Қарағанды облысында 55 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Қарағанды облысы инвестициялық жағынан тартымды болып қала береді. Осы жылдың жеті айында өңір экономикасына 320,2 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 90%-дан астамы – жеке инвестициялар.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттердің орындалуы талқыланды.
– 2022 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңде 1,3 трлн теңге сомасына 55 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, оның ішінде 16 – шетелдік қатысуы бар жобалар. Биыл 12 жоба іске қосылады, олардың ішіндегі ең ірілері – ресейлік “Татнефть” компаниясымен бірлесіп автомобиль шиналарын өндіру зауыты, Балқаштағы күн электр станциясы, агломерациялық фабриканың екінші кезеңі, катодты мыс өндіру зауыты және т.б., – деп баяндады өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбеков.

Ол болашаққа арналған жобалар тізімін жариялады. Облыста тұрмыстық техника, жезден жасалған бұйымдар, еден жабындары мен басқа да өнімдер шығаруды жолға қою көзделіп отыр. Бұл өндіріс пен шикізаттық емес экспорт көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Кеңесте Жолдаудың экономиканы дамытуға және халықтың табысын арттыруға бағытталған барлық тармақтары қозғалды.
– Экономиканың өсу қарқынын арттыру үшін жеке инвестицияларды тарту, тұрақты жұмыс орындары бар жаңа өндірістерді ашу бойынша жұмысты жандандыру қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. – Ауыл шаруашылығында жайылымдық жерлерді суландыру, тозған жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру керек. Субсидиялардың бөлінуі мен игерілуіне бақылауды күшейту қажет. Қалалар мен аудандарда инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру, жайлы орта құру ерекше назарда.

Жомарт Шаймұрат