қысқы соғымның етінен «көрісуге және ұзын  сарыға» деп арнайы ет сақтаған. Наурыздың ортасынан ауа шамамен 18-ші наурыздан бастап мұздың көбесі сөгіліп сең жүре бастайды.

         Наурыз айының аяғына таман келетін амал – «Қара Иван» деп аталады. Бұл бір күндік амал. Наурыздың 22-23 аралығында болып өтетін амал. Жып-жылы болып тұрған күнде қыстақтағы малын аралауға жеңіл киіммен, тарантас арбамен шығып кеткен. «Қара Иван» деген орыстың байы боранға ұшырап, үсіп өледі. Бір күндік соқпа боранға тап болады. Сол уақыттардан бастап бұл амал «Қара Иван» деген атпен қазақ жылнамашыларының есебіне қосылған.

«Отамалы»

         Қыстың соңы мен көктемнің басталар шағында келетін бірнеше күнге созылатын амал. Ел аузында: «От амалы ойылған қыс» деген сөз тіркесі бар. Ойылған қыс деуінің мәнісі ара—арасында қыстың күніндей қар жауып, аяз тұрып, боран соғуы мүмкін. От амалының соңына қарай ара-кідік жаңбыр жауып, күн райы жылына бастайды. Ықпыл-жықпылы мол, құмдауыт, құмды жерлерге, ойпаң, сайлы жерлерге шағылдарға көк шығып, тез көтеріле бастайды.

         Ел аузында: «Отамалы ойылған қыс», «Сәуір – санды қыс», «Сарыатан-зауза, сенен де қорқам» деген қанатты сөз тіркестері қалыптасқан. Өмірдің өзінен туған мұндай мағыналы сөздер  әрбір айға берілген табиғи сипаттама секілді. Жылдың төрт мезгіл маусымында келетін адамдардың жекелеген өзіндік ерекшеліктерімен, басқа да сыр-сипаттарына арналған әңгімелер қалыптасқан.

«Бесқонақ»

         Сәуір айында келетін негізгі амалдардың бірі. Жалпы наурыз бен сәуір айлары амалдармен, ауа райының тез өзгергіштігімен ерекшеленді. Жазғытұрымғы мезгілдің алғашқы күндері, қыс ызғары мен жаз лебінің өлара шағы. Алты ай қыс, алты ай жаз мезгілінің орта кезеңі. Бесқонақ амалы жөнінде ел аузында көптеген әңгімелер қалыптасқан. Бесқонақты Атырау өлкесінде «бес ескі, бес жаңа» деп те атайды. Наурыздың соңғы бес күнімен сәуірдің алғашқы бес күні бесқонақ кезінде ауа райының өзгеруі өте тез болып тұрады.

                                             Сәуір айы

         Барлық тіршілік тынысы жер анамен тікелей байланысты қазақ халқының аңсай күтетін айы. Сәуір айы өзімен бірге жаз лебін, жылылық лебін ала келеді. Сәуір жақсылық пен жылылық нышаны. Қазақтар арасындағы, ел аузында қалыптасқан: «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген сөз тіркесі, сәуір айының халық берген анықтамасы іспетті. Сәуір туа қазақтар ықтырма жығып, төр жайлауға көше бастайды. Сәуірдің 18-де қазақтар бұрынғы уақыттағы қалыптасқан дәстүр бойынша ықтырма жығатын болған. Ықтырманың жығылуы жаз маусымының басталу сәтін білдіреді. Ауа райын қадағалап отыратын қазақтың жылнамашы есепшілері, сәуір айының туысынан жаз айларының қалай болатындығын болжаған. Сәуір айы 6 ай қыспен, 6 ай жаздың аралық кезеңі. Сондықтан, кей жылдарда сәуір айының өн бойынан қысқа тән салқындық, күзге тән қоңыржайлық, жазға тән жайдары жайма шуақ күндер кездесіп тұрады.

Сәуір айы тіршілік дүниесінің көктеп көгеретін, жаңғырып жаңаратын, қайтадан түлейтін, табиғат дүниесінің гүлденетін айы. Бұл айда шаруа баққан қазақтың бір малы екеу, екі малы төртеу болып, еңбек қуанышына кенелетін уақыты. Сәуір – ырыс, берекенің, молшылықтың басталар шағы. Бұл ай адам жанының да ерекше күйге түсіп, жақсылық жылы сезімдерге бөленетін уақыты. Сәуір айы – қайнаған дүние тіршілігінің ерекше аласапыран, ерекше қозғалыстағы уақыты.

Құралай

         Мамыр айының соңын ала басталып, бас шілдеге дейін созылатын амал. Бұл кезде бірқатар салқындықта болады. Құралайдың күндері жаңбырлы болып келеді. Ара-арасында жел тұрып, ауа райы жиі-жиі өзгеріп отырады. Осы кезде даланың еркесі киіктер лақтайды. Қазақ халқы киіктің лағын ежелден «құралай» деп атаған. Амал кезінде табиғатта жиі-жиі өзгерістер болып отырады. Тымырсық, ыссылық, жел, жауын-шашын болып тұрады. «Құралай» амалының уақыты көбінесе салқын, жауынды-шашынды болып келеді.

Қазақ жұртының таным-түсінігінде киіктің лағы құралай – сұлулықтың, әсемдіктің, пәктіктің символы. Қазақтар қыздарының есімдерін – Құралай деп қойған. Қазақ халқында Құралайға байланысты сөз тіркестері көптеп кездеседі. Мысалы: «Құралайды көзден атқан мерген», «Құралай сұлу», «Құралай көз» және т.б. Құралайды қазақтар сұлулықтың, пәктіктің белгісіндей, табиғат ананың ерекше бір құбылысы ретінде бағалаған.

«Бас шілде»

       жайлау  Шілде айының бастапқы он күні. Бірақ, әлі нағыз шілденің басталмаған кезі. Бас шілде «Құралайдың» соңын ала келеді. Бас шілде кезінде қапырық ыстық болады. Бас шілденің кейбір күндерінде хан шілдеден кем емес ыстықтар болады. Қайсыбір жылдары бас шілденің күндері қоңыржай болып өтеді. Ел арасындағы ауа райын бақылайтын есепшілер, бас шілденің қалай өтуіне қарап, шілде айындағы күн райын болжайтын болған. Бас шілденің соңын ала шөп шабу науқаны басталады. Алғашқы орақ: «шытыр», «қоңырбас» секілді тез қурап кететін шөптерге түседі. Осы кезде қыста туған қозылар «бағлан», «марқа» болып көтеріліп қалады.

Шілде

         Жаз айларының ішіндегі ең ыстық уақыт. Ел аузында негізінен «қырық күн шілде» – деп аталады. Күннің ыстығы әртүрлі деңгейде болады. Малға да, жанға да жайлы күндер алма кезекті келіп тұрады. Таңертеңнен кешке дейін аптап ыстығы басылмайтын күндер де болады. Мұндай ыстықты күндерден кейін түнгі уақыт немесе кешқұрымғы кезде жаңбыр жауатын кездерде болады. Шілде айының өзіндік ерекшеліктері, өзіндік жақсылықтары көп. Бұл айда шабындық шөбі пісіп, толысып, төл марқайып, егін алды жетіліп шаруа жағдайы жақсарады, халықтың қазаны тоғайып молшылық болады.

«Таразы-Сүмбіле»

         Бұл айларда алтын күздің белгісі білініп, дала ерекше көріністе болады. Таразы, сүмбіле айларының өн бойына өзіне тән ерекшеліктері бар. Қазақ халқы: «Таразыда таң суиды, сүмбіледе су суиды» – деп бұл айлардың өзіндік ерекшеліктеріне баға берген. Бұл айларда шөп буыны қатайып, құнарлығы күшейеді. Егін толысып піседі. Піскен егінді жинаудың алғашқы кезеңі басталады. Таразы, сүмбіле айлары шаруа еңбегінің қызатын айлары.

Мизам шуақ

         Ел аузында «мизам шуақ» деп аталып кеткен бұл күндер қыркүйектің 10-15 – терінен басталып, қазан айының да біраз уақытын алатын шуақты, ашық-жарықты, жанға жайлы ерекше күндер. Бұл кез алтын күздің, ерекше әдемі, айрықша күндері. Осы күндерде мизам шуақ күндерінің белгісіндей – ауада мизамның ақ торғын сүмелектері ұшады. Ақ жібек жіптей шұбатылған ұзынша ақ сүмелектер немесе мизамдар ауада қалқып ұшады. Мизам күндерінде ара кідік шілденің күніндей ыссы күндер де кездеседі. Мұндай күндерді «мизамның шағырмақ ыссылығы» деп атайды. Қазақ малшылары: «мизам айын малдың семіретін «пұл» болатын айы» деп санаған. Қойшылардың да баққан қойлары семіріп, шаруалары жақсаратын уақыт. Сонымен қатар, осы уақытта «мизамның шағырмақ ыссылығы» кезінде семіз қойлардың құйрықтарына құрт түседі. Мұны: «Мизамның ойма құрты» – деп атаған. Бұл уақыттарда жәрмеңке, базарларда сауда-саттық қызып, мал айырбасы көбейеді. Бұл кезде қазақтың көгендегі қозылары қой болатын, «сіргелі» бұзаулары сиыр болатын кезең.

Қазан айы

       күз  Қазанда табиғат мүлде өзгереді. Бұл жиын-теріннің, қарбалас тіршіліктің айы. Кей жылдарда қазан айы жылы, шуақты болып келеді. Кейбір жылдары салқын болып кетеді. Бұл айда қыс ызғары сезіле бастайды. Қазан айының басы «үлкен қазан» амалының кіруімен басталады. Айдың екінші онкүндігінде «кіші қазан» амалы болып өтеді. Амалдар кейде тыныш, жақсы болып өтеді. Шаруа қуып, егін салып, мал баққан қазақ халқы үшін қазан айы: жиын-теріннің жинақталып, малдың семіретін айы. Қазан айының ішінде түнгі уақытта сыртта қалған судың қатуына байланысты алдағы қыстың бағытын, бағдарын, қыс салқындығының кірісі мен шығысын болжаған.

Қараша  айы

         Қараша айы аумалы-төкпелі болып келеді. Қараша айында ауа райы тез өзгеріп отырады. Бұл айда сақылдаған сары аязы бар қыста болып кетеді. Айдың басында «қараша» құстар қайта бастайды. Қарашаның жылы жаққа ұшуы бірнеше күндерге созылатын құбылыс. Бұл уақыт жауынды-шашынды болады. Қараша айының басында келетін амалды қазақтар бірнеше кезеңдерге бөледі: «Қарашаның қанат қағары», «Қарашаның қанат жуары», «Балалы қарашаның ұшуы» және тағы басқа атаулармен атаған. Осы кезде, бұрынғы уақытта, қырдан құс аулау басталады. Түнде жауған мұздақта үлкен құстардың қанаты қатып қалады. Қанаты қатып қалған құс қапелімде көтеріліп кеткенше аулаушылар қамшымен ұрып алады. Мұндай аңшылық дуадақ, қараша сияқты ірі құстарға жасалады. Қарашада жауған қар қанша күн жатса сонша ай қыс болады деген қазақ жұртында болжам қалыптасқан.  

Қараша айындағы құс аулау

         Қараша айында ауа райы жауын-шашынды болып тұрады. Бірде жаңбыр жауса, енді бірде қар жауады. Кей уақыттарда қар аралас жаңбыр жауады. Осындай күндерде жиі-жиі мұздақ болып тұрады. Осы уақыттарда қырлықтағы дуадақ, қараша секілді ірі құстарға аңшылық басталады. Құс аулаушылар таңертеңгі уақыттарда, жарық болмай далаға шығып кетеді. Қырға құс аулауға шығатындар күні бұрын аттарын дайындайды. Шапқанда аттың аяғына оралғы болмас үшін, ат құйрығы шарт түйіледі. Мұндай аңшылық-саятшылыққа көбіне ұшқыр аттар мініледі. Айнала тегіс жарық болғанда құс аулаушылар, құстар түнемелікке қонып ұшатын аймаққа жетеді. Аңшылар құстар көтеріліп ұшып кеткенше, ірі құстардың бірнешеуін қамшымен ұрып алады. Мұздақтан қанаттары қатып қалған құстар қапелімде жедел көтеріліп ұшып кете алмайды. Мұндай саятшылық түрі өте сирек кездесетін жағдай.

Желтоқсан айы

         Желтоқсан қыс айларына жатады. Қазақтардың есебі бойынша жылдың он екі айы: алты ай қыс, алты ай жаз болып бөлінеді. Алты ай қыстың екінші айы желтоқсан. Желтоқсанды кіші жүз елі бұрынғы уақытта «жедді» айы деп те атаған. Бұл айдың өзіндік ерекшеліктері көп. Қыстың бірте-бірте күшіне ене бастайтын уақыты. Желтоқсан әр жылда әрқилы болып келеді. Бір жылдарда ашық-жарық, борансыз, шашынсыз, жанға жайлы, шаруаға қолайлы болып өтеді. Бұл айдың тағы бір ерекшелігі, қазақтар бұл айда соғым союды бастайды. Қазақтардың ұлттық мерекелерінің бірі соғым мерекесі немесе «соғым басы» мерекесі деп аталады.

   Соғым сойылған үйлер бірін-бірі қонаққа шақырып мерекені тойлай бастайды. Қонақтық кезінде ән-жыр айтылып, күй тартылып, қонақтықтар өткізіледі. Жыр-толғаулар тыңдалады. «Соғым басы» мерекесі кезінде «соғымнан дәм татқызу», «соғымнан ауыз тигізу», «соғымнан сыбаға беру» секілді игілікті рәсімдер жүзеге асырылады. Мұндай мерекелік салт-дәстүрлер Атырау-Жайық өлкесінде әлі күнге дейін сақталып келеді.

«Киіктің бұрқағы»

         Желтоқсан айының бастапқы кезінде келетін амал. Шамамен бір апта уақытқа, кейде одан да көп мерзімге созылып кетуі мүмкін. «Киіктің бұрқағы» кезінде ауа райы боранды, бұрқасынды болып тұрады. Бұл уақыт киіктердің шағылысатын, күйекке түсетін мезгіл. Киіктердің өзіндік ерекшелігі сол, олар қыстың боранды, бұрқасынды кезінде күйекке түсіп шағылысады.

Ауа райының кейбір құбылыстары

         Қазақтың күн жадын бақылайтын есепшілері, жұлдызшылары табиғаттағы құбылыстар, жануарлар әлеміне тағы да басқа жағдайларға қарай отырып ауа райын болжаған.

                               *            *           *

         Күзде қайтқан құстар төмен ұшатын болса, алдағы қыс жылы әрі жайлы болады. Егер құстар жоғары ұшса қыс салқын болады.

                               *            *           *

         Кешкілік күн көкжиекті қызылға бөлеп, қызарып батса, ертеңгі күннің ашық, жауын-шашынсыз болуының кепілі. Егер кешкі күн көкке батса алдағы күндердің жауынды-шашынды болатындығының белгісі.

                               *            *           *

         Табиғатты қадағалап зерттеп отырған қазақ есепшілері, қараша құстардың қайтқанда қалай ұшып бара жатқанын бақылап алдағы қыстың ауа райын болжаған.

                               *            *           *

         Қараша құстар тым биік әрі қаз-қатар ұзын тізбек құрап ұшса, онда алдағы қыстың салқын болатындығының белгісі.

                               *            *           *

         Ал, егер қараша құстар ұйлығып, ұйысып, ұйытқып ұшатын болса, алдағы қыстың боранды күндерінің жиі болатындығынан хабар береді.

                               *            *           *

         Таңертеңгі күннің шығуымен, кешкі күннің батуын барлап, қазақ есепшілері ауа райын жобалап отырған.

                               *            *           *

         Егер қысты күні таңертеңгі күн құлақтанып шықса, алдағы күндер: борандатып, суытып бұзылады.

Таңертеңгілік  күннің  құлақтануы

         Таңертеңгілік күннің құлақтанып шығуын жақсы ырымға жорымаған қазақ жұрты: «Ертеңгі күн құлақтанса, еліңді жау шапқандай қорық» деген сөз тіркесін қалыптастырған. Бұл ауа райының салқындығына байланысты айтылған халық пікірі.

Кешкі  күннің  құлақтануы

Жалпы күннің құлақтануы өте сирек кездесетін жағдай. Кешкі күн көкжиекке жақындағанда, кешкі күннің құлақтанғаны байқалады. Күннің кешке қарай құлақтануын қазақ жұрты жақсыға жорыған. Кешкі күн құлақтанса алға қарай ауа райы жақсы болып, халықтың жағдайыда түзелетін болған. Ел аузында: «Кешкі  күн құлақтанса келінің ұл тапқандай қуан» – деген сөз тіркесі қалыптасқан. Мұндай сөз тіркесінің пайда болуының өзі кешкі күн құлақтанғаннан кейін жағдайдың жақсаратындығынан хабар береді.

Құстардың табиғат өзгерістерін сезінуі

Әрбір құстың өзіндік ерекшеліктері мен айрықша қасиеттері бар. Адамдардың басты міндеті әрбір құстың бойындағы табиғи қасиеттерін дұрыс аңғара білу. Олар берген хабарды дер кезінде қабылдап сезіне білу.

                               *            *           *

Күз және қыс айларында суық торғайлар үй маңында топталып ұшып қонса, бұл алдағы күннің салқын болатындығының белгісі.

                               *            *           *

Жаз мезгілінде бұлтты күндері «қарлығаштар» жер бауырлай ұшса, жаңбыр жауады.

                               *            *           *

Қыс айларында, күз бен көктем кезінде күн суытар алдында сауысқан үй маңында, қора-қопсы төңірегінде болып, шиқылдап белгі беріп жүреді.

Ай   мен   көрісу

 Қазақ халқының ерте дәуірлерден келе жатқан әдет-ғұрыптарының бірі, жаңа туған ай мен көрісу. Жаңа туған айдың бес-алты жаңасы болғанға дейін, жаңа аймен көрісу рәсімі өтуі керек. Одан қалса кеш болып саналады. Негізі бұрынғы қалыптасқан ғұрып бойынша жаңа басталған айдың екі-үш жаңасында жаңа туған аймен көрісу әдет-ғұрпы басталған айдың алғашқы аптасының аяғына дейін созылады. Ай мен көрісу рәсімі кешкі іңір кезінде болады. Жаңа туған айға қарап, жиналған адамдар бір тізерлеп отырады. Жиналған топтың ішінде жасы үлкен кісі болса көрісу рәсімін сол кісі бастайды. Аймен көрісуге жиналған адамдар бір тізерлеп отырған жағдайда көрісу сөздері айтылады. Жаңа аймен көрісу сөздерінің негізгі бағыты, алдағы айдан амандық, есендік тілеу.

–      Жаңа ай көрдім,

         Аман көрдім.

         Жаңа ай жарылқа,

         Ескі ай есірке…

– Не тілесе қабыл ет

         Жаратқан ием…

Ай мен көрісу сөздері үйлесімді, ұйқастары келіскен өлең түрінде болып келеді. Бұрынғы уақытта қазақтар ай мен көрісу рәсіміне үй-ішін, бала-шағасын түгелдей қатыстыратын болған. Ай мен көрісуге ерекше маңыз берген. Себебі, қазақ халқының бар өмірі, тұрмыс тіршілігі табиғатпен, жермен, көкпен, қоршаған ортамен тығыз байланысты. Айдың туысының өзінде көптеген мән-мағына болған. Айдың туысына қарап отырып алдағы ауа райын, табиғат құбылыстарын болжаған. Қазақ халқының дүниетаным философиясы бойынша әрбір айдан жақсылық күткен. Әрбір жаңа ай елге, жерге, халыққа, әрбір жекелеген шаңыраққа, отбасына жақсылық әкелсін деп тілеген.

«Шыбынсыз жаз»

 Қазақ жұртында көнеден келе жатқан сөз тіркесі. Ауа райына байланысты қалыптасқан. Қыс кезіндегі, күзгі  уақыттағы ауа райының ерекше жылы күндері. Мұндай күндер көп ұзақ болмайды. Сирек болады. Малға да, жанға да жайлы күндер – қазақтар ауа райының мұндай сирек кездесетін жайлы да, жылы күндерін – «шыбынсыз жаз» деп атаған.

«Май тоңғысыз күн»

 Бұл сөз тіркесі көнеден келе жатқан ерекше мағыналы ұғым. Бірақ, сирек қолданылатын сөз тіркесі. Мұндай сөз тіркестер көбіне-көп қыр жайлаған малшылар арасында сирек те болса қолданылып тұрады. Май тоңғысыз күндер қыс айларында болады. Бұл қыстың кезіндегі өте сирек кездесетін жылымық уақыт. Кей уақыттарда кештіғұрымғы кезде, түнгі уақытта жанға жайлы жып-жылы кештер болады. Мұндай уақытты «май тоңғысыз кеш» деп айтады. Осындай «май тоңғысыз» кештердің артының «қансонарға» ұласып кететін кездері болады. Мұндай күндердің 2-3 күнге, кейде тіпті бір аптаға созылатын уақыттар да болып қалады. Табиғаттың мұндай ерекше құбылыстары өте сирек кездесетін жағдай.

«Қансонар»

         Біздің өлкемізде қыс айларында болып тұратын қыс айының өзіндік ерекше күні. Мұндай күндер негізінен өте сирек кездеседі. Қансонар кезінде саятшылар аңға шығады. Ертеңгі күннің қансонар болатындығын аңшылар кештіғұрым сезіне бастайды. Аңға шығатындар бірімен-бірі хабар алысады. Кештіғұрым бірімен-бірі хабарласқан саятшылар таңертеңгі аңға шығатын уақыттарын белгілейді. Негізінен аңшылар «Қансонарға» таң әбден атқасын, айнала тегістей жарық болған кезде шығады. Кәнігі аңшылар аңның жүріп өткен ізіне қарап, қашан жүріп өткенін, қай шамадан кездесетінін жобалап айтады. Қыстың мұндай күндері «үп» еткен жел жоқ, тымық, айнала мүлгіген тыныштықта болады. Кей жылдарда қыстың мұндай күндері үш-төрт күнге созылып кететінде жағдайлар болады. Мұндай созылып кеткен қансонар күндерін – «Ұзақ қансонар» деп атаған. Қансонардың ең қызықты сәті – алғашқы басталған уақыты. Дәлірек айтқанда қансонардың алғашқы төрт-бес сағаты, аңшылықтың ең тамаша сәті.

Қыс  айларында  кездесетін  табиғат  құбылыстары

«Қыстың жаз ысығанынан без…»

         Қыс айларында әртүрлі табиғи құбылыстар болып тұрады. Қазақ халқының этностық таным-түсінігіне сәйкес, әрбір құбылыстың атауы беріліп, табиғат күнтізбесіне тіркеліп отырған. Қыстың айларында кездесетін табиғат құбылыстарының бірі – ақпан айында күннің күрт жылынып кетуі. Кәдімгідей көктем келіп қалғандай күн райы тез жылынып, қар ери бастайды. Табиғаттың мұндай көрінісі кей жылдарда алдамшы болып келеді.  Мұндай құбылыс үш-төрт күнге немесе бір апта уақытқа созылады. Жел оңтүстіктен соғып, қар біршама еріп кетеді. Ел-жұрт көктем келгендей елеңдеп қалады. Бұндай алдамшы жылы күндердің артынан аяз болып, қайтадан қыстың салқын күндері басталады. Мұндай күндері қазақтар: «Қыстың жаз ысығанынан без» деп айтқан.

«Күншығыстан  тұрған  қызыл  жел»

 Ақпан айы қыстың соңғы айы болып саналады. Айдың алғашқы он күндігінің соңын ала басталатын жел. Бұл жел күншығыстан соғады. «Күншығыстан тұрған қызыл жел» деп аталып кеткен осынау жел оншақты күнге созылады. Адамды да, малды да мезі қылатын суық, өткір жел. Қазақ халқында: «Күншығыстан тұрған қызыл жел» деген сөз тіркесі қалыптасқан. Мұндай сөз тіркесі – адамның берекетін алатын  жағымсыз жағдайларға байланысты айтылған.

   «Күншығыстан тұрған қызыл жел» – оншақты күннен асып ұзақ соғатын болса, қыстың салқындығы да ұзағырақ болады. «Күншығыстан тұрған қызыл жел» – жыл сайын қыс айларында болып тұратын табиғаттың ерекше бір құбылысы. Кейбір жылдың қысында ұзақ, кейбір жылдың қысында қысқа болып өтеді. «Күншығыстан тұрған қызыл жел» неғұрлым ұзақ болса, қыста соғұрлым ұзақ болады.

Ерсайын Өміров,

тарихшы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі