Қасиетті үш ай: Режеп, Шағбан, Рамазан

Мінеки, дінімізде мүбәрак саналған үш айға да келіп жеттік. «Режеп», «Шағбан», «Рамазан» барша мұсылман әлемінде қасиетті айларға жатады. Олардың діни ерекшеліктері жайында көп деректер бар.

Қасиетті үш айлар бізді терең ойларға жетелейді. Айталық, бойымызды бойкүйездендірген сырқаттан сауығу үшін дәрігерге қаралып, құлан-таза айығып кетуді қаншалықты қаласақ, жан дүниемізге селкеу түсіріп, рухымызды күйзелткен, көңілімізге кірбің келтірген күнәларымызды жуып-шаю үшін де соншалықты өкініш білдіруіміз керек емес пе? Мұндай жағдайда не істейтінімізді бірге ойланып көрейікші. Ислам деректерінде күнәлардан арылу үшін өкініш білдіруді «тәубе» және «истиғфар» дейді. Тәубе-истиғфар айтуды тілмен бірге діл-көңілмен ұйып, ынты-шынтымен мойынсұну біршама уақытты талап етеді. Тәубе мен истиғфарды ұдайы жасаудың өзіндік алғы шарттары да жоқ емес. Тәубе етудегі белгілі кезеңдер біздің шын мәнінде өкініш білдірумізге, тәубені бар күш-жігер рухымызбен жасауымызға септігін тигізеді. Ал, қасиетті күндер мен түндерді біздің тәубе-истиғфарды табиғи түрде жасауымызға зор мүмкіндік беретін шақтар десек болады. Бұл шақтар мұсылмандардың күнәларынан арылып, жақсылық пен әсемдікке шынайы және тікелей жол тартуына зор мүмкіндік тудырады. Бұл қасиетті күндер мен түндерде адам ешбір дәнекерсіз өз жан-дүниесімен Ұлы Жаратушыға жалбарынып, Алланы еске алып, тәубе-истиғфар етіп күнәлармен бірге келмеске кеткен ішкі ізгі-сезімдеріне қайта ие болуға күш салады. Осылайша, қасиетті күндер мен түндерде жасаған құлшылығымыз бір күні алдымыздан мол қазына болып шығады.381362_1380352935_130_75_0 (1)

Қасиетті күндер мен түндерде ерекше назарға алатын жайттардың бірі өмір сүрген ортамыздағы қоңсыларымыз бен жақын дос-жарандарымыз, әріптестер мен күнделікті қарым-қатынастағы адамдармен бірге болуымыз болып табылады. Өйткені, біз бір өлкені мекендегендіктен, бір сенімде болғандықтан, бір тудың астында болуымыз шарт. Дегенмен, базбір мәселелерге деген көзқарасымыз мен түсінігіміз әр түрлі болуы әбден мүмкін. Мұндай әркелкі ұстанымдар, біздің ішкі жан-дүниеміздің түрлі таным мен деңгейде болуына байланысты. Әйтсе де, сан түрлі ерекшеліктеріміз бола тұра, бір-бірімізді дос санай аламыз ба? Айналамызға әрбір істе әділдік тұрғысынан үлгі болып жүрміз бе? Әртүрлі өзіндік ерекшелігіміз бола тұра, әрбір игі һәм тура істе бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара аламыз ба? Көршілеріміз бен жұмыс орындағы әріптестермен немесе тәлім-тәрбие берген адамдарымызға шынайы сенім білдіре аламыз ба? Біз жұрт қалтықсыз сенетін, өмірі мәнді, әрбір адаммен жақсы қарым-қатынас жасайтын, сәлемі түзу, кішіге ізетті, үлкенге құрметті, жарқын жүзді, жұмсақ тілді, қиындықты бірге көтеріскен мейірбан адамдармыз ба?

Қасиетті күндер мен түндерде бұл сұрақтарға жауап іздеп, көпшілік ортадағы өз болмысымызды сын көзінен өткізсек, өз-өзімізді жаңаша түлетуге мүмкіндік тудыртатынымыз сөзсіз. Адам баласы күн өткен сайын өзгеріске ұшырап отырады. Мұндай жағдайда өзгеріс жақсы, жағымды тұрғыдан болып жатса құба-құп. Қасиетті күндер мен түндер де бізге игілік тұрғысынан қақпаларын ашып, біздің ғұмырымыздағы кедергілерді жойып, табысты болуымызға оң әсер етеді.

Үш айдың қасиетті болуы Рағайып пен Миғраж түнінің режеп айына, Бәраат түнінің шағбан айына, Қадір түнінің рамазан айына дөп келуіне тікелей байланысты.

Бұл жайлы Қасиетті Құран Кәрім аяттары мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірі мен мүбәрак сүннеттерінен мол мәлімет алуға болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) рамазан айымен қатар режеп, шағбан айларында ауыз бекіткен. Режеп айы кіргенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

اَللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ وَشَعْبَانَ وَبَلِّغْنَا رَمَضَانَ

«Раббым, режеп пен шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді рамазанға аман-есен жеткізе гөр!»[1] деп дұға тілейтін.

Қасиетті үш ай режеп айымен басталады. Ал режеп Ислам діні келмей тұрып та құрметті ай болған. Ислам діні келісімен бұл айға деген құрмет күшейе түсті. Мұны қасиетті Құран Кәрімде:

يَسْأَلُونَكَ عَنِ الشَّهْرِ الْحَرَامِ قِتَالٍ فِيهِ قُلْ قِتَالٌ فِيهِ كَبِيرٌ وَصَدٌّ عَن سَبِيلِ اللّهِ وَكُفْرٌ بِهِ وَالْمَسْجِدِ الْحَرَامِ وَإِخْرَاجُ أَهْلِهِ مِنْهُ أَكْبَرُ عِندَ اللّهِ وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنَ الْقَتْلِ وَلاَ يَزَالُونَ يُقَاتِلُونَكُمْ حَتَّىَ يَرُدُّوكُمْ عَن دِينِكُمْ إِنِ اسْتَطَاعُواْ وَمَن يَرْتَدِدْ مِنكُمْ عَن دِينِهِ فَيَمُتْ وَهُوَ كَافِرٌ فَأُوْلَـئِكَ حَبِطَتْ أَعْمَالُهُمْ فِي الدُّنْيَا وَالآخِرَةِ وَأُوْلَـئِكَ أَصْحَابُ النَّارِ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ

«Олар сенен тыйым салынған айда соғысуға бола ма? – деп сұрайды. Сен оларға бұл айда соғысу – үлкен күнә, – де. Ал адамдарды құдай жолынан тайдыру, күпірлік келтіру, Мәсжид-әл-харамда (ғибадат етуге) тосқауыл болу, ол жерден адамдарды қуып шығару – құдай алдында таудай үлкен күнә. Бүлік жасау – кісі өлтіруден де ауыр қылмыс. Олар (мүшрік кәпірлер) сендерді діндеріңнен бездіргенше тоқтамай, сендермен күресе береді. Сендерден кімде-кім өз дінінен безіп, кәпір болып өлсе, оның істеген әрекеттері бұл дүниеде де, қияметте де түкке тұрмайды. Олардың орны – тозақ, онда олар мәңгі қалады»[2], – дейді.

Бұл қасиетті айлардың қадірін осы аяттар анық аңғартады.

Режеп айында қасиетті екі түн бар. Айдың алғашқы жұмасы Рағайып түніне, ал жиырма жетінші түні Миғраж түніне сай келеді.

Рағайыптың сөздік мағынасы «рағибә» сөзінің көптік мағынасын береді. Ал рағибә «жауһар, құнды, бағалы, игілік» деген мағыналарға келеді. Осыған байланысты «Ләйлә Рағайып» тіркесін «жақсылық пен игілікке толы және аса құнды, ерекше бағалауды қажет ететін түн» деп түсінеміз. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түні адамның жан сарайына шуақ берер амалдар жасап, нұрлы сырларға қанығып, Ұлы Жаратушыға мадақ келтіріп, шүкіршілік жасап, дұға, кешірім тілеп, намаз оқыған.

Сөздік мағынасына қарар болсақ, бұл түн рухани тұрғыдан берекеге толы, яғни осы себептен мұсылмандар ерекше қадірлейтін түн болып табылады. Бұл мүбәрак түннің ерекшелігінің бірі, «Қасиетті рамазан айының келетіндігінен хабар беруінде. «Режеп, шағбан, рамазан» айлары бірінен соң бірі келіп, мұсылмандар өз – өзін қадағалап, біртіндеп тақуалықтың шыңына шыға алады. Режеп айының алғашқы жұма түніндегі бұл Рағайып мейрамы халық арасында айлардың сұлтаны деп танылған рамазан айын, көңіл мен рухты және сананы кір қоқыс, қияс ойлардан арындырып, бір тамаша аппақ айдын көңілмен бастауға әзірлену керектігін мұсылмандарға бейне рух тілімен хабарлайды.

Демек, Рағайып түні мұсылмандар үшін рухани салмағы зор қасиетті Рамазан айының келетіндігін алғаш болып сүйіншілеген рух хабаршысы секілді десек болады. Психологиялық тұрғыдан мұның зор мағынасы бар; өйткені мұндай психологиялық ауқымы кең, салмағы батпан қасиетті түнде адам руханият көгіне шығу үшін тыңғылықты рухани дайындық жасап, әрбір күндік құлшылықтарын, қайырлы істерін, жеке басының және отбасылық жауапкершілігін, қоғамдық ортадағы іс-әрекеттерін ой елегінен өткізіп, өз-өзіне есеп береді. Сөйтіп, Рағайып түнін қастерлей білген адамның бойында жақсылық жасауға және жаманшылықтан аулақ болуға деген асқақ та, асыл сезім пайда болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзіне қарсы дұшпан болған жабайы тобырмен табанды күрес жүргізген шақта, қасиетті Миғраж (түнгі серуен) орын алған еді.

Миғраж сапары – сенімді дерек көздеріне қарағанда Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621 ж.) бұрын болған. Режеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратуышымен ерекше суретте қауышып, тікелей байланысқа шыққан болатын.

Қасиетті айлардағы сауапты амал турасында Айша анамыз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):

وَ عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا قَالَتْ لَمْ يَكُنِ النَّبيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَصُومُ مِنْ شَهْرٍأَكْثَرَ مِنْ شَعْبَانَ فَإِنَّهُ كَانَ يَصُومُ شَعْبَانَ كُلَّهُ وَفِي رَوَايَةٍ كَانَ يَصُومُ شَعْبَانَ إِلَّا قَلِيلاً

«Шағбан айындағы секілді көп ораза тұтқандығын көрмедім», – дейді[3].

Айша (р.а): Алла елшісі (с.ғ.с.) Рамазанға дейін шағбан айын толықтай оразамен өткізетін. Сонда мен: «Уа, Расулалла! Шағбан сіз үшін айлардың ең сүйіктісі ме? Сол үшін ораза тұтасыз ба?», – деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, бір жыл ішінде бақилық болатындардың тізімі осы айда жазылады. Сондықтан да менің де ажалымның құлшылық үстінде жетуін қалаймын».

Ибн Нәжжардың риуаятында: «Айша! Бұл айда ажал періштесі жаны алынатындардың тізімін жазады. Менің де атым ораза тұтқан кезімде жазылғанын қалаймын» деген еді[4].

Алланың сүйікті елшісінен не үшін шағбан айында көп ораза тұтатындығы сұралғанда: «Шағбан – амалдар Алла тағалаға ұсынылатын ай. Мен де амалдарымның ораза тұтқан кезімде ұсынылғанын қалаймын. Шағбан – адамдардың басым көпшілігінің рамазан мен режеп айларының ортасында мән бермей кететін ай. Мен ол айды босқа өткізгім келмейді», – деп жауап берген[5].

Шағбан айының маңыздылығы туралы:

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِىَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سُئِلَ قَالَ رَسُولُ اللّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَيُّ الصَّوْمِ أَفْضَلُ بَعْدَ رَمَضَانَ ؟ قَالَ: شَعْبَانُ لِتَعبَانَ رَمَضَانَ، وَأىُّ الصَّدَقَةِ أَفْضَلُ؟ قَالَ في رَمَضَانَ.

Әнас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.ғ.с.) «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?», – деп сұралғанда, ол: «Рамазанға құрмет ретінде шағбан айы», «Қай садақа абзал?», – дегенде, «Рамазан айында берілген садақа», – деп жауап берді»[6].

Мүбәрак шағбан айының 15-түні – Бәрағат кеші. Бұл түнде періштелер жер бетіне түседі, дұғалар қабыл болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түннің маңыздылығын былайша түсіндіреді:

«Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ауыз бекітіңдер. Өйткені, Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Рызық сұраушы бар ма, берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін» деп таң шапағы атқанға дейін рахымын төгеді».

Тағы бір хадисте:

«Алла тағала шағбан айының он бесінші түні (Бәрағат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мената-анаға қарсы шыққандар мен басқаларды кешіреді»[7].

Бұл түнді ислам ғұламалары «Мүбәрак», «Кешірім», «Сақ» (кешірім, пәрмен, рахмет) секілді атаулармен атайды. Берекелі, рухани, шуақты, құтты түн болғандықтан «Мүбәрак», күнәлардан тазаруға ерекше мән берілсе, рахымы мол Ұлы Жаратушының кешіруі мүмкін екендігі тарту етілгендіктен «Бараағат», мағынасына сай амалдар жасаса, Жаратушы сүйікті құлдарын ерекшелейтіндіктен «Сақ» (кешірімді), есіркеуші, жарылқаушы Ұлы Жаратушыға мойынсұнар шақ болғандықтан «Рақым» атаулары берілген. Қай жағынан алып қарасақ та, құттылық пен берекеге толы бұл түнді мұсылман жұртшылығы «Бараағат түні» деген атаумен ерекше мереке ретінде атап өтеді.

Пайғамбармыз (с.ғ.с.) кейбір сахабалардың Шағбан айының ортасында ораза тұтпағанына орай, сол күндердің қазасына Рамазан айынан соң екі күн ораза тұтуларын абзал көрген.

Мүбәрак күндер мен түндерді қалайша өткізу керек?

Ең алдымен мүмкіндік болып жатса, мүбәрак күндер мен түндерде намазды мешітте жамағатпен оқуға күш салған жөн. Бұл сауап әрі тамыр-таныспен қоса көрші- қолаңмен бірге бұл шуақты түнде бірге болып, сәлем сауқат сұрап, бір-бірімізге ізгі тілек тілеуге мүмкіндік аламыз.

Екіншіден, мұндай қасиетті күндер мен түндерде жас жеткіншек ұлдарымызбен қоса оң-солын таныған жастарымызды өзімізбен бірге мешітке апарар болсақ, олардың діни сезімі мен танымын арттыруға күш салған болар едік. Осылайша олар жамағат болудың, бірін – бірі демеп, қолдау білдірудің мәнісін ұғынып, бірлік деген ұғымды терең түсіне алар еді.

Үшіншіден, мүбәрак күндер мен түндерде ағайын-туыс, көрші қолаң, дос-жарандарымызға «Құдай тағала құттылық, береке жаудырсын» деп тілеп, бір-біріміздің қал-ахуалымызды сұрап, бір-біріміздің қайғы мен қуанышымызға, жеткен жетістіктеріміз бен өзге де мәселелерімізге ортақтаса алған болар едік.

Төртіншіден, мұндай қасиетті күндер мен түндерде мүмкіндігінше Құран оқумен, Құран тыңдаумен, Құран және хадис сұхбаттарына қатысып, уағыз-насихат тыңдап, көпшілікпен рухани ләззатты бірге бөліскен абзал. Әсіресе, Құран мен хадистердің мағынасын терең ұғынуыңыз, діни сауатыңызды арттырып, көзіңізді ашатындығы сөзсіз.

Бесіншіден, мұндай қасиетті күндер мен түндерде Ұлы Жаратушыны еске алып, тәубе-истиғфар жасап, дұға ету адамның құлдық санасын сәулелендіре түсері белгілі.

Алтыншыдан, қасиетті күндер мен кештерде шынайы ықыласпен намаз оқу, Ұлы Жаратушыға жақындата түседі. Себебі, құлдың Алла тағалаға ең жақын болған сәті, сәждеге бас қойған кезі. Намаз оқу – ең үлкен зікір. Сондықтан мүбәрак күндер мен кештерде шынайы жасалған ғибадаттың сауабы ерекше.

Жетіншіден, мұндай рухани күн мен кеште ұлттық бірлігіміз бен тұтастығымыз, ұлттың болашағы мен баяндылығы, туған жеріміз, бүкіл ислам дүниесі, қала берді күллі адамзат баласының қайғы мен қасыреттен аман болып, бақытты болуы үшін Ұлы Жаратушыға жан жүрегімізбен жалбарынуымыз шарт. Мұндай негізде таным көкжиегіміз жоғары болған болса, адамдық болмысымыз аласармай, тұлғалық тұрпатымыз биіктей түсетіні талассыз.

Сегізіншіден, мүбәрак күндер мен кештерде құлдық кейпімізді толықтай ой сүзгіден өткізгеніміз абзал. Әке – шеше ретінде, адал ұрпақ ретінде, қызметкер ретінде, оқытушы ретінде, шәкірт ретінде, басшы ретінде, қоңыстас ретінде қақымыз бен қызметімізді дұрыс атқарып жатырмыз ба? Осындай сындарлы сәтте кемшіліктерміз бен қателерімізді көз алдымызға келтіріп, көңіл сүзгісінен өткізуіміз, біздің алдағы уақытта табысты бола беруімізіге өз септігін тигізетіні анық.

Тағы бір баса ескерте кететін жайт, бұл айларда оқыған әрбір намаз жамағатпен оқылғаны жөн. Құран Кәрімде:

اتْلُ مَا أُوحِيَ إِلَيْكَ مِنَ الْكِتَابِ وَأَقِمِ الصَّلَاةَ إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاء وَالْمُنكَرِ

«Са­ған уахи етіл­ген кітап­ты оқып, на­маз­ды орын­да. Кү­дік­сіз, на­маз арсыздық пен жамандықтан тыяды» деп ескертеді[8].

Бұл мүбәрак айларда Алла тағалаға шүкіршілік етіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтуымыз керек. Өйткені, жүрек тек Алланы еске алғанда ғана жай табады. Ал дұғалар сәлем жолдау арқылы қабыл болады. Ұлы Жаратушы сәлем жайлы Құран Кәрімде:

إِنَّ اللَّهَ وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى النَّبِيِّ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْلِيماً

«Сөзсіз, Алла тағала және Оның періштелері әрдайым пайғамбарға салауат етеді. Ей, иман еткендер! Сендер де Оған (Мұхаммедке) салауат айтып, жан-дүниелеріңмен сәлем жолдаңдар!»[9].

Сәлемі қабыл болған адам сәтсіздікке ұшырап, сау басы саудаға түспейтіні анық.

Өткен жылы осы айларда арамызда болған кейбір бауырларымыздың бүгін ортамыздан табылмауы бізді толғандыруы керек. Ал келер жылы да осы айларға аман-есен жететінімізге кім кепіл. Адам баласы кейде «әлі жаспын» деп өлмейтіндей, қу дүниенің соңына түсіп, ғапылдыққа салынып жатады. Алайда, өмір қамшының сабындай қысқа. Ұлы Алла тағала адамзатқа бұл ғұмырда иманын сақтап, күшейтіп, келесі дүниеде мәңгі бақытты болу мүмкіндігін сыйлаған. Бұл қысқа ғұмыр соңында бақытты болып, соңғы демге дейін иманды болып өту қаншама амалдарды қажет етеді. Бұл амалдардың басы имандылықтан басталатыны белгілі. Сол себепті алдымен иманымызды күшейтуіміз қажет. Ол үшін сауапты іске ұмтылмақ керек.

Бұл мүбәрак айларда өзі келіп тұрған сауаптарды мүмкіндігінше жіберіп алмаған абзал. Мәңгілік өмірде бақытты болуымызды осы пәни дүние белгілейді. Егер де Алла тағаланың әмірлері мен тыйымдарына құлақ асып, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жолымен жүрер болсақ, нәтижесі жұмақ болмақ.

Ұлы Раббымыз режеп пен шағбан айларын мүбәрак етіп, рамазанға амандықпен жетуімізді нәсіп етсін.

Қалмахан Ержан,

ҚМДБ Уағыз-насихат және интернетпен 
жұмыс бөлімінің қызметкер

www.muftiyat.kz